«Қазақфильм» киностудиясы мемлекет тарапынан тікелей қаржыландырылуы мүмкін

818
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваны қабылдады. Бұл туралы Ақорда жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Президентке министрліктің мәдениет, ақпарат, азаматтық қоғам, дін, этносаралық қатынас, жастар саясаты, креативті индустрия, отбасы-демографиялық саясат, мұрағат және кітапхана ісі салаларында биылғы атқарған шаралары, сондай-ақ ведомствоның 2025 жылға арналған перспективті жоспарларын жүзеге асыруға дайындығы жөнінде мәлімет берілді.

Аида Балаеваның айтуынша, биыл алғаш рет қазақ өнері әлемге әйгілі арт-алаңдарда, атап айтқанда, Венеция биенналесінде, Гиме Азия өнері музейінде таныстырылды. Қазақстанның баспа өнімдері Франкфурт кітап жәрмеңкесінде көрсетілді.

«Сегіз тілде Qazaq сulture ақпараттық-ағартушылық платформасын іске қосу еліміздің тарихын, мәдениетін және салт-дәстүрін дәріптеу тұрғысынан маңызды жобаға айналды. Бұдан бөлек, Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу және жабылу салтанаты айтулы мәдени-бұқаралық іс-шара ретінде бағаланды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа министрліктің заң жобаларын әзірлеу бағытында атқарған жұмысы туралы баяндалды. Атап айтқанда, биыл елімізде журналистердің мәртебесін арттыруды көздейтін жаңа БАҚ туралы заң қабылданды. «Қазақфильм» киностудиясын тікелей қаржыландыруды қарастыратын заңнамалық өзгерістер Парламент қарауына ұсынылды.

Мемлекет басшысына еріктілер қозғалысын дамыту шаралары жөнінде есеп берілді. Министрдің айтуынша, 2022 жылмен салыстырғанда, белсенді еріктілер саны 240 мың адамға дейін артты. Жыл сайын 50-ден астам волонтерлік жоба жүзеге асырылады, сондай-ақ 7 қазақстандық ерікті БҰҰ құрылымдарына жіберілді», - делінген хабарламада.

Аида Балаева креативті индустрияны қолдау шаралары әзірленгенін жеткізді. Олардың қатарында Креативті индустрия қорын құру, орталық және жергілікті атқарушы органдардың құзыретін кеңейту бастамалары бар. Креативті индустрия субъектілеріне арнайы салық режимі енгізілді. Жыл басынан бері елімізде 10 креативті орталық пен хаб ашылды.

Кездесу соңында Президент келесі жылы өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі секілді мерейтойлық әрі маңызды іс-шараларға дайындық барысын жіті бақылауға алуды тапсырды.

Пікірлер