Саяси қуғын-сүргін құрбандарын жоқтап, олардың еңбегін зерттеп жарыққа шығарған, «Арыс» қорының басшысы Ғарифолла Әнес сұхбатында Алаш қайраткерлерінің тұлғалық қасиеті мен олардың мұрасы жайында айтады.
1937-1938 жылдары «шаш ал десе, бас алған» қызыл империяның жендеттері қазақ халқының оқыған көзі ашық азаматтарын қынадай қырып жіберді. 25 мыңнан астам адам жазаланып, атылып кетті. Оның ішінде “Алашорда” қайраткерлері болды. Кейін 1988 жылдың 4 қарашасында Жоғарғы соттың қылмысты iстер жөнiндегi алқа мәжiлiсiнде «Кеңес өкіметін қарулы көтеріліс арқылы құлату мақсатында ұйымдасқан «Алашорда» қайраткерлерінің контрреволюциялық, террористік астыртын құпия ұйымын әшкерелеу ісіне» қатысты сот үкімі қайта қаралды. Нәтижесінде Алаш ардақтылары ақталды. Олардан “халық жауы” деген қарғыс таңба алынып тасталды.
Алаш зиялылары шығарған басылымдарды жинақтап, том-томдап кітап шығарған филология ғылымдарының докторы, Халықаралық Айтматов академиясының құрметті академигі, Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің аға ғылыми қызметкері, алаштанушы Ғарифолла Әнеспен “Адырна” тілшісі тілдесіп қайтты.
“ҚАЗАҚ” ГАЗЕТІ — ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ТӨЛ ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ”
— «Шерлі шежіре. ХХ ғасырдың бірінші жартысында жарық көрген қазақ газет-журналдары» атты мәдени мегажоба дайындадыңыздар. Нәтижесінде он томдық баға жетпес кітап жарық көрді. Осы он томдықтың жинақталуына қанша уақыт кетті?
— 1992 жылы мен жетекшілік жасап отырған репрессияға ұшыраған зиялылардың мұрасын зерттейтін «Арыс» қоры (баспасы) құрылды. 1994 жылы алғашқы кітабымыз шықты. Міне, содан бері әлі тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Қазіргі кезге дейін жүздеген кітап басылып, тіпті үлкен порталымыз да ашылып жатыр.
Менің мамандығым – тарихшы емес, тілші. Сондықтан да осындай зиялылардың шығарған газет-журналдарын зерттеп, олардың мұрасын ұрпаққа табыстау міндетім деп есептеймін.
Өздеріңіз көріп отырған он том әлі жалғасып 30 том болмақ.
Алда тұрған он кітапта әйгілі «Қазақ» газетінің 1913-1918 жылдарды толық қамтитын 7 томы, 5 томды құрайтын «Айқап» журналының 1911 және 1912 жылдардағы қос жинағының факсимилді нұсқасы һәм 1917-1919 жылдары Семейде шығып тұрған «Сарыарқа» газетінің қолда бар сандары толық жинақталған.
Алдымен, “Қазақ” газетін кітап етіп шығару сол ерте 90-шы жылдардан басталды. Алаштанушы Аманқос Мектептегі екеуміз кірістік. Архивте Бисенбай Байғалиев деген ағамыз болды. Сол уақытта бірігіп зерттеуді бастап кеттік.
Алаш зиялылары ақталып болғаннан кейін олардың еңбегін зерттеуге ғалымдарда да, журналистер де дайын болмады. Өйткені, бұл еңбектер араб қаріпімен шыққан. Сондай-ақ, кітапханалардың арнайы қорында сақталған болатын. Сол кезден бастап көшіріп, Байтұрсыновтың, Бөкейхановтың, Жұмабаевтың еңбектерін жинақтай бастадық. Жалпы “Қазақ” газетін ең бірінші 2009 жылы шағын кітап қылып шығардық. Кейін 2013-2014 жылы екі рет басылған болатын. Міне, биыл сәті түсіп, “Қазақ” газетін түгел 7 том етіп басып отырымыз.
”Қазақ” газетінің ішінен барлық зиялылардың жүріп өткен жолын көруге болады. Алаш зиялыларының қай жерде оқығаны, кім ақшадан қиналып жатыр, оларға кім көмектескені жазылып отырған. Діни ахуал, экономикалық ахуал, жәрмеңкедегі бағалар, барлығы жазылған. Яғни, “Қазақ” газетін — қазақтың ұлттық төл энциклопедиясы дер едім.
“Айқап” үнемі ашық болды, оның барлық басылымы бар. Ал қалған “Қазақ”, “Сарыарқа” газеттерінің басқа нөмірлері табылуы мүмкін. Өйткені, ешқайсысы жабылғалы жатқанын айтпаған. “Айқап” қана өзінің тоқтайтынын айтып, жабылған.
Қазір “Сарыарқа газетінің 90 нөмірі бар, әлі 12 нөмірі табылмай жатыр. Кезінде бұл басылымдар туралы, Алаш зиялылар туралы бұған дейін орыс зерттеушілерінің көзқарасымен көрсек, енді оның түпнұсқасынан қарай аламыз. Өзіміздің зерттеушілерге, жастарға қолжетімді болды. Міне, 30 жылымды арнаған жұмысымыз алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Қазақ даласында ұлтты біріктірген, оларды дамытуға ат салысқан басылымдар көп болды. Олардың барлығын зерттемей тоқтамақ емеспіз.
«ҰЛТҚА ҚЫЗМЕТ ЕТКЕНДЕРДІҢ КІТАПТАРЫН ӨРТЕП ЖІБЕРГЕН»
– Әрине, зерттеу оңай болмағаны белгілі. Көп уақыт пен маңдай терді қажет етеді. Аталған басылымдарды жинақтау кезінде қандай қиындықтар болды?
– Әрине, қиындықтарсыз болмайды. Ең басты қиындық — түпнұсқаны табу.
Өйткені, Алаш зиялылары шығарған газет-журналдарды кезінде жоқ қылған. Мен Тіл білімі институтында 20 жылдай жұмыс істедім. Марқұм біздің директорымыз Ісмет Кеңесбаев солай айтып отыратын. Әрбір жексенбі күн, аптасына бір рет қазіргі Абай мен Желтоқсан көшелерінің қиылысында 1937-1938 жылдары бүкіл кітаптарды өртейді екен. Әркім сонда үйінде тұрған ескі, “халық жауы” атанған, ұлтқа қызмет еткендердің еңбектерін әкеліп, отқа тастау керекекен. Бұйрығын орындамаса, атылып кетеді. Міне, сондықтан газет журналдардың кей басылымдарын табу қиынға соғуда. Мәселен, 1917 жылдың 12 маусымында жарық көрді деген «Сарыарқа» газетінің (1917-1919) тұңғыш санын тауып оқу әлі күнге мүмкін болмай отыр. 1917 жылдың топтамасынан бұрын төрт саны табылмады деп келсек, қазір қолға түспегені екеу: №1 және №8. 1918 жылдың бақандай 12 саны да әлі күнге дейін жоқ. Ал күні кешеге дейін зерттеушілер «Сарыарқа» газетінің 1919 жылы да тұрақты шығып тұрғанынан бейхабар болған.
Содан кейінгі қиындық — түгендеу мәселелесі, қағаздың өмірі, өнімі ұзаққа созылмайды. Керемет сақтағанның өзінде ертең олар күл болып кетеді. Біз алғаш шығарған 20-30 томдық кітаптарымызды қайтадан басып шығамыз. Одан бөлек, электронды нұсқасын жасап, барлық архивті цифрландыру қажет.
Сұл мұраны жариялау үшін мемлекеттік комиссиялар құрылу керек. Зиялылар мұрасын кез келген баспа қалай шығарғысы келсе солай шығарады. Сондықтан білікті мамандарды жинап, комиссия құрып, архивтерді ақтарып, бір жүйеге келтіріп, басып шығару қажет.
— Мұндай құнды еңбектерді жинақтау үшін де көп қаражат кеткен болар және кітап қаншалықты қолжетімді болмақ?
— Бұл уақытты да, қаражатты да молырақ керек ететін еңбек. Бұл он том “Алаш Орда” баспасы мен “Ақжол” партиясының арқасында мемлекеттік тапсырыспен шықты. Қаражат жағынан солар көмектесті. Алдағы уақытта 30 том болады деген үмітіміз бар.
2021 жылы президентіміз қуғын сүргін құрбандарын толық ақтау жайында заң қабылдағалы бері зиялылар еңбегін басып шығаруға да мүмкіндік ашылды. Бұл кітаптардың мемлекет 3000 данасын шығарды. Қазақстанның барлық түкпіріне тарайды. Біз өзіміз 100 данасын шығардық. Енді осы басылымдар факсимилді түрде әрі параллель қазіргі жазу үлгісімен жарық көргендіктен, үлкенге де, кішіге де, студентке де, академикке де қолжетімді, алдағы уақытта экономистер мен заңгерлер, мәдениеттанушылар мен дінтанушылар, саясаткерлер мен қарапайым оқырман өз керегін еркін табуға мүмкіндік туып отыр.
Сонымен қатар, электронды нұсқасын порталға да шығарып қоямыз. Үлкен “Жоқтау” деген портал ашып жатырмыз. Оның ішінде 40 шақты сайт болады. Зиялылардың мұраларын салып отырамыз. Үлкен жоспарлар бар, бірақ бәрі қаржыға байланысты шешіледі.
– Айтып өткеніңіздей, бұл еңбекке 30 жылдай уақытыңыз кетті. Алаш зиялыларының газет беттеріне жариялаған мақалаларын оқып-зерттей отыра, олардың жаңа қырынан ашқан боларсыз? Сондай-ақ, біз білмейтін тың оқиғамен бөлісе кетсеңіз.
— Газет-журналдардағы мақалаларды оқи отырып, сол кезеңге түскендей боласың. Сол кездегі зиялылардың хәлін кешпесек те, оқиғаға терең бойлауға тырысасың. Ішінде жеккөрініштері де бар. Бірін-бірі қуадалағандары да болды.
Мен қазір әрбір мақаланың авторларын анықтап жатырмын. Мысалы, “Қазақ” газеті 1913 жылы 2 ақпан күні шықса, сол жылы 9 наурыздағы санына Ахмет Байтұрсынұлының жазғанын еске алғым келеді. Ол кезде Ахмет айдалып, Орынборда жүрді. Әлихан Бөкейханов Самарада мемлекеттік қызметте болатын. Оларды қасына екінші редактор болып Міржақып Дулатов қосылады. Сол кезде Ахмет Байтұрсынұлы “5 наурыз күні Семейден түрмеден шығып, біздің ортамызға Міржақып қосылды” деп жазады. Сондай-ақ, бұл газетте күн-күнімен, сағат-сағатымен бүкіл қазақтың зиялыларының тағдыр-талайы жазылды. Одан кейін қиын жағдайлар болды. Кейін топ-топқа бөлінді, репрессия, аштық басталды.
Одан бұрын 1905 жылғы Қарқаралы петициясындағы мәселені де айта кеткен жөн. Сол 1905 жылы Ресейде І Орыс революциясы басталғаннан кейін, татарлардың газеттері шыға бастады. Сол кезде “Айқап” журналының алғашқы нөміріне Ахмет Байтұрсынұлы “татарларда 90-ға жуық газет-журналдар бар, бізде жалғыз “Айқап” ғана бар” деп жазады. Сол кезде бұл газеттер қазақ халқына күш-қуат, демберіп отырды.
Аталған басылымдардағы қозғалған ең басты мәселе — мектеп, оқу және жер мәселесі. Өйткені, сол кезде орыстарды көшіріп әкеліп, қазақ жеріне қоныстандыра бастады. Қазақтардың бәрін ығыстырып, жерлерін бөліп берді. Қазақтар не істерін білмей сандырап қалды. Орыстар қазақ жеріне келген соң, орыс мектептер ашылып, қазақ мектептер азая бастады.
Сол кезде Алаш зиялылары оған дайын болды. Съезд өткізіп, Алаш автономиясын жариялап, қолдарына қару алып, елін қорғады. Бірақ өкінішке қарай, кейін Совет үкіметі бәрін тас-талқан қылды.
Кезінде Ленин 1919 жылы “барлық Алаш зиялыларын қудалау керек, қолына қару алып Советке қарсы соғысқандарды Совет жұмысына салу керек,-” деп ұрандады. 1925 жылы Голощекин келгеннен кейін үлкен қанды қасапбасталды. Араларына жік салып, ажыратуға тырысты.
Көбі айта бермейді, көбіне жастар білмейді. Оған дейінгі кезде 2 қазақ мемлекеті болды. 2 қазақ астанасы болды. Бірі – 1924 жылға дейін Ташкентте билік құрған Түркістен автономиясы.Орталығы Ташкент болды. Қазіргі Алматы облысы, Жамбыл облысы, Қызылорда облыстары Түркістан автономиясына қарады. Ал қалған жерлер Қырғыз Республикасы делінді, яғни Қазақ Республикасы болды. Оның астанасы - Орынбор болды. Сол 1924 жылы әрең дегенде шекаралық межелеу болып, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан деп бөлініп шығып, Қазақстан астанасын Қызылордаға көшіріп, өзі жеке республика болды. Бірақ 25 жылы қыркүйекте Қазақстанға Голощекин келді...
ОРЫНДАЛМАҒАН АРМАН
— Алаш зиялыларының арманы қазірорындалды деп ойлайсыз ба?
— Алаш зиялыларының арманы бүгінгі күнге дейін жартылай ғана орындалды дегім келеді. Өйкені, олардың арманы ұлттық мемлекет құру болатын. Жалпы дүниежүзіндегі халықтың, қайраткерлердің, адам баласының бір арманы бар. Ол — ұлттық мемлекет құру.
Бұрын жер бетінде 20 мыңдай тіл, ұлт болған. Ал қазір 2 мың ұлт бар деп айтады. БҰҰ-дағы мемлекет саны - 193. Біз бағы бар халықпыз. Сол 193 елдің біреуіміз. Біздің жеріміз бар, еліміз бар. Бірақ бізде ұлттық мемлекет құрылмай тұр.
1993 жылғы Конституциямызда ұлттық мемлекет деген сөз болатын. Өзгеріс енгізгенде 1995 жылғы Конституциядан бастап, бізден ұлттық мемлекет деген сөзді алып тастады.
Бір таң қалатын жағдай, 1913 жылы алаштықтар газет шығарып, 1917 жылдың аяғында, Алашавтономиясын жариялады. Айналдырған 4-5 жылда бүкіл Алаш ұйысты. Бұл кез келген елдің қолынан келе бермейді. Содан кейін 20-шы жылы Қазақстан өзі автономия болып құрылды. Кейін 1936 жылы одақтас республика болдық. Біз сол кезде одақтас республика болмағанда әлі күнге дейін татар, башқұрттар сияқты Ресейдің автономиясы болып отырар едік. Бұл — Алаш зиялылыарының еңбегі. Қазір жеке елміз дейміз. Бірақ, әлі күнге дейін тіл мәселесі, мектеп мәселесі шешімін таппай келеді. Биліктегілерге қазақ тілінде сөйлеуін талап ете алмай отырмыз. Өзге ұлттар түгілі, қазақ баласына қазақша үйрете алмай отыр. Сіздіңше, Алаштың арманы толықтай орындалды ма? Ұлттық мүдде бар ма? Әрине, жоқ.
— Қазіргі газет-журналдар зиялылыар шығарған “Айқап”, “Қазақ” сынды басылымдардан қандай үлгі алу керек?
— Бізде әлі күнге дейін екі нәрсе бар. Біреуі шырқыраған шындықты айта алмаймыз, екіншісі асыра мақтау, мақтаншақтық басым. Алаш зиялылары шығарған газеттер мен журналдарға таңғалып отырғанымыз, олар сөл кездегі реалды өмірдің шындығын жазды. Әрине, көпке топырақ шашпаймын. Бірақ қазір газетке шыққан материалдардың артын қазып көрсеңіз артында біреудің мүддесі тұрады. Мұны ұлттық мүдде үшін деп айта алмайсыз...
Содан кейін бүгінгі әрбір газет-журналдар өз тақырыбын табу керек. Бізде газеттің саны көп, етектей мақалаларды бірінен-соң бірі көшіріп басады. Газет-журнал, радио-телевидение, бұл — тәрбие құралы ғой. Олар, өз міндетін, тәрбиелік рөлін әлі алған жоқ. Біздің ұлт болып ұйысуымызға, сапамыздың өсуіне ат салысуы керек. Бірақ бізде керісінше болып жатыр, өкінішке қарай.
Сондықтан Алаш зиялылары жанын беріп шығарған, халықтың көзі, құлығы һәм тілі болған басылымдардан алар үлгі көп. Біз ұлттық мемлекетті нығайтуымыз керек. Ол үшін тәрбие құралына айналған газет-журналдарымыз ұлттың мүддесі үшін жұмыс істеу қажет. Қазір мемлекеттер азаймаса, көбеймейді. Алақандағыдай жер бөлініп қойған. Сондықтан, әсіресе, жастар ұлттық деген ұғымға мән беріп, ұлт үшін шынайы жұмыс істесе деймін.
– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!
Дана Нұрмұханбет
“Адырна” ұлттық порталы