Отан қорғаушы күнін ауыстыру керек пе? Ғалымның ұсынысына дипломат қарсы

1611
Adyrna.kz Telegram

Алаштанушы ғалым Отан қорғаушы күнін Алаш әскері құрылған күнге белгілеген жөн десе, дипломат онымен келіспейді. 

7 мамыр елімізде Отан қорғаушылар күні ретінде аталып өтіледі. 1992 жылы осы күні Қазақстан қарулы күштерін құру туралы президент жарлығына қол қойылған. Әйтсе де алаштанушы Сұлтанхан Аққұлына 7 мамыр күні ұнамай отыр.

«ОТАН ҚОРҒАУШЫ КҮНІ 24 МАУСЫМ БОЛУЫ КЕРЕК»

Сұлтанхан Аққұлы «Qasqa jol» ютуб каналында 7 мамырды Отан қорғаушылар күні ретінде қабылдамайтынын айтқан екен.

- ХХ ғасыр басындағы тарихымызды зерттеуге 30 жылдан астам уақытымды жұмсаған ғалым ретінде айтатыным, осы бүгінгі Қазақ мемлекетінің тұңғыш тұрақты ұлттық Қарулы күштері құрылған күн немесе Отан қорғаушылар күні – 7 мамыр емес, «өте қымбатты» Дариға Назарбаеваның туған күні емес, 1918 жылдың 24 маусымы болуы керек еді. Міне, тұңғыш Армиямыздың құрылған күніне биыл 106 жыл толады екен. 24 маусым күні – бізде тұңғыш ұлттық тұрақты Қарулы күштеріміздің құрылған күні, - дейді ғалым

Сұлтанхан Аққұлының айтуынша, 1917 жылы 12 желтоқсанда Орынбордағы екінші Жалпыұлттық қазақ-қырғыз құрылтайы Алаш республикасының, кешегі Қазақ хандығының жер аумағында сол мемлекет тірегі боп тұрған, мемлекеттің негізін қалайтын қазақ халқының саяси құлқымен Алаш ұлттық елінің автономиясы құрылды. «Бұл бүгінгі Қазақстанның сүйегі, негізі, іргетасы екенін ұмытпауымыз керек» дейді ол.

- Біз 1991 жылы тұңғыш рет тәуелсіздік алған жоқпыз, тәуелсіздігімізді қалпына келтірдік. Өйткені ол тәуелсіздіктен біз 1920 жылы тамыз айында айырылған болатынбыз, – дейді ғалым.

Ал Қарулы күштер құрылған 7 мамыр, сонымен бірге бұрынғы президент Назарбаевтың қызы Дариғаның да туған күні. Ғалым осы екі күннің бір датаға сәйкес келуі кездейсоқтық емес деп танитынын байқатты.

«ЕШКІМ «НАЗАРБАЕВАНЫҢ ТУҒАН КҮНІ» ДЕГЕН ЖОҚ...»

Алаштанушы Сұлтан хан Аққұлының пікірімен экс-дипломат Қазбек Бейсебаев келіспейді.

- Қалай болған күннің өзінде біз әскерді құрметтеуіміз керек. Себебі «Өз әскеріңді асырай алмасаң, өзгенің әскерін асырауға мәжбүр боласың» деген қанатты сөз бар. Сол себепті де әскерилерге арналған белгілі бір дата керек. Бұл күн Дариға Назарбаеваның туған күні екен деп Отан қорғаушылар күнінен мүлде бас тартпаймыз ғой. Әу баста бұл күнді белгілейтін кезде «7 мамыр Дариға Назарбаеваның туған күні» деп бізге ешкім айтқан жоқ. Әскери азаматтарды құрметтеу үшін арнайы күн болуы керек. Кезінде 23 ақпан күнін Совет әскерінің құрылған күні деп атап жүрдік.  Біз өзіміздің сарбаздарымызды бағалау үшін белгілі бір күн мереке ретінде аталып өтілу керек. Сол себепті Сұлтанхан Аққұлының пікірімен келіспеймін, - дейді Қазбек Бейсебаев.

Оның айтуынша, қазіргідей халықаралық жағдай ушығып тұрған кезеңде әскерге ерекше құрмет көрсетуіміз керек. «Әскери қызметкерлерге қолдау көрсетіп, қолымыздан келгенше көмектесуіміз керек» дейді дипломат.

- Өз басым 7 мамыр күнін Отан қорғаушылар күні ретінде белгілеген кезде экс-президенттің қызының туған күніне әдейі орайластырды деп айта алмаймын. Менің ойымша, 7 мамыр күнін 9 мамыр Жеңіс күніне жақын боған соң таңдаған секілді. Ендеше, 7 мамыр күні ұнамаса, 9 мамыр күнін Отан қорғаушылар күні ретінде атап өтейік, - дейді бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев.

«АЛАШОРДА ӨЗ АЛДЫНА БӨЛЕК МЕМЛЕКЕТ БОЛҒАН ЖОҚ»

Сұлтанхан Аққұлы Алаш әскері құрылған 1918 жылдың 24 маусым күнін Отан қорғаушылар күні ретінде атап өтуді ұсынып отыр. Қазыбек Бейсебаев алаштанушының бұл пікіріне де қосылмайтынын ескертті.

- Алашорда өз алдына бөлек мемлекет болған жоқ, тек қана Алаш қозғалысы мен партиясы болды. Олардың ішінен әр түрлі деңгейдегі белсенді азаматтар шықты. Біздің әскеріміздің жоңғарлармен соғысқан кезі болды. Сол кезбен байланыстырып Отан қорғаушылар күнін белгілеуге болады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бізге арнайы Отан қорғаушылар күні керек. Ол Алашпен байланысты бола ма, жоқ әлде Қабанбай заманымен орайластырамыз ба, мәселе онда тұрған жоқ. Бұл мәселені халық өзі шешуі керек. 7 мамыр күнін 30 жылдан астам уақыт атап өтіп жүрміз. Енді оны өзгертудің не қажеті бар?  Бізде атаулы күнді өзгертуден басқа маңызды проблема жоқ па? Сұлтанхан Аққұлының Алаш тақырыбында сіңірген еңбегін жақсы білемін. Әйтсе де тап қазіргі таңда Отан қорғаушылар күнін өзгертейік деген сөзі орынды емес секілді, – дейді дипломат.

Шынар Ақжанқызы

Пікірлер