Баяғы жартас – сол жартас. Үкімет басшысы әкімдердің жұмысын сынады

1217
Adyrna.kz Telegram
Фото: primeminister.kz
Фото: primeminister.kz

Үкімет басшысы бірқатар өңір әкімдерінің жұмысына сын айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Үкімет отырысында жылыту маусымына дайындық барысы қаралды. Нәтижесінде отырыста премьер-министр Олжас Бектенов жылыту маусымының басталуына бір айдан сәл астам уақыт қалғанын және басшылардың көпшілігі дайындық туралы сенімді сөйлеуге тырысса да жұмыстың нәтижелі болатынына сендірмейтінін айтты.

Премьердің сөзінше, «Qarmet» компаниясының 2-ші ЖЭО-сындағы 2-ші қазандықты жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталмаған. Оның үстіне 1-ші қазандықты күрделі жөндеу сол күйі басталмаған.  Ал №7 қазандықты жөндеу жұмыстары да бекітілген кестеден кешігіп жатыр.

"Біздің отырыстарымыз бен кеңестерімізде облыс әкімдеріне осындай осал тұстарға назар аудару туралы бірнеше рет айтылды. Сонымен қатар жөндеу науқаны кезінде тәуекел тудыруы мүмкін нақты жағдайларды атап көрсетіп, шұғыл шаралар қабылдау қажеттігі туралы тапсырмалар да берілді. Алайда, 3 ай өтті, баяғы жартас – сол жартас, өзгеріс шамалы. Сол өңірлер әлі артта, сол баяғы кешіктіру, кейінге шегеру. Энергетика министрлігі кәсіпорындарға жылыту кезеңіне әзірлік паспорттарын бере бастады. Жылу орталықтарың әзірлік паспортын беруден бас тартылған жағдайда сол өңірлерде әкімдердің жетекшілік ететін орынбасарларының тікелей жауапкершілігі қаралатын болады", — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Одан бөлек, Олжас Бектенов көмір мен мазут жеткізу мәселелерін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Үкімет отырысында премьер-министр жауапты министрлер мен облыс әкімдерінің назарын стансаларды отын қорымен қамтамасыз етуге аударды. Конкурстық рәсімдердің кеш өткізілуіне байланысты сұрақтар туындап отырғаны баса айтылды.

Пікірлер