Президент Тоқаев Ресей билігіндегі үшінші адамды қабылдады

1093
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Федералдық жиналысы федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Президент саясаткердің сапары Қазақстан мен Ресейдің көпжоспарлы стратегиялық серіктестігін барлық бағытта одан әрі арттыру үшін маңызды екенін айтты. Кездесуде сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері кеңінен талқыланды.

«Мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Жақында біздің елімізге Владимир Владимирович Путин мемлекеттік сапар жасады. Бұл стратегиялық серіктестікті, екі ел арасындағы одақтастықты дамытуға тың серпін берді. Мен екіжақты ықпалдастықтың болашағы зор деп ойлаймын», – деді президент.

Ресейлік саясаткер Валентина Матвиенко Қазақстанға парламенттік үлкен делегацияны бастап келгенін айтты. Ол Ресей Президентінің сәлемін жеткізіп, Владимир Путин Астанаға жасаған сапарының қорытындысын жоғары бағалағанын да мәлімдеді

«Ресей Президентінің Қазақстанға сапары өте табысты әрі нәтижелі болды. Ең бастысы, өзара тиімді және құрметке негізделген біздің ынтымақтастығымыздың қарқыны артып келеді. Қазақстан мен Ресей президенттерінің бірлескен күш-жігерінің арқасында екіжақты қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Тауар айналымы, инвестиция, өндірістегі ірі жобалар, энергетика, ауыл шаруашылығы секілді қай саланы алып қарасақ та, екі ел арасындағы берік стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың нағыз үлгісін көреміз», – деді Валентина Матвиенко.

Ресейдің Федералдық жиналысы федерация кеңесінің төрағасы 75 жастағы Валентина Матвиенко - елдегі билік иерархиясында мемлекеттегі үшінші адам болып саналады.

Пікірлер