Қазақстандық Ада Лавлейстердің «Super жүздігі»

519
Adyrna.kz Telegram

«Роботек» компаниясы «TechnoWomen Asia-мен» елімізде «Super 100!» бірегей жобасын бастады. Оның аясында жазғы мектеп ашылып, жүзден астам қыз бала бағдарламалау және құрастыру бойынша сабақ алады.

– «Super 100!» миссиясы – оқушы қыздарды STEM біліміне баулу, ақпараттық технологияларға, робототехникаға, инженерияға және жасанды интеллектке деген қызығушылықты ояту. Қазақ және орыс тілдеріндегі тегін курстар сұранысқа ие болады деп үміттенеміз. Біздің жоба қыздарға болашаққа алғашқы әрі сенімді қадам жасауға, мамандық таңдауға, отандық зияткерлік технологияларды жасауға көмектеседі», – деп атап өтті «Robotek» коммерциялық емес қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Диана Дүйсенова.


Бүгінгі таңда заманымыздың стратегиялық басымдығының бірі –цифрлық шындыққа нәзік жандыларды тарту. Олар үш ғасыр бойына әлемдік IT трендтерді алға тартып келеді. Мысалы, Ада Лавлейс 19 ғасырда есептеу машиналарының алгоритмдерін жазған адамзат тарихындағы алғашқы бағдарламашы ретінде белгілі, АҚШ Әскери-теңіз күштерінің контр-адмиралы Грейс Хоппер компьютерлік бағдарламалауды жасады, Хеди Ламарр заманауи Wi-Fi мен Bluеtooth-дің анасы деген атқа ие. «
Super 100!» авторлары жобаға қатысушылардың арасында Қазақстанды әлемге танытатын цифрлы амбассадорлар болатынына сенімді.

IT әлеміндегі әйелдердің маңыздылығын Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «TechnoWomen Asia» қатысушыларына алғысөзінде ерекше атап өтті:

— Бүгінде IT әлеміндегі әйел ешкімді таң қалдырмайды. Беделді әлемдік сарапшылардың болжамдары бойынша, 2030 жылға қарай IT әйелдер үшін қарапайым мамандыққа айналады. Біздің миссиямыз – цифрлық дағдыларды ілгерілету, цифрлық бизнестегі әйелдер кәсіпкерлігін қолдау және әйелдердің цифрлық экономикаға сенімі мен қабілетін дамыту үшін бизнесті басқару бойынша оқытуды насихаттау.

«Super 100!» түлектері «Technogirls» бағдарламасы аясында No Code, Low Code және Beta Career сияқты салаларда цифрлық білім беруді жалғастырады, сонымен қатар отандық және шетелдік компанияларда тағылымдамадан өтеді деп жоспарлануда.

Мира Алипинова






Пікірлер