Тілді қорлаған Черчесовке кімнің айыппұл салғаны айтылмады

1219
Adyrna.kz Telegram
Фото: © Reuters
Фото: © Reuters

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовке қазақ тілін «мысқылдағаны» үшін айыппұл салынды. Бұл туралы Парламентте Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Бас бапкер журналистпен әзілдесті. Мен оған бәрін түсіндірдім. Енді мұндай қателік жасамайды. Сондықтан ол үшін бүкіл ел алдында жауаптымын. Черчесовке ішкі тексеруден кейін айыппұл салынды. Этикалық жұмыстар жалғасын табады», - деді Барменқұлов.

Бұған дейін Туризм және спорт министрлігінің басшылығы интернетте тараған видеоға қатысты федерациядан ресми түсініктеме беруді талап еткен болатын. Видеода Черчесов қазақ тілін қорлайтын мәлімдемелер жасаған. Жаттықтырушыға мемлекеттік тілді құрметтеу қажеттілігіне байланысты түсіндірме жұмыстарын жүргізу ұсынылды.

Кешелі бері әлеуметтік желілерде футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тілін кемсітуге тырысқаны туралы видео тарады. Осыған қатысты Туризм және спорт министрлігі бұл жағдайға бейжай қарамай, Қазақстан футбол федерациясына ресми хат та жолдаған.

Айта кетейік, Ұлттар лигасы аясында Словениямен өткен мачтан кейінгі баспасөз конференциясында марқұм Амангелді Сейітханның ұлы Бегасыл Сейітхан Станислав Черчесовке қазақ тілінде сұрақ қойып бастайды. Бас бапкер журналистің үстіне Францияның ПСЖ клубының жейдесін киіп алғанын әзілге айналдырғысы келді ме, әйтеуір «Сен қай тілде сөйлеп тұрсың – французша ма?» деп сөзін бөлді. Сонан соң басын изеп, сұрағын жалғастыруға болатынын аңғартты.

Пікірлер