Қырғызстандағы жойқын сел. 5 адам қаза тауып, ондаған аулаларды су басты

1349
Adyrna.kz Telegram

Қырғызстанның Ош облысының Ноокат ауданында сел жүріп, бес адам қаза тапты, - деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы 24.kg сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі, Дағдарысты басқару орталығы басшысының орынбасары Байзақ Оторбеков растады деп түсіндірілді.

«Жергілікті тұрғындардың айтуына сілтеме жасаған ол, Әбшыр-Ата ауданында өзен жағасында демалып жатқан 6 адамды сел шайып кеткенін, кейін жергілікті тұрғындар бес адамның мәйітін тауып алғанын айтты», - делінген материалда.

Қазір Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері сел салдарын жою, қаза болғандар мен зардап шеккендердің жеке басын анықтау жұмыстарын жүргізуде.

Кеше, жұма күні түс ауа Ноокат ауданында жойқын сел болды. Толассыз жауған жаңбырдың салдарынан сел он ауланы басып, Әбшыр-Ата ауылындағы екі көпірді зақымдады. Тескей-Қожоқ ауылында 15 шаруашылық пен жергілікті мектеп зардап шекті. Қара-Бұлақ ауылында лай ағындары көлік пен көпірді бұзып кеткен. Тәжі-Қыштақ ауылында сел жеті аула мен бірнеше сарайды басып қалды. Ош-Раззақов тас жолындағы көпір зақымданған.

Пікірлер