Моңғолияға алғашқы сапар. Қазақстан мен Моңғолия президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді

1038
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Бүгін, 29 қазанда Моңғолия Мемлекеттік сарайының алдындағы елорданың орталық алаңында Ұлан-Батырға мемлекеттік сапармен барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурелсух қолбасшы Д.Сүхбаатар алаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми түрде қарсы алды.

Мontsame ақпараттық порталының хабарлауынша, мемлекеттік құрметті қарауыл қолбасшысының рапортынан кейін екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Екі мемлекет басшылары Мемлекеттік салтанатты Ақ әскери туға тағзым етті, одан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрметті қарауыл сапын қарсы алды.

Сондай-ақ Ухнаагийн Хурелсух пен Қасым-Жомарт Тоқаевты қарсы алу рәсіміне келген Моңғолия мен Қазақстан Республикасының ресми өкілдері, Моңғолиядағы дипломатиялық миссиялардың басшылары және халықаралық ұйымдардың тұрақты өкілдері қарсы алды.

Ресми қарсы алу рәсімінен кейін екі елдің президенттері Ұлы Шыңғыс хан ескерткішіне тағзым етіп, Моңғолия Мемлекеттік сарайына бет алды, онда Қасым-Жомарт Тоқаев Құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырды.

Мемлекеттік сапар аясында Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурелсух пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық көрсеткені үшін Ухнаагийн Хурэлсухке ризашылық білдіріп, өзінің Мемлекет басшысы ретіндегі Моңғолияға алғашқы сапарына ерекше мән беретінін атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, Моңғолия – Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі. Қос халықтың дәстүрі мен мәдени-тарихи тамыры ортақ.

«Құрметті Президент, бүгін Сіздің шақыруыңыз бойынша Моңғолияға мемлекеттік сапармен келіп отырмын. Маған және Қазақстан делегациясына, бұл — үлкен құрмет. Бүгін біз екіжақты маңызды құжаттарға, соның ішінде Қазақстан мен Моңғолия арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы декларацияға қол қоямыз. Бұл қадам елдеріміздің барлық деңгейдегі ықпалдастығын жандандыруға арқау болмақ. Сондай-ақ қос халықтың игілігі үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп сенемін», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезінде Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстан Президентінің Моңғолияға мемлекеттік сапары екіжақты ынтымақтастықты мүлдем жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

«Шын мәнінде, екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жылдан асты. Қазақстан Президентінің Моңғолияға мемлекеттік сапары соңғы рет осыдан 16 жыл бұрын болған еді. Еліміз Сіздің бүгінгі сапарыңызды екіжақты ынтымақтастықтың таяу жылдардағы перспективті бағыттарын айқындайтын мезет ретінде қарастырады. Бұл сапар екі елдің қарым-қатынасын стратегиялық серіктестік деңгейге шығару тұрғысынан өте маңызды», – деді Моңғолия Президенті.

Мазмұнды әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамыту перспективасына айрықша мән берді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, тау-кен және металлургия кешені, энергетика, көлік-логистика, қаржы салаларындағы қарым-қатынас мәселелері талқыланды.

Кездесу соңында Моңғолия Президенті Мемлекет басшысына 60 мыңнан астам сөз енген Қазақ-моңғол сөздігін сыйға тартты.

Айта кетейік, бұл — Қазақстанның екінші президентінің Моңғолияға тұңғыш сапары.

Еске салсақ, Қасым-Жомарт Тоқаевты мемлекеттік сапармен келуге Моңғолия президенті арнайы шақырған еді.

Пікірлер