"Мемлекетте қаржылық ресурстар шектеулі". Ұлттық банк төрағасы депозит туралы айтты

779
Adyrna.kz Telegram

5 желтоқсанда сенаттың пленарлық отырысында ұлттық банк төрағасы елімізде депозиттер бойынша мөлшерлемелердің жоғары екенін айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Ұлттық банк төрағасы 2022 жылы депозиттерге компенсация ұсынылғанмен, қазіргі мұның мүмкін емес екенін айтады.

"Сол кезде, естеріңізде болса, валюта курсы шамамен 400-ден 530-ға дейін құбылып отырды. Яғни жағдай мүлдем басқаша болды. Сол уақытта депозиттер бойынша мөлшерлемелер 8-9% аралығында болды. Мұнда адамдар 8-9% мөлшерлемемен депозиттерінде ақша сақтап отырды. Қазір бұған 15% мөлшерлеме қосылды. Бұл екі түрлі жағдай. Шын мәнінде, сол уақытта үкімет пен ұлттық банк адамдардың ақшаларын шығарып, доллар сатып алмауы үшін оларды ұстап тұрды.  Сондықтан мемлекеттік сыйақы беру қажет деп шешті", – деп мәлімдеді Сүлейменов.

Оның пікірінше, қазір депозиттер бойынша мөлшерлемелер жеткілікті дәрежеде жоғары болып тұр.

"Менің ойымша, бүгінде долларға қарағанда теңгеде депозит сақтау әлдеқайда тиімдірек. Сондықтан мұндай бағдарлама қарастырылмайды. Оның үстіне, ол үлкен фискалдық шығындарға әкеп соғады. Қазір мемлекетте қаржылық ресурстар шектеулі", – деп толықтырды ол.

Пікірлер