Сеулде кеше жарияланған әскери жағдай небәрі 6 сағатқа созылды. Оңтүстік Кореядағы саяси дағдарыс қалай өрбіді? Алда не болуы мүмкін? Бұл туралы Қазақстанның осы елдегі елшісі қызметін атқарған, қазір Кореяда зерттеумен айналысатын Хангук университетінің профессоры Дулат Бақышевтен сұрап көрдік.
Оңтүстік Кореяда кеше төтенше жағдай болды. Ел президенті Юн Сок Ёль халқына жолдау жасап, елде әскери төтенше жағдай жарияланған болатын.
Одан алдын Оңтүстік Корея президенті шұғыл кеңес өткізіп, өзіне импичмент жариялау әрекеті жасалғанын мәлімдеді. Ол оппозицияны елдің негізгі қызметтерін орындау үшін қажетті барлық маңызды бюджет қаражаттарын қысқартты деп айыптағаны да БАҚ-та хабарланған. Ал кеше осы тартыстың соңы Солтүстік Кореядағы коммунистерден қорғану ретінде түсіндіріліген әскери төтенше жағдай жариялануына себеп болған.
Оңтүстік Кореяның ақпарат агенттіктерінде оппозициялық Демократиялық партиясы әскери жағдайды «конституцияға қайшы» деп бағалап, оны халыққа қарсы әрекет деп сынады. Оппозиция жетекшісі Ли Джэ Мен президенттің шешімін қатаң айыптап "Юн Сок Ель енді президент емес," – деп мәлімдеді. Саясаткер ел азаматтарын парламент ғимаратына жиналып, демократияны қорғауға шақырған. Әскер оппозицияны парламентке өткізбеуге тырысты. Арасында қақтығыс болғаны да айтылды.
Оңтүстік Корея парламенті президент Юн Сок Ель жариялаған әскери жағдайды 4 желтоқсан күні тоқтатты. Ұлттық ассамблеяның кешкі отырысында 300 депутаттың 190-ы президенттің шешімін заңсыз деп тауып, оны алып тастауға дауыс берді. Оған дауы бергендердің ішінде президенттің жақтастары да бар.
Парламент шешімінен кейін Сеул көшелерінен әскери техникалар алынып, парламент ғимараты маңындағы әскерилер мен полиция бөлімшелері шегінді.
Елдегі саяси ахуалға байланысты 2012-2018 жылдары Қазақстанның Корея Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі болған, қазір де осы елде ғылыми зерттеумен айналысатын, Хангук университетінің Орталық Азия кафедрасының профессоры Дулат Бақышевті сөзге тарттық.
- Президентке «арналған» импичменттің нақты себебі қандай?
- Осыған дейін импичмент жариялауға заң шеңберінде нақты себеп табылмай келе жатқан. Енді оппозиция үшін “қолайлы” сәт туған сияқты. Себеп те табыла қалды... Бірақ, бұл – саясат, яғни саяси текетірес. Оның қалай және немен аяқталарын тек уақыт қана көрсетер...
- Кеше жағдайдың ушыққанын айтып едіңіз. Кеше елдегі атмосфера қандай болды? Кореяда бүгінгі таңның атуы қалай болды?
- Кеше түнге таман төбеден жай түскендей болды. Ешкім ойламаған, күтпеген жерде осындай шешім қабылданды. Оңтүстік Кореяның одақтасы АҚШ та мұндайды күтпесе керек, таңырқағанын жасырмады.
Кешегі түн ауыр болды. Бірақ, президент шешімінен кейін саяси процесс заң шеңберінде жүрді. Парламент жиналып, өз шешімін қабылдады. Төтенше әскери жағдайды дереу алып тастауды талап етті. Атқарушы билік те осыны ескеріп, тиісті шара қабылдады.
Сондықтан да кеше түнгі, бүгінгі таңғы ахуалға қарасақ, маған халықтың тұрмысына әсері болмағандай боп көрінді.
- Енді қандай қауіп бар? Ел ертеңі не болмақ?
- Оңтүстік Кореяда билік бірнеше тармақтан тұрады. Сондықтан билік қауіп төндіреді дегеннен аулақпын. Қазір көрініс тауып отырғаны - саяси паралич. Осы сәуірде өткен сайлауда оппозиция жеңіп, парламентке бақылау орнатты. Президент әкімшілігі өздері ұсынған заң жобаларын, тіпті келесі жылға бюджетті де парламенттен өткізе алмай отыр. Оның үстіне оппозиция биліктегі негізгі тұлғаларға импичмент дайындап отыр.
Ішкі саясатта поляризация байқалады. Екі жақ та мәмілеге, компромиске бармай келеді. “Сен тұр, мен атайынмен” келді. Дамыған елде саясат олай жасалмайтыны белгілі. Сондықтан, соңғы кездері тараптар арасындағы келіссөздер ешбір нәтиже бермей келді. Бұл, өз кезегінде, кешегі төтенше жағдай жариялаумен аяқталды... Менің ойымша, елдің ертеңі ашық. Жарқын.
Десе де, осы үшін салиқалы түрде еңбектену қажет. Ол үшін саясаткерлер өз істеріне жауапкершілікпен қарауы керек. Тек өздерін ғана ойламай, “Халықтың ертеңі не боладыдан” бастап, біраз ой толғап, ақылдасып, шешімін таппай келген мәселелерді қолға алып, сапалы саяси мәдениетке қайта оралғандары жөн.
- Оңтүстік Кореядағы әскери жағдай шетелдіктерге қандай қауіп төндіреді?
- Меніңше, қазіргі жағдай елдегі қауіпсіздік пен тыныштыққа ешқандай нұқсан келтірмейді. Бүгіннен бастап Сеул мен ірі қалаларда наразылық демонстрациялар ауқымы өсіп, саны көбеюі әбден ықтимал. Ал біздің азаматтарға көпшілік жиналатын жерлерден аулақ жүрген абзал.
- Алда не күтіледі?
- Алда ауқымды да терең саяси процестер күтіледі. Болған жағдайға баға берілетін болады. Жауапты адамдар парламент алдында жауап беріп, іс қозғау қажет болған жағдайда, сот жүйесі де процеске араласады.
Ең маңыздысы, Корей халқы болған жайттан сабақ алып, алдағы уақытта осыны қайталамау үшін тиісті әрекеттер жасайтын болады.
- Сұхбатыңызға рақмет!
Сымбат Наухан
«Адырна» ұлттық порталы