Туниске Олимпиада алтынын әперген. Қазақ бапкерінің бір жылдағы биік жетістігі

5760
Adyrna.kz Telegram

Есбол Сұлтанов – Париж олимпиадасында Тунис еліне таэквондадан 2 тарихи жүлде алып берген жаттықтырушы. Былтырдан бері бас бапкер қызметін атқарып келе жатқан қазақ азаматының шәкірттері бір демде алғаш рет алтын және қола медальдарды еншіледі. Есбол Сұлтанов «Адырна» тілшісіне берген сұқбатында Туниске арнайы шақыртумен барғанын айтты.

Бұған дейін отандасымыз спортшы ретінде 2006-2007 жылдары Бейжің, Доха, Бангкокте өткен жарыстарда ел намысын қорғаған болатын. Кейін бапкерлікке ауысып, таэквондадан Қазақстанның кадеттер құрамасында, Ұлттық құрама сапында көмекші жаттықтырушы болып жұмыс істеді.

ТУНИСКЕ ТАРТҚАН ЖОЛ

Есбол Сұлтанов өзінің Тунис командасына қалай бапкер болғанын айтып берді.

- Өткен жылдың қыркүйегінде Тунис таэквондо федерациясының шақыруымен осы елдің ұлттық құрама командасының тізгінін қолға алдым. Негізінен құрама спортшыларымен оқу-жаттығу жиындарында бірнеше рет кездескенбіз. Олар 2020 жылы Токио олимпиадасының алдында Алматыға келіп, негізгі жаттығу жиынын өткізді. Сол кезден бері жақсы қарым-қатынаста болдық. Былтырғы әлем чемпионатында Тунис жақсы нәтиже көрсете алмай, медальсыз қалды. Кейін бас бапкерлерін ауыстырып, оның орнына жаңа маманды іздеді. Бірнеше үміткердің арасынан мені таңдап, жұмысымызды бастап кеттік, - дейді ол.

17 жылдық тәжірибесі бар маман қазіргі таңда өзге елдерден түрлі ұсыныстың түсіп жатқанын мәлімдеді.

- Тамыз айында келісімшартым аяқталды. Біз Париж олимпиадасына дейін бірге жұмыс істейміз деп келіскен болатынбыз. Тарихи көрсеткіштен кейін Тунис президенті келісімшартты создыру, жалақыны өсіру мәселелерін көтере отырып, қайта ұсыныс тастады. Тағы бір-екі елден де хабарласып, жұмыс ұсынғандар болды. Ал Қазақстанға келсек, әзірге менімен ешкім байланыспады. Ұсыныстар түсіп жатса, әрине, қарастырамыз ғой, - дейді бапкер.

СЫРТТАҒЫ ҚАЗАҚ БАПКЕРІНІҢ ҚАЗАҚСТАН КОМАНДАСЫНА БАҒАСЫ

Есбол Сұлтанов Париж олимпиадасына қатысқан қазақстандық таэквондошылар туралы да айтты.

- Спортшыларды Кадет құрамасын дайындап жүрген кезде көргенмін. Батырхан Төлеуғали – жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, Самирхон Абабәкіров –  G-1 Turkish Open турнирінің күміс жүлдегері, ересектер арасындағы турнирлерде ширек финалдарға шығып жүр. Әрине, үміт күттік. Өнерлеріне келетін болсақ, Самирхонда мүмкіндік болды. Алайда тәжірибе жетіспей қалды. Ал Батырхан әлі жас спортшы ғой. Оның ширек финалға жетуінің өзі жақсы бастама деп ойлаймын. Спортта әртүрлі жағдай болатынын ескерген жөн. Кейде бабы сай келмейді, кейде бағы жанбайды. Алдыңғы олимпиадаларда еркін күрес шеберлері жақсы өнер көрсетті. Бұл жолы грек-рим, дзюдо, спорттық гимнастикадан қатысқан спортшылардың бағы жанды. Олимпиадаға ешкім ұтыламын деп бармайды. Бәрі мықты дайындықпен, үлкен ынта-жігермен қатысады. Қазақстанда спортпен айналысуға жақсы жағдай жасалған. Сыртта жүргендіктен, бұл саладағы мәселелерді айта алмаймын. Арнайы комитет мамандары қорытынды жасап, стратегиялық бағдарламалармен жұмыс істесе, нәтиже болары анық, - деп пікір білдірді ол.

ЖЕТІСТІКТІҢ ЖЕКЕ ТӘЖІРИБЕСІ

Қазақ бапкерінің пікірінше, әлемдік додаларда топ жару үшін көп нәрсеге назар аудару қажет.

- Жақсы нәтиженің кілті кешенді жұмыста деп айтар едім. Ең алдымен, мықты команда жинауға мән беру керек. Жаттықтырушылар құрамасы, психологтар, медицина қызметкерлері мен менеджерлер аса маңызды рөл атқарады. Мәселен, Барселона, Манчестер Сити сынды футбол клубтарында бас бапкерден бөлек, көзге көрінбейтін мықты мамандар жүреді. Олар әр спортшымен жұмыс істейді. Бапкер мықты болып, басқа мамандар жұмысын нашар атқарса, нәтиже шықпайды. Немесе бапкер өз ісінің шебері болмаса, федерацияның көп ақша бөлгенінен де еш пайда болмайды. Сол үшін де топтық жұмысқа назар аудару керек. Мен Туниске барғаннан кейін командаға қажет мамандарды өзім таңдадым. Түйіндемелерін қарап, бұған дейін қол жеткізген нәтижелеріне мән бердім. Жұмысқа алғаннан кейін көңілім толмай, бір аптадан соң орнына басқа адамды қабылдаған кездерім де болды. Бір жыл үй көрмей, бірлесе қызмет атқардық. Енді, міне, жұмыла істеген жұмысымыздың нәтижесін көріп отырмыз,- деп сөзін қорытындылады Есбол Сұлтанов.

 

Диана Асан

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер