«Жойылып кетуіміз мүмкін». Оңтүстік Корея төтенше жағдай жариялады

1872
Adyrna.kz Telegram
Сурет: azertag.az
Сурет: azertag.az

Корея Республикасы халық санының азаюына байланысты елде төтенше жағдай жариялады. Бұл туралы президент Юн Сок Ёл айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі «ТАСС»-қа сілтеме жасап.

«Мен ресми түрде ұлттық төтенше жағдай жариялаймын. Біз туу деңгейінің төмендігі мәселесі шешілгенше жалпыұлттық кешенді әрекет ету жүйесін қолданамыз», - деді басшы.

Президент «тенденция өзгермесе, республика халқы жойылып кетуі мүмкін» деген мәлімдеме жасады.

Yonhap басылымының мәліметінше, соңғы онжылдықта ел билігі туу деңгейін арттыру үшін түрлі ынталандыру шараларын қолданды. Алайда тұрғын үйдің жоғары бағасы, білім беру шығындары және ұзақ жұмыс уақыты сияқты факторлар азаматтардың отбасын құруға деген ынтасын төмендетіп отыр.

Президент саясаттың үш басымдығын атады: икемді жұмыс уақытын енгізу, бала күтімін қолдау жүйесін жетілдіру және қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Атап айтқанда, билік 2027 жылға қарай бұл құқықты пайдаланатын ата-аналардың үлесін қазіргі 7%-дан 50%-ға дейін ұлғайту мақсатымен декреттік демалыс ережелерін жұмсартып, оны әкелерге ұзартуды жоспарлап отыр.

Жұмыс берушілерге декреттік демалыстағы қызметкерлерді ауыстыру үшін уақытша жұмысшыларды жалдауға субсидиялар беріледі. Балалы отбасылар жеңілдетілген ипотекалық шарттар мен кеңейтілген салық жеңілдіктеріне ие болмақ.

Сонымен қатар «Демографиялық стратегияны жоспарлау министрлігі» құрылмақ. Ол демографиялық проблемаларды, соның ішінде туу деңгейінің төмендігін, қартаю мен көші-қон саясатын жеңу стратегияларын әзірлейді.

Айта кетейік, Оңтүстік Кореяның туу көрсеткіші 2023 жылы күрт төмендеуін жалғастырған еді. Кореядағы статистика басқармасының мәліметі бойынша, оңтүстік кореялық әйелдің репродуктивті өмірінде дүниеге келген балаларының орташа саны 2022 жылғы 0,78-ден 0,72-ге дейін рекордтық төменгі деңгейге дейін төмендеді. Бұл популяцияның тұрақты саны үшін қажетті бір әйелге шаққанда 2,1-ден әлдеқайда төмен.

2024 жылдың басында жарияланған деректерге сүйенсек, Оңтүстік Кореяда 52 246 747 адам бар.

Пікірлер