Ораза айт қарсаңында көршілес Өзбекстан президенті жазасын өтеп жатқандарға рақымшылық жасаған, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеп.
Президент Шавкат Мирзиёев «Жазасын өтеп жатқан, істеген ісіне өкінетін және өмірін өзгертуге бет алған адамдар тобына рақымшылық жасау» жарлығына қол қойды. Ол жарлыққа сай 426 адамға рақымшылық жасаған.
426 адамның ішінде 135 сотталған негізгі жазасын өтеуден толық босатылса, ал 200 адам мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шықпақ. 26 адамның жазасы жеңілдетіліп, бас бостандығынан айырылған 65 азаматтың мерзімдері қысқарды.
«Рақымшылық жасалғандардың қатарында шет мемлекеттердің 11 азаматы, 50 әйел, 60 жастан асқан 13 ер адам, 30 жасқа дейінгі 157 адам (оның ішінде үшеуі кәмелетке толмағандар), сондай-ақ тыйым салынған ұйымдардың қызметіне қатысқан 5 адам бар», - деді Өзбекстан басшысының баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, Түрікменстанда сотталғандар үшін Қадір түніне орай амнистия жарияланған болатын.
29 наурызда Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов үкіметтің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне арналған отырысында дәстүр бойынша қасиетті «Гадир Гиджеси» түні, яғни Қадір түні құрметіне, бұрын сотталған 356 азаматқа рақымшылық жасау туралы жарлыққа қол қойды.