Жоғарғы сот оқушылардың мектепке орамалмен баруына рұқсат берді

921
Adyrna.kz Telegram
фото: stan.kz
фото: stan.kz

Қазақстандық оқушы қыздар енді сабаққа орамалмен қатыса алатын болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Жоғарғы сот балалардың білім алу құқығы шектеліп жатқанын атап өтіп, білім беру ұйымдарына бұл тыйымды заңсыз деп тапты.

Бұл ақпаратты құқық қорғаушы Жаслан Айтмағанбетов Instagram парақшасында Жоғарғы сот облыстық соттың шешімін жоққа шығарғанын хабарлады.

"Жоғарғы сот қыздардың мектепте орамал таққанына байланысты балалардың білім алу құқығы мен орамал мәселесіне нүкте қойды. Жоғарғы Соты облыстық соттың шешімін бұзып, оқушының орамалына байланысты шектеулер білім алу құқығын бұзады деп таныды. Балалардың құқықтарын қорғауға бірнеше заңгер мен белсенділер қатысты", – дейді құқық қорғаушы.

Қорғаушы бұл шешімді төрт облыстың соттары да мойындағанын хабарлады.

"Министрлік орамалмен күресіп жатқанда, Қазақстанда балалар арасындағы суицид пен зорлық-зомбылық көбейіп кетті. Бұл өте өкінішті. Қалай болғанда да сот билігі министрліктің ұстанымына емес, заң нормаларына қарайтыны жақсы", – деді ол.

Құқық қорғаушының бұл жазбасы желіде біраз талқыланды.

"Балаға мектепте орамал тағудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Қазір балалар өте қатыгез, олар мұны мазақ қылуы мүмкін. Екіншіден, бұл – қыздың емес, ата-анасының қалауы. Қыз өссін, орамал таға ма, жоқ па, өзі шешеді”, – деді желі қолданушысы.

Бұған дейін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім ошақтарында барлық оқушының мектеп формасын киюі маңызды екенін айтқан болатын. Ол білім саласына қатысты мәселелерді басқа аспектілермен шатастырмау керегін түсіндірді.

Пікірлер