(Өзбекстандық жыршы Қалдаш Сәдіровпен сұхбат. Барлап зерттеу. 2005 жыл)
Алматыға алдымен Қалдаш Сәдіров келді. Ол Өзбекстанның Бұхара уәлаятындағы Кенимех аймағынан 2005 жылғы шілденің аяқ шенінде жетіп, сол айдың 27–31 жұлдызы аралығында қалада өнер көрсетті.
Қалдаш жыршы 1937 жылы 15 шілдеде Сыр бойында дүниеге келген. Жеті жасынан жыр айтқан. Ол Өзбекстанға қоныс аударып, осы өңірдегі қазақтар арасында қалыптасып, дамып, өркендеген көне эпикалық дәстүрді меңгерген, жыршылық өнерді жалғастырушы соңғы буын өкілдердің бірі. Жырға қоса ескі әндерді айтып, ұмыт бола бастаған көне күйлерді шебер тартатын өнерпаз. Өзбек, қарақалпақ қосықтарын да жетік біледі. Бізге жолыққан жылдары Өзбекстан республикасы Навои облысының Үшқұдық ауданына қарасты Шалқар ауылында (станция 290) кіші баласы Нұржанның қолында тұратын. Туғанынан зағип кісі. Жазба деректе «1937 жылы Шафиркенде туған» деген мәлімет кездесті. Шафиркан – Өзбекстанның Бұхар облысына қарасты қала. Жеке сұхбат кезінде Қалдаш ондай мәлімет айтқан жоқ.
Жыршы қасына еріп келген серігі, күйеу баласы Төребай Сәрсенбаевпен бірге белгілі қоғам қайраткері, экономист ғалым Қаһарман Бабағұловқа қарасты «Дөйт» қонақ үй-мейманханасына тоқтады. Жолдан демін алғаннан кейін жыршыға қонақасы берілді. Ертеңіне түске дейін Қаһарман Бабағұловтың қызметжайында жыршы шығармашылығына арналған «Қазақ эпосы және эпикалық жыршылық» атты баспасөз мәслихаты өткізілді. Мәслихат Қалдашты БАҚ арқылы жұртшылыққа таныстыруды, оның жаңа жағдайға бой үйретіп, қаланың тыныс-тіршілігіне бейімделе беруін мақсат тұтты. Айтылған мейрамхананың тойхана залында кешқұрым мен таңсәрі аралығында алқада жыр айту (Құрға жырлау) рәсімі өткізілді. Оған екі жүзге жуық адам жиналды. ҚР Ғылым Академиясы М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының залында болған «Жолға түс, жырау, жорғалап» атты жыр кешінде Өзбекстанда тұратын қазақтар арасында сақталған көне жыр нұсқалары, мақам-саз үлгілері, ескі ән-күйлер орындалды. Қалдаш ҚР Ұлттық кітапханасы, Өнер бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Кәнекей, тілім, сөйлеші» атты сұхбат-концерт берді. Онда қазақ эпикалық жыршылық өнерінің дәстүр аясында өмір сүру, сақталу және даму мәселелері жөнінде әңгіме өрбіді, ескі жыр үлгілері айтылып, соңында тыңдаушылар өз ойларын ортаға салып, пікір алысты. Бұл шаралар жөнінде республикалық телеарналар сюжет көрсетіп, арнайы радиохабар жасалып, мерзімді баспасөз беттерінде мақала-хабар жарияланды. Жыршының айтуынан 28 шілденің кешінде қонақ үйде, 30 шілдеде Талғар қаласындағы Асан Әлжановтың шаңырағында «Қамбарбек» жыры үнтаспа мен бейнетаспаға қатар жазып алынды, 31 шілдеде ол еліне қайтты.
Жыршының зайыбы дүние салып, топқа түсуді азайтып, шаршаңқырап жүрген кезі екен. Баяғы сырлы дауысы қарлыға бастаған. Жас уақытында жазылған, өзіміз ұйып тыңдаған, домбыраны түрікмендерше құбылтып тартатын ерекшелігі де солғын тартыпты. Әлсін-әлсін негізгі дыбыстіректен (тональность) ауытқып кетіп отырды. Сөйтсе де оның басқаға ұқсамайтын орындау ерекшелігі, әсіресе жыршыларда өте сирек кездесетін домбыра тарту шеберлігі, сол қолының пернедегі саусақбасу (аппликатура) қалпын ерекше атап айтқан жөн. Жыршы омырылмалы домбырасын оң бұрауға келтіріп солақай тартады, пернені асты-үстінен қатар алып басады. Саусақбасу ретінің мұндай өзіндік сипаты Қалдашқа дейін ешбір жыршы мен домбырашыда кездескен емес.
Қалдаш бармағына күй айналған дәулескер домбырашы. Өзінің айтуынша, заманында алпысқа тарта күй тартыпты. Бүгінде соның дені ұмытылып, репертуарында онға тарта күй қалыпты (тыңдарманмен жүздескен күндері солардың көбі бірте-бірте есіне түскенін байқадық). Мейманханада өткен бірінші күнгі аз аядағы бас қосуда «жұрт жиналғанша» деп көбіне күй тартып, терме-толғауды ара-арасында айтты және соларды орындау үстінде күй мен мақам-саз ырғағынан бір де жаңылмастан арасына қара сөз қосып отырды. Мәселен, «Көптен бері көңіл күйім болмай, домбыра ұстамағасын қолдың жатырқап жатқанын қараңыз. Әйтпесе, бізде өлең-күйге келгенде іркілу деген болмайды, жосылып кете береді», немесе «Деп жатыр ғой маған, екінші кассетаны айтып жатыр ғой» деген тәрізді қыстырма сөздерді тартып отырған күйдің арасына еркін қоса береді. Жыр толғап, арасында тыныс алғанда «Білмеймін, ойда жоқта құлақты нашарлатып алдым» деп, өз жайынан хабар беріп қояды. Негізі қуақы, әзіл-қалжыңды сүйетіні және оны өз орнымен, жолымен сыналап айта білетіні аңғарылды.
Қалдаш бойқыздырмаға Сәмет Әбдіхалықұлының «Ағаға сәлем» дейтін өзіне жазылған арнауды айтты, Жалдыбайдың «Қырмызының ілмесі», Жаманқараның балқы Күзембай болысқа шығарған «Бір қара» күйін тартты. Соңғы күйдің аңызын түсіндіріп орындап шықты. Содан соң «Қаһарман шырағымның ықыласына, аға деп қол қусырып күтіп жатқан қызметіне» деп Құран аяттарын оқып, бата берді. Жиналған топ оның иығына шапан жауып, басына тақия кигізді.
Сәлден соң тоғашы жігіттердің бірінен тыңдаушы жұрттың жиналып қалғаны жайында хабар алысымен, тықырши бастады да, дереу домбырасының бауырын көсіп қағып жіберіп, сөз бастады. Қазақ салтымен амандасып алғаннан кейін:
– Сіздерге сағынышты сәлемді Қалдаш ағаларың шын жүректен айтқалы отыр. Бұл Қалдаш ағаңның тарихы, – деді, – анадан осылай көзден әз болып туылды. Әкесінің әкесі Байғабыл бай болып өткен. Руы шөмекей Бекеттің бес баласының бірі Бозғұл. Әкемнің аты Ахмет, төлқұжатқа Сәдіров болып жазылған, жылқышы еді. Қазақстанда туып, Өзбекстанға тұз-дәміміз шашылды. Әкеміз фронтта жоқ болып кетті, сол бойынша қаралы хат келді. Сосын ағамыз бен шешеміздің тәрбиесінде өстік. Нағашы жұртым қаратамыр Достан ұста қара дүкен ұстаған темірші, содан шашылған ұрпақпыз. Оның баласы Қожақай, одан Тілеуберген. Құдайдың құдіретімен жеті жасымда біртүрлі екпін пайда болып, жүрегім қанасына сыймай толып кететін болды. Содан біссіміллә деп домбыра ұстап, осылай қысымдап тартып кеткенмін. Он жасымда бір көкпар тойда өлең айттым. Ағам «Қалдаш, мына аталарыңа төрт-бес ауыз өлең айтып берші» дегенде заулата жөнеліппін. Сонда шалдар көздеріне жас алып, «Ох, мына Қалдашқа Құдай бақыт беріпті ғой. Біртүрлі бір дарын келе жатыр екен ғой Қалдашжанға» деп, арқамнан қағып дем салып, бата беріпті. Содан жиырма жас шамасында халқыма дастан айтатын болып танылдым. Өзіммен бірге туған үш ағам бар еді, оның екеуін жөнелтіп, өзім және қарындасым қалды. Соңыра жеңгелеріңе де Құдай ісі болып, дүниеден озып кетті. Одан сегіз перзент сүйдім. Солардың қуанышы көңілге дем беріп, сіздермен дидарласып жатқаным осы ғой, шүкірім.
Жыршы осылай деп сөзін аяқтап, домбыра тарта бастады. Тартып отырып арасында әңгімесін айта берді. Сөзден де, домбыра пернесінен да жаңылмады. Терме айтып, күй тартар алдында шығарма мазмұнын қысқа ғана тарихтап өтеді. Жыр айтқан кезінде алақанымен аузын қалқалап отырады. Мұнысы өзбектің табақшамен, қазақтың зеренмен резонатор есебінде дыбыс қағуын еске салады. Құлағының тосаңсып қалғаны болмаса өте сезімтал, кез келген жағдайды (ситуацияны) қалт жібермейді. Дауысы негізгі дыбыстіректен ауытқып кетіп отыратынын мін көріп, іштей қорынатын сияқты, ара-арасында домбыра пернесін ілгері-кейін жылжытып қояды. Домбыраны барынша безілдетіп, майда тартады. Сөз аяғын қайырғанда жыр соңына жымдастырып «Айхай-хой», «Пах-пах», «Ох-ох» деп одағай сөздермен өзін-өзі қамшылай көтермелеп отырады. Бір уақыт өзбекше ән салып, аспапты дутарша құбылтты. Қалдаш қабырғалы жыршылар онша бара бермейтін майда-шүйде ән-өлеңдерді де іркілмей айта береді. Мысалы, ол «Күміс құман» әнін орындады. Онысы той-томалақты көп адақтағаннан болуы мүмкін. Ұзақ жыр саласына түсіп жағымды-жағымсыз образдарды, жоталы, тартысты жағдайларды суреттеген кезде дауысын құбылтып, нәшін, бет бейнесін өзгертіп ым-ишара жасап жырды әсерлендіріп толықтыра түсетін әдеті байқалды.
Домбыра интермедиясынан соң жыршы «Туып-өскен жерім Қармақшы, әкеміз бір шаруалармен Бұхарға өтіп кеткен. Енді ескінің сөзімен, қазақтың қоңыр әнімен Тұрмағамбет ақыннан бір ауыз айтып берейін» дей келіп, кете-шөмекей дәстүріне түсті. Сондағы айтқан термесі мен салған әні: Тұрмағамбеттің термесі; балқы Базардан «Көнек Жалғасбайдың халқымен бақұлдасуы»; андағұл Дайрабайдың қоңыр әні (аңызымен айтты); балқы Базарүмбеттің телеу Нұрмаханға жазғаны, Базар жыраудың Пішәннің Төребайына айтқан көңілқосы.
Жалпы жыршылық өнердің бір шарты көпшіліктің қалауы бойынша жырлау ғой. Қалдаш балқы Базар толғауларына көшкеннен кейін тыңдаушы қауым арасынан ақын Темірше Сарыбаевтың:
– Аға, балқы Базар жыраудың Төребай биге айтқан көңілқосын білесіз бе? – деген сауалына «Ай, шабаз, осылай қалап-сұрап отырса, іші-бауырын қалтыратпай айтып беремін ғой» – деп, кәдімгідей риза көңілмен Базар жырының тарихын айтып алып, көңілқостың өзіне түсті. Сөз аяғына батырлар жырындағыдай «Енді соны тыңдайық», «Сол күйді (әнді) тыңдап көрелік» деп, сөзден аспа тастап отырады.
Бұдан кейін «Кішкентай ермекке сіздерге ескінің қоңыр өлеңін тыңдатайын» деп, төлеңгіт Батырбай жыраудың «тоғыз буынмен қайтаратын» әнін айтты. Одан әрі өзінің зағиптығына орай шығарған бәйіті, балдыздарына күйініп айтқан сөзі, өзбек әні «Ажап-ажап», халық әні «Күміс құман», «Он екі қатын алғанда» дейтін әзіл өлең, шамалы уақыт аралатып Тұрмағамбет пен Майлықожаның термелері айтылды.
Қалдаш жыршы аз аядағы тыңдаушы жұртпен жүздескен бірінші күні домбыра құлағын қайта-қайта күйлей берді. Арасында «Мына домбыраға не болған, осының бір жері тие ме, әлде менің миым ашыған ба?!» деп қояды. Шамасы, белгілі бір көңіл күйге түсуіне құлақтың тосаңдығы кедергі келтіретін тәрізді. Сол жолы «Қара жорға» мен Жалдыбайдың «Қырмызының ілмесін» тарта келіп: «Бұл өзі жиырма жастың о жақ, бұ жағында, айтқыш-тартқыштардың ішінде отырып үйренген дүниелер ғой. Бұларды тартқан адам домбырадан сәл секем алса, көңілі ортайып отырады. Оның үстіне қолым да шығыңқырап кетіпті» деп назаланды.
Ертеңіне өткен баспасөз мәслихатында жыршы өзін біршама қунақ ұстады. Сірә, жолсоқты қалыптан арылған, әрі кешегі құрға жырлауы да көңіліне дем берген секілді. Баспасөз конференциясында фольклортанушы ғалым Тынысбек Қоңыратбай:
– Жыршылық дәстүр отырықшылыққа ерте бет бұрған халықтарда жойылып, өшуге айналды. Әйтсе де қазақта желісі біржола үзіле қойған жоқ. Қарақалпақ аймағы мен Сыр бойында жыршылық өнер бойынша ұқсастық көп. Қалдаштың репертуарынан, жыр сазынан осы ерекшеліктер байқалады, – деген пікір айтты.
Жыршының өзі бұл тұжырымды негізінен қостағандай қалып танытып, Сыр бойында жасаған Балқашбай, Ақдос, Әбдірәсіл, Қуандықтарды көрген үлгі-өрнегі ретінде атады. Солармен бірге жүріп, жыр жәрмеңкелеріне қатысып, шығармашылық алыс-берісте болғанын аңғартты. Осы жиында ол репертуарының жайынан хабар берді. «Үлкен қарияларымыз сүйіп тыңдаған ақтөбелік Нұрпейіс Байғанинның «Төрехан», «Нарқыз палуан», «Батырлар жыры» кітабынан «Қырымбай батыр» деген қиссаны, Иса Байзақовтың кітабынан «Құралай сұлу», Тұрмағамбеттің «Назым» кітабынан «Рауа бану», Әбзәли Егізбаевтың «Дат» қиссасын айтамыз. Барлығы оншақты, – деді. – Жас уақытымызда төрт-бесеуін қатар айта беретін едік. Қазір жасымыз ұлғайып кеткесін оған шамамыз жете бермейді. Сосын терме орындап тұрамыз».
Жыршы жоғарыдағы батырлық-қаһармандық жыр мен дастанның бәрін «қисса» деп атайды және олар жарық көрген жинақтарды түстеп айтты. Бұдан соңғы жиындарда да осылай етті. Сірә, бұл әуелде жырды кітаптан жаттағанын білдірсе керек. Одан әрі жыршы біздің сұрағымызға жауап берді.
– Өлеңді қалай жаттадыңыз?
– Маған жыр жаттатқан Құдай берген талант қой. Отыз бес жасыма келгенше біреу бір бет қағаз оқып берсе магнитофон сияқты бірме-бір жаттап ала қоятынмын. Қазір алпыстың жетеуіне келдім (олай болса 1938 жылы туған болады. – Б. Ж.). Бұл күнде біреу бес-алты мәрте қайталап оқыса да миға қонбайды. Әуелгі бағытымызда айтылған сөз тап алмас сияқты құлақта қалып, көңілге жад болатын. Әне, сол сияқты қарындастарым, балалар, ағаларымыз оқып берді. Жыр сабақтарының көбісін кітаптан жинап алғанбыз. Қалған бағдарын жыршылардан естиміз, радио-телевизордан тыңдаймыз. Сосын кем жерін түзейміз. Зеректіктің түп себебі өнерді тыңдау мен жаттампаздықта ғой.
– Сізге өнер қонды ма, әлде?
– Менің өз тұқымымда жыршылық болмаған. Нағашы жұртым ұсталық қылған. Сейділда деген ағамыз ғана шамалап жыр айтатын. Домбырасының құлағын бұзып қоя беретінмін. Бір күні ағамыз маған қарап «Ай, Қалдаш, осы сен менен озбақшы болып жүрсің-ау? Кел, өнер салыстырайықшы» деді. Ол оншақты күй тартты, мен соларды қайта тарттым. Бес-алты өлең айтып еді, оны да қайталадым. Сонда Сәкең «Ай, Қалдашжан, талабың оң болсын. Өнердің бәрі сенікі, наның осыдан бұйырсын» деп батасын берді. Тұқымымызда өнер қонған сол марқұм ағамыз екеуміз ғана едік.
– Үй-ішіңізді немен, қалай асырадыңыз?
– Мен жыршы болып қоралап қой, келелеп түйе ұстаған кісі емеспін. Несібеміз халықтың үстінде болғасын біріне бірі жалғасып келеді.
– Өнеріңіз балаңыздың біріне қонды ма, шәкірттеріңіз бар ма?
– Өнерім ұрпағыма қонбады. Ал біздің ауылдағы әу дейтін жастардың жалпы тізімі болғанымен, өнерімді ұстаған, жалғастырған ешкім жоқ.
Жыршы баспасөз мәслихатынан соң түстеніп, біраз тынығып алғаннан кейін кешке қарай құрға түсті. Жырлату қарасы екі жүздей көзі қарақты, жырды түсінетін адамды жинады. Бұл ыңғайды талай топқа түсіп жүрген кәнігі жыршы бірден сезіп, қомданыңқырап отырды. Алдымен ән, терме айтып, арасында күй тартты. Топқа салған шығармаларының дені негізінен бірінші күні орындағандары. Демек, жыршы кеше құрға алдын-ала әзірлік жасаған. Бұл жолы айтқандарының ішінде терменің басы көбірек шықты (Құрда айтқандары: «Дайрабайдың қоңыр әні», өзбек әні «Ажап-ажап», «Бадам таудың үстінде бір қыз көрдім», «Аман яры десеңші», Базарүмбеттің «Нұрмаханға жазғаны», «Күлмырза палуанның хикаясы», Тұрмағамбет «Жаманға жақсы адам ақыл айтар», Құралбайдың «Қалдашқа жазғаны», «Үш жыраудың бір сапары», Шораяқтың Омары «Аш бабын сөздің, дүр Омар», өзінің жүрек термесі «Сөз сөйле, тілім», Құда баласының жазғаны, Әбдімұраттың «Қалдашқа жазғаны», Базар жырау «Көнек Жалғасбайдың елімен бақұлдасуы», «Жалғасбайдың елге сәлемі», Хамет Садықтың «Қарақалпақ қосығы», «Қара жорға» күйі (Мақпал – Сегіз аңызына орай), Жалдыбай «Қырмызының ілмесі», Жаманқараның күйі «Бір қара»). Бұған қарағанда термені жыршылық өнерде батырлық жырдың қосары, сыңар (дубль) жанры деп білетін ғылым бабы шындыққа саятын тәрізді.
Жиналған қауымды әнмен, күймен, термемен дуылдатып, желпіндіріп алғаннан кейін жыршы бүгінгі кештің негізгі мақсаты «Қамбарбек батыр» эпосын айтуға кірісті. Кірісер алдында әдетінше бір лебіз айтты және ойын жұрттың көңілін аулап, шебер жеткізді:
– Көпшілік, сіздерден бір өтініш. Терме, жақсы лұғатты сөз тыңдап отырмыз, ішінде күлдіргісі де бар. Қаһарманның жақсылық мерекесіне шақырған құрметіне екі күн айтса да жыршы шаршамайды. Құдай бір шабыт бағытын берсе, жырау жүріп кете береді ғой, – дей келіп, мәнді бір кідіріс жасады. – «Кәне, мынау, «көненің сарынды сөзімен бір дастан тыңдағымыз келеді» дейді. Соған рұқсат берсеңіздер. Арасында зеріксеңіздер, әңгіме иә сөз жалғап отырармыз. Сол дастанды қазір бір жарым сағат тыңдау үшін бастап жіберсек деп отырмыз».
Сосын «Еу» деп бір көтеріп алып, жырға түсті. Жаңағы өзі айтқан уақыт шамасында аяқтап, күрмейтін кезде «Ай, Қалдаш ағаң Қамбарбекті қақсатып айтып отыр, / Көпшілігім, тыңдап отыр құлақ салып. / Осындай Назым менен өтті Қамбар, / Білімді, ақылы көптер, бұл сөзді аңғар. / Әуелі айтқан, екінші тыңдағандар, / Жетсін-оу мұратына бәрше жандар. / А-а-а-а-а, бәрше жандар...» деп соңына сөз қосып барып тоқтады. Сосын шаршадым деп, жұрттан тынығуға мәулет сұрады. Ортадағы тоғашы көпшілік әлі де жырға сусап отырғанын білдіргеннен кейін жұрттың қалауымен мынадай ән, терме орындады: «Он екі қатын алып көрдім» (әзіл өлең), Әмет Тарықтың «Қарақалпақ қосығы», өзбек халқының әзіл әні. Осымен құрға жырлау тамам болды.
Қалдаш жыршының келгеніне төртінші күн толғанда Алматының іргесінде, Талғар қаласында тұратын шөмекей Асан Әлжанов жыршыға арнайы қонақасы беріп, киіз үй тігіп, қазақы ортада, табиғи жағдайда жырлатты. Бұл жолы да бірінші күнгідей жиырманың үстінде адам жиналды, бәрі де жыр тыңдап өскен қауымнан. Тоғашы оларды таныстырып болған соң жыршыдан бұған дейін айтқандарын қайталамай, тың дүниелер орындауын сұрағанда Қалдаш мұны бәлсінбей құп алды. Осы отырыста ол алдымен Батыс Қазақстан өңіріндегі Мұхит мектебіне жататын әншілердің, соның ішінде Ғарифолла Құрманғалиевтің репертуарынан бірнеше ән айтты. Жыршы аталмыш мектепке тән ән салу ерекшеліктерін сақтауға тырысқан жоқ, өзінің орындау машығында құбылтты. Әдеттегідей орындайтын шығармасын әңгімелеп, кеңінен таныстырып отыруды ұмытпады. Кейбір әнді бастай беріп, ұмытып қалғандықтан доғаруға мәжбүр болды. Екінші жағынан Сырдың лекілдеген кең тынысты мақамын тыңдап үйренген аудиторияның батыстың көкке тік шаншылып салатын өршіл әндерінің табиғатын жыға танымағандарын да жіті көңілімен сезген тәрізді. Ондай әндерді бар бояуымен, нәшімен айтуға үлкен кісілердің дауыс көлемі мен қуаты жете бермейтіні бар ғой. Не керек, жыршы одан әрі өзінің төл дәстүріне оралып, кейбір сауатты тыңдаушылардың білгір жетектеуінің арқасында бұрын айтқан, кейін жадынан шығып кеткен көп дүниелерін қайта тапқандай болып отырды.
Осы жолы жыршы бірнеше көне күйдің басын қайырды. Ал «Көңілашар», «Бозінген» сияқты белгілі күйлерді тартқан кезде оларды бастан аяқ импровизацияға құрғанын байқадық. Сондай көненің көзі Жалдыбайдың «Терісқақпайын» сол отырғанда үш қайтара тартты, үшеуі көптеген ортақ тұстарына қарамастан, тұтас алғанда үш түрлі болып шықты. Тыңдаушылардың сұрауымен қайта тартылған «Бір қара», «Қара жорға» күйлері де вариацияланды. «Бұл қалай?» деп жұрт қайран қалғанда, жыршының өзі әлгі түйінді «Қара үйде әдемі шығады. Отырған отырыспаңа да байланысты. Жайлы отырсаң әдемі шығады. Шоқаңдап отырсаң шықпай қалады» деп тарқатты. Бұдан жыршы табиғаты импровизацияға бейім екенін және жыр орындалатын орынға мән беретінін байқауға болады. Сондай-ақ осы жолы, киіз үйде жыршы өзінің кәдуілгі үйреншікті қалпында отырып өнер көрсеткені аңғарылды. Домбыраны тақымына қысып безілдетті. Мұны өзі «Амортизация – домбыра дыбысы жай-қатты болып екі түрлі қалыпта әдемі шығуы үшін қолданылатын әдіс» деп түсіндіріп өтті. Былайша айтқанда, жыршы тақымды фортепианодағы педаль орнына пайдаланады.
Қалдаштан жазып алынған терме-толғауларды кейін қайыра тыңдаған кезде олардың Сыр бойына кең тараған, кітапқа енген нұсқалардан едәуір өзгеше екенін бағамдадық. Сырда күні бүгінге дейін әлгі нұсқалардың бір сөзін де өзгертпей, қаз-қалпында айту жыршыға қатаң талап ретінде қойылады. Ал Қалдаш қажет деп тапқан жерін өзінше алып-қоса береді. Оның бір себебі бойындағы ақындық ұшқында жатқан болар деп қалдық. Бірақ оны өзі алға салып, насихаттай бермейді. Мұнысы сірә, әуел баста тек өзгертпей айтушы ретінде қалыптасып, өзін осы өнердің ғана өкілімін деп сезінуінен болса керек. Кезінде топты жарыста жүлде бермегені, ұзаққа сілтейтін үдемелі өнерпаз болғаны әркез байқалып отырды. Әсіресе алдында тосылыңқырап, мұзға тайған тағасыз аттай түйткілденіп отырып, соңына қарай, әсіресе таң атар мезгілде мүлдем өзгеріп сала беретіні бойындағы табиғи дарынның молдығын аңғартты. Бірақ ұзаққа сілтеуге жасының егделігі, ақаулы денсаулығы мүмкіндік бермеді.
Қалдаштың Талғардағы мәжілісте айтқан терме, толғау, көңілқостары мен тартқан күйлері бірінші күнгі және құрға түсіп айтқандарынан да молырақ болды. Олар мынандай 29 позицияға түзілді: 1. Жалдыбай «Терісқақпай», 2. Халық әні «Ақ кербез», 3. «Сейділданың қоштасу сөзі», 4. «Ақтолғай» әні (қыз бен жігіттің жауаптасып айтқан әні), 5. «Жігіттің әні», 6. «Үш жігіттің хикаясы» («Дүниенің әуелі дос, ақыры дұшпан»), 7. Базарүмбеттің «Айнұр қызға берген батасы» және «Қыздың жауабы», 8. Айнұр қыздың «Базарүмбеттің қазасына көңілқосы», 9. «Айнұрдың ата мен әже туралы термесі», 10. «Қалдаштың көңілқосы» (қарындасы болып күйеуінің қазасына шығарған), 11. «Базарүмбеттің нақыл сөзі» («Маңырама» мақамымен), 12. Базарүмбеттің «Қалдашқа жазған сәлем-намасы», 13. Әбдімұраттың «Қалдашқа жазған сөзі», 14. Сүгір «Бозінгеннің бүлкілі», 15. Жалдыбай «Терісқақпай» (екінші орындалуы), 16. «Қырмызы қыздың ілмесі», 17. Базар жырау «Керуеншілерге айтқаны», 18. «Маутанға жазғаны», 19. «Атаңа нәлет, ит қатын», 20. «Таспайды дария суы жел болмаса», 21. «Тұрмағамбеттің әзіл өлеңдері», 22. Атымтайдың «Айтоты жеңгесіне жазғаны», 23. «Жаңыл қыздың шабыты» күйі, 24. Түркеш «Көңілашар», 25. Жаманғара «Бір қара», 26. Халық күйі «Қара жорға», 27. Өзбек бақшысы Бірөзімбек Бекмұрадовтан естіген «Мақтымқұлының қосығы», 28. Шораяқтың Омары «Аш бабын сөздің, дүр Омар», 29. Әртүрлі тақырыптағы әзіл өлеңдер.
Осылайша жұрттың мейірін бір қандырып, әрі өзі де бабына келгеннен кейін жыршы «Қамбарбек» жырын қайыра жырлауға ойысты. Айта кетер жайт, «Бір жырды қайта-қайта айтқызып, жазып алып не керегі бар?» деген қалыпта түсінбестік таныту айтушы тарапынан бұған дейін де, бұдан кейін де болған жоқ. Әдеттегідей көптің аңғарын жазбай танитын сұңғыла мінезімен алыстан тербеп, жаймалап әкеліп, бірақ құрға жырлағанда айтқан тіркеме сөзінен басқашалау етіп кіріспе сөз айтты:
– Азаматтар, Асанжанның үйіндегі мына мерекемізде көпшілікпен бас қосып отырмыз. Міне, қазір дастан кезегінде Ноғайлының батыры «Қамбарбек батыр» деген дастанды тыңдаймыз. Жырау Қалдаш бастап айтып тыңдатады, – дей келіп, домбырасын қағып-қағып жіберді. Бұл жолы да жырды өз жанынан қосқан жалғаумен, бірақ өткенде айтқанынан өзгешерек етіп күрмеді: «Осындай Назым менен өтті Қамбар / Жақсылар, бұл сөзімді құлақпен аңғар. / Бірінші айтқан, екінші тыңдағандар, / Жетсінші мұратына бәрше жандар, / Е-е-е, а-а-а, а-а-а».
«Міне, азаматтар, дастанды бітірдік осылай» деп, жыршы өзі жайында үшінші жақтан сөйлейтін әдетімен домбырасын тақымынан босатып, бір шетке қарай алып қойды. Сол жерде тыңдаушының бірі:
– Бұл жырды әуелде кімнен үйрендіңіз, қанша уақыттан бері айтып келесіз? – деп сұрады.
– Мен мұны ешкімнен алғаным жоқ, кітаптан үйрендім. Бірақ салыстырып оқыса (кітап сөзі мен өз сөзін. – Б. Ж.) ауысып, қалып та қоятын шығар. Менің айтқанымдағы «ах-ах», «шах-шах» дегендер онда жоқ, – деген сөз болды жыршының жауабы. Демек, жыршы өзінің импровизацияға, вариацияға баратынын анық түсінген, сондай-ақ бір жырды қайталап айтқызып, жазып алу әдісінің эксперименттік төркінін бағамдап отырғаны да байқалады.
Жыршы тұлғасын танып-танытуда, оның ішінде эксперименттік тәсіл ауқымында жыршы мен зерттеуші арасында жата-жастана, оңаша өткізілер сұхбат-әңгімелердің берері көп. Біздің бұл талабымыздың өзі бір сүре хикаяны құрады. Талғардағы мәжіліс-мәшраптың ертеңіне өткен сол сыр-сұхбатымыз кейін дыбысжазу құрылғысынан қаз-қалпында қағазға түсірілді.
– Бір сөзіңізде «Төрехан», «Нарқыз», дастандарын білемін дедіңіз. Бұл екі шағарманы кімнен үйрендіңіз?
– Мұның егесі мына Атырау, Ақтау, Ақтөбе жерінде өткен Нұрпейіс Байғанин деген ақын. Біздің қазақта Жүсіпбек қожа деген болған. Оның жазғанының бәрі дастан. «Қобыланды», «Алпамыс» кешегі «Қарақасқа атты Қамбарды» да Жүсіпбек қожа жазады.
– Сіз өзіңіз білетін дастандарды кімнен үйрендіңіз?
– Маған бұл дастандарды өзімнің туған ағам Сейділда кітаптан оқып берген. Тоғыз жасымнан он бес жас шамасына дейін күнделікті сабақ өткендей оқып беріп отыратын.
– Үйрену барысында күндіз тез жаттайтын ба едіңіз, әлде түнде тез жаттала ма?
– Мен күндіз тыңдап, жадыма әбден сіңіремін. Содан кешке қарай сонау қырдың астына барып домбырамен қосылып айтамын. Одан қалған жері болса ағама, иә басқа бір балаларға қайта оқытып аламыз. Сөйтіп жаттаймыз.
– Сіз білемін деген тоғыз дастанның бәрін де ағаңыз кітаптан оқып берді ме?
– Жоқ, ағаның уақытында жаттасам, төрт-ақ дастан жаттаған шығармын. Олар Нұрпейіс Байғаниннің «Нарқыз», «Төрехан палуан», Иса Байзақовтың «Құралай сұлуы». Мұнан кейін жағалауға барып «Дат», «Әлім мен Рәзия» сияқты дастандарды жаттадым. Сәкеңнің (Сейділданың. – Б. Ж.) қыздары Сәуле, Күлмән, Құттыгүл деген қарындастарым талай нәрсені оқып беріп жаттатты.
– Аталмыш дастандарды бір айтқаннан жаттап алдыңыз ба?
– Иә, айттым ғой, «жеті жасымнан бастап магнитофон сияқты бір тыңдағанды жаттай беретін болдым» деп. Сол уақытта сіз бір парақ қағазды оқып өтсеңіз, мен бір пияла шай ішкеннен кейін соны қайта айтып шығамын.
– Өлең-жыр қай уақытта жақсы жатталады? Қуанышты шақтарда ма, әлде көңіліңіз құлазыған кезде ме?
– Қуанышта жатталады ғой. Көңіліңде қайғы болса өлең қалады. Ағаларым, жеңгең, иә балалар кейітсе сол күні ештеңе істетпей қояды. Көңілім шаттана бастаса жаттап жаттығамын.
– Қай жерлерді аралап жыр айттыңыз?
– Тәжікстан деген жерді көрдім. Қорғантөбеде көптеген кісілердің тойында болдым. Тәжікстанның өзінде үш жылдай жүрдік. Парқар, Құмсәңгірдегі қазақтарға қыдырып баратынбыз. Сосын мына Қарақалпақстанның Қырыққыз, Беруни, Қызылқала деген жерін көп араладым. Тойына барамыз, тойдың құрында ақша тасталады, түсім жиналады. Жыраулардың еңбегін өзіне береді. Түрікменстанның Ташауыз деген жеріне бардым.
– Кейбір жыршылар орамал-шаршы тастағанда мақтау өлең айтады ғой, ондайға қалайсыз?
– Менде қиял жолы аз болғандықтан, ондай мақтау жүргізе алмаймын.
– Домбыра тартуда қиялыңыз бай екен.
– Ә, мұнда ол қосылмаса, кемімейді ешқашан.
– Құрға жырлаудың мәні неде?
– Тойға бірнеше жырау келеді. Әркім әртүрлі айтушыны қалайды. Содан соң ол әркімнің қалауы бойынша жырлайды. Жаңағы қалаған адам жырауға қарамағындағы адамдармен қосыла ақша салады. Ол кездегі ақшалар қызыл қағаз. Содан жырауларға бөліп береді, қалғаны той егесіне беріледі.
– Алпысқа тарта күй тартамын деп едіңіз, содан ұмытылып қалғаны бар ма?
– Ол күйлердің көбісі ілгергі уақытта бәрі жадымызда тұратын. Қазір енді ойымызда қалған он-он бес күйден артық тартпаймыз. Қолымыз қызса, шабыт шақырып, күйге күй қосып тарта береміз өзімізше. Бұрын тартып жүргендерді одан да шынықтырып тартамыз. Кеше «Қаражорға» Талғарда әдемі тартылды деп бағаланды ғой. Қол шабыты жүрсе, солай әдемі шығады. Бұл қолдың өзі шабыты жүретін жерде ерекше тартылып, айтылып та кетеді.
– Жырды айтып келе жатып ұмытып қалсаңыз қалай қыласыз, қай жерінен бастап айтасыз, әлде әңгімелеп жібересіз бе?
– Ойланып барып айтамыз да. Әңгімелегесін оның ізі табылмайды. Бір әрпі келмей қалса, сол өлең солайымен қалып кете береді. Сондықтан ойланып айтуға әрекет жасау керек. Екі-үш шумақ қайталап айтсаң, қалған жері тағы ойыңа түседі.
– Қазіргі халықтың ықыласы мықты ма, әлде бұрынғы тыңдаушылар ықыласты ма еді?
– Бұл жердегі жастардың ықыласын білмеймін ғой. Қазақстанда көп адам өлең дегенге түсіне бермейді. Өзіңді білетін, қоңсы дұрыс. Өзіміздің тыңдаушы үлкен кісілер, бұрын көріп жүрген, араласқан, тани білетін, бір елден барған болса, сөзімізді тыңдайтынына әбден қанықпыз ғой.
– Топқа түскенде жырды өзіңіз бастап айта бересіз бе, әлде бір үлкен кісілер жоба беріп отыра ма?
– Әркімнің көңіліндегісін айтамыз ғой. Әр беташардың тал-тал өлеңі бар. Әркімге өлең құрап айтамыз. Соған салған бес-алты сом пұлын аламыз. Бізге аяушылық жасап көбісі ақшаға шегеріп береді.
– Солардың бірінен үзінді айтып бере аласыз ба?
– Ойыма түспейді. Тұтас айтып отырғанда болмаса бірден ойға оралмайды. Ол үшін өлең тұтас айтылу керек. Былайынша бөлек айт дегенге таппаймын ешқайсысын. Тұтас айтқанда табамын.
– Сіз тоғыз дастанды толық айттым дейсіз. Кейін қалай ұмытып қалдыңыз?
– Қазір енді көңіл күй болмағасын ұмытылады ғой. Әрі өзім ұлғайдым. Оның үстіне кешегі кемпірімнің қайғысы, содан батыл болып жатыр ғой көбісі. Үйде отырып халыққа таспа жазамын. Соны шопандар он мыңнан сатып алып кетіп тұрады. Балдардың ырзығы ғой, енді қайтеміз?
– Құрда дастан жырлап отырғанда халық тыңдамаса не амал-айла қыласыз?
– Тыңдатуға тырысамыз. Тақа тыңдамаса, обалы өзіне деп ақша жинау үшін ән-термелермен секіртіп, өкіртіп, ойнатып шығамыз. Содан үй егесі «Дастан қалаушы кетті ғой, терме айта беріңіз» – дейді. Әне, сондайдан өлең бөлініп, қиылып қала берсе ұмытылады.
– Айтып жүрген дастандарыңызға ойдан сөз қосасыз ба?
– Ыңғайына қарай кейде қосылады. Сөздің байламына екі-үш қатар өлең қосып жібереміз. Әлқиссамен сөздің ажары мен кестесін, әрін келтіріп ұйқастырып айтамыз.
– Бір айтқаныңызды келесі жерде өзгертесіз бе?
– Жоқ, өзгертпейміз. Бастапқы қосылғаны жақсы, ұнамды болса, сол қалпымен айтып кете береміз.
– Жыр айтқанда қиқу салып отырасыз, ол не үшін керек?
– Ол енді «хайт» деген атанға мәдет деген бір сөз бар. Сол сияқты айтып отырған жыршыға «хайт» десе шауып келе жатқан аттай өзінің денесін ширатып, күшін жинап, шабысын түзейді. Бұл жыршылықтың да екпіні аттың шабысы қатарлы болады. Сонда тыңдаушы егіліп, беріліп тыңдайды. Түнде тыңдаушы қиқулап отырғанда, көкірекшені киіп отырып, терім шашырап, Қамбардың бәз бір жерлеріп төгіп тұрып айттым ғой, байқадыңыз ба? Соның арасында қиқулаған кезде адамға бір екпін пайда болады. Жосылып келіп айтсам, мені бір қарақұс көтеріп тұрғандай. Баяғы тісімнің түгел, күшімнің бар кезіндегі ән қайтаруларым бөлек еді. Алла тағаланың жәрдемі, қарақұстың күші деп көбіне соны айтамыз. Кейбір жерде арқам тырысып жібермей қалса, қолым жүрмейді, ісім алға баспағандай болады. Әне, сол сияқты тақылеттер ғой, шүкірім.
– Сіз жыр айтып отырғанда біреулер сөйлесе, мынауыңыз дұрыс емес десе, жырды ұмытып қалмайсыз ба?
– Ол маған айтылып жатқан сөз болмаса болды ғой, ұмытпаймын. Ал кітабыңда дұрыс емес десе «мақұл, жаңылған шығармыз» дейміз. Ал өзінше дұрыс емес деп жатса, «өзің айтып көр біздей қылып» деп таласып көреміз.
– Сонда сіз кітапқа сенесіз ғой?
– Иә, біздегі жыршылық сөздің көбісі кітаптан жаттап, үйрену ғой. Қалған жерін халықтан аламыз.
– Атақты айтқыштардан кімдерді көріп, тәлім алдыңыз?
– Мен жиырма жас шамасында атақты айтқыштардан Балқашбай Жүсіповты көрдім, кете Ақдос деген жырау келді. Екеуі қатар жүретін еді. Сосын Қуандық Бүрлібаевты көрдім. Ол аналардан едәуір жас еді. Сосын енді Наурызбек, Әнуар жырау дегендермен Қарақалпақта қатар жүрдік. Мұратбай, қарасақал Ермекбай жырау деген болды. Солардың әрқайсысының салған әнінен бір үлгі-тағылым алып қала береміз ғой.
– Жиырма жасқа дейін кімдерді тыңдадыңыз?
– Ол уақытта да жыраулар болды. Сейілхан деген сарғасқа руынан шыққан жігітті тыңдадым. Қаракесек Құрманбай ишанның баласы Әбділда деген болды бізбен қатар. Солардан ән нұсқасын алдық. Әуелі соларша саламыз, керек жерінде шабытымыз келсе, өзіміз жанымыздан қосып, дамытып кете береміз. Көбі ойыңда қалады. Әр жыраудың мақамы кеудеңе соғып-соғып кетеді, кейде пластинка қойып отырғандай құлаққа келеді.
– Жырды айтқанда бірден қызасыз ба, әлде қызынып айту үшін көп уақыт керек пе?
– Жоқ, кеуіл қошы жақсы болса, бірден қызып айта береміз.
– Жеті жастан бастап жыр айттым дедіңіз. Ата-бабаңыздың аяны болды ма?
– Ата-баба аян береді ғой. Менің нағашы жұртым темір дүкен ұстаған. Кейде шаршап-шалдығып жүрсем арқамнан қағып жібергендей болады Достан ұста, дүкенші Қожақай деген нағашыларым. Өз нағашым, шешемнің әкесі Тілеуберген деген кісі пері байлаған. Сонда періні ұстап, шырқыратып азаптап тұрған кезде айтқан: «Ай, аға, мені қинамаңыз. Менің ешкімге зияным тимейді. Бірақ қызыңның баласына зиянымды тигіземін», – деген. Сонда қызының баласы біз боламыз да, сондай-ақ Секеңнің Сәуле деген қызының баласының бір қолы нышанды болып туды.
– Оқып берген өлеңді түсіңізде айтып шығатын сәттер бола ма?
– Жоқ, ондай сезілмейді. Мені жыршылық ешқандай түсімде мазаламайды.
– Жыршылық өнер сізге нәпақа болды ғой. Өнерді нан табу жолы деп білдіңіз бе?
– Жастау уақытымдағыны білмеймін. Ол кезде нан тауып беретіп ағамыз, шешеміз бар еді. Ал енді сол кісілер дүниядан көшкесін, кемпіріміз екеуміз қалғанда басыма көп нәрсе түсті. Сосын «мынау керек, анау керек екен» деп көңіл бөліп, іздене бастадым. Маған он жасымнан бастап зейнетақы шығарған. Балалар ер жеткесін бұйырған нанын тауып жатыр.
– Жеңгейді қалай алдыңыз? Халық арасында «Өзі іздеп келіп тиіпті» деген сөз бар ғой.
– Іздеп келу емес қой, айттырып алдық. Айттырғасын қыз көңіл қойып, өзі ынталы болып келді. Біреулер «әзге тиіп не қыласың, ертең аштан өлесің» депті. «Сандалмаңдар, ол нанын таппаса, әйел алып не қылады?» деп қайырып тастапты жеңгең.
– Бала-шағаңыздың жайын айтсаңыз?
– Үлкен балам Ықылас (1966), содан соң Манас (1969), Қуаныш (1970), Нұрлан (1984) деген ұлдарым бар. Қыздарым Рима (1976), Гүлмира (1978), Айнұр (1997), кенжем Ләззат 1981 жылы туған.
– Жыр айтып отырғанда домбыра пернесінен жаңылып қаламын деп отырасыз ба, әлде сөзден жаңылудан қорқасыз ба?
– Жоқ, көбіне алдағы келетін өлеңге көңіл бөліп отырамыз. Сонда домбыра өзіңмен бірге түсіп, өзінің нақышты ізін тауып айтылып отырады. Жаңылып қала қойсам, шошынып отырамын, әлдеқалай болады деп.
– Алдыңызда неше адам, кімдер отырғанын аңғара аласыз ба?
– Сезімталдығымыз бұрын байқалатын еді. Қазір құлақтан қалғалы көбіне байқамай да қаламын, қанша адамның барын. Танитын кісілер болмаса аңғармаймын. Бұрын он жылдан кейін келсе де, даусынан ажырата беретінмін.
– Басыңыздан өткен жайттарды баяндайтын өлеңдерді өзіңіз жазасыз ба, біреу сіз болып жазып бере ме?
– Өзім жазған болып түйілетін өлеңдер бар. Оны жазып бергесін жаттап, меңгеріп айтамыз.
– Қазір жыршыны тойға шақыру азайып бара жатыр, оның себебі неде?
– Бүгінгі жастар ансамбльмен теңселіп ойнайды, тост айтады, шарабын ішеді. Менің өз басымда халықтың тойына шығу тап он жылдан бері қалып тұр. Қазір жырауды іздей бермейді, жыршылықпен ісі жоқ. «Қалдаш ағаның сөзі өзімізде бар» деп көбісі магнитофоннан тыңдап жүре береді.
– Көп жырды ұмытып қалуыңыздың себебі де жиі айтылмағаннан шығар?
– Иә, солай. Қазір жыр деген магнитофон таспасына жазылып, әр үйде тұратын болды ғой.
– Қазіргі айтып жүрген «Қамбар батыр» сияқты эпосты да кейін ұмытып қалмайсыз ба?
– Олардың жинақтары қолымызда бар. Кейде магнитофоннан тыңдап тұрамын. Қолымда кемі отыз таспа жазулы тұр. Ойымда барлары өзімде жүре береді.
Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы