Қазақстанда «Ұлттық кітап» байқауы жарияланды

1494
Adyrna.kz Telegram

Үкімет қаулысымен 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып бекітілді. Осыған орай Мәдениет және ақпарат министрлігі  үздік кітаптарға арналған «Ұлттық кітап» байқауын жариялады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Құрметті достар! Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы тапсырма бергені белгілі. Қазақстан Республикасындағы мереке күндерінің тізбесіне жаңа мереке қосылды. Үкімет қаулысымен 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып белгіленді!

Президент өз сөзінде: «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», - деп атап өтті. Қоғамда кітап оқу мәдениет қалыптастыру бойынша министрлік тарапынан жүйелі жұмыстар жалғаса береді.

Осы орайда, Мәдениет және ақпарат министрлігі Ұлттық кітап күніне орай үздік кітаптарға арналған «Ұлттық кітап» байқауын жариялады», деп жазды Аида Балаева Facebook парақшасында.

Министрдің айтуынша, байқауда «Балаларға арналған үздік кітап», «Жасөспірімдерге арналған үздік комикс кітабы», «Нон фикшн (психологиялық, мотивациялық, бизнес) бағытындағы үздік кітап», «Детектив жанрындағы үздік кітап», «Сатира жанрындағы үздік кітап», «Үздік илюстрациялық кітап», «Үздік аударма кітабы», «Ең көп оқылған кітап», «Фэнтези жанрындағы үздік кітабы», «Үздік баспа» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталады. Сондай-ақ «Жыл кітабына» гран-при сыйлығы табысталады.

«Бұл байқау үздік кітаптарды анықтап, оны көпшілікке насихаттауға, қоғамды кітап оқуға үндеуге ықпал етеді деген ойдамыз», делінген жазбада.

Пікірлер