Әскери өмір: Қазақстанның Қарулы Күштерінің тарихы

699
Adyrna.kz Telegram

Мұқым ел Қазақстанның мығым қалқанына айналған Қарулы күштердің құрылғанына 30 жылдан астам уақыт өткен. Тәуелсіздікке қол жеткізген жас мемлекет шекарасын шегендеп, саяси жүйесін қалыптастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

Қазақстанның экс-президенті 1992 жылдың 7 мамырында Жарлыққа қол қойған. Ол Қазақстанның дербес Қарулы Күштерін құру туралы хабар болды. Бүгінде Қарулы Күштердің қарамағына Республика аумағында орналасқан барлық әскерлер кіреді.

Нақтырақ айтсақ, Құрлық әскерлері, Әскери-теңіз күштері мен Әуе қорғанысы кіреді.

Аталған Қарулы Күштердің қатарында Әуе қорғаныс күштері 1998 жылдың 1 маусымында құрылған. Әуе қорғанысы - ел қорғанысының флагманы болып табылады. Ал Әскери-теңіз күштері осыдан 21 жыл бұрын, 2003 жылдың 7 мамырында құрылған. Бүгінде Қазақстанның әскери-теңіз күштерінің құрамында 14 кеме бар.

Елдің бірлігін ұстап, егемендікті шайқалтпай, тәуелсіздіктің туын биік ұстауға ат салысып, кез келген қиындыққа, агрессияға төтеп беретін - Құрлық әскерлері. Қарулы күштердің бұл саласы 2009 жылдың 20 сәуірінде құрылған. Құрлық әскерлері елдің татулығын бұзбай, шегенделген шекараның құрлықтағы бөлігін бекем етіп, бітімгершілікті сақтауда ерен еңбек етеді.

Отанды қорғау – әрбір азаматтың борышы. Дегенмен бүгінде кей жастар Отан алдындағы борышын өтеуден жалтарады. Осы тұста психолог мамандар жастардың бойында патриоттық рух әлсіз екенін айтады.

Осы тұста елімізде әскерге баратындар мен парызын өтеп келгендерге бірнеше жеңілдіктер қарастырылған.

Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылуындағы ең алғашқы қадамдар - қорғаныс ісімен тікелей шұғылдану мақсатында Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі болып генерал-полковник Сағадат Нұрмағанбетов тағайын­далған болатын. Сол тұстан бастап 7 мамырда елімізде атаулы күн болып бекітілді.

Сондай-ақ, әскери мамандар даярлау – стратегиялық мәні бар маңызды іс болып табылады. Осы тұста әскерді жасақтап, сарбаздарды сапқа түзеу, оларды қару-жарақпен қамтамасыз етумен ғана шектелмейтінін түсіну керек. Отан қорғаушының дайындығына ат салысып, оны жаттықтыру, кез келген қиындыққа дайындап, әскери өмірге дайындау аса маңызды. Осы тұста елімізде әскери бөлімшелерден бөлек, арнайы ЖОО-лар бар.

Бүгінде ашық дереккөздерде  Қазақстан Қарулы күштерінің саны - 80 мың адам шамасында екені айтылған.

Елдің Бас қолбасшысы – Мемлекет басшысы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Ол әскерге барған азаматтарға арнайы жеңілдіктер қарастырылғанын айтты. Мемлекет басшысы:

“Әскери борышын өтеп келген азаматтар енді жоғары оқу орнына жеңілдікпен түсе алады. Сонымен қатар, мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар несиесін төлеу міндетінен уақытша босатылады. Әскерде борышын өтегендер өздері қаласа, армия қатарынан нақты мамандық алып шыға алады. Жалпы, сарбаздарды әлеуметтік қолдау шараларын мейілінше көбейту қажет”, - деді.

Жоғары Бас қолбасшы Тоқаевтың сөзінше әскерде борышын өтегендер мен парызын өтеп жүрген жастар нағыз сарбаз, нағыз маман болып шығуға міндетті болып табылады. Әскердегі азаматтар өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс екенін айтады.

«Әскери қызметшілерге жақсы жалақы төленуі керек. Үкімет Күштік құрылымдарға еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне көшкен кезде осыны ескеруге тиіс», - деп қосты Президент.

Өз ғұмырын Қарулы күштермен байланыстырған ер адамдардың қатарында намысын қолдан бермей, қиындыққа төзіп, қызметін адал атқарып жүрген қыз-келіншектер бар.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Қазақстан әскерінің құрамында 12 мыңнан астам әйел қызмет етеді. Бір қолымен бесік тербетіп, бір қолына қару алып, ел тыныштығын қорғайтын әскери өмірдегі әйелдер елдің әл-ауқатын сақтауға, қоғам ішіндегі келісім мен тұрақтылықты нығайтуға үлкен үлес қосып келеді. Әрбір нәзік жандының бойында бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін ұлы күші барын да ескеру керек.

32 жылдық белестен өткен Қазақстанның Қарулы Күштері құрлықта болсын, теңіз бетінде алып шекарасын шегендеп, жаудың аяғын бастырмай, елдікті даусыз бекітіп, тәуелсіздікті берік ұстап тұр. Қазақстан Рес­публикасының ел ты­ныш­тығын қорғап, халқын барлық қауіп-қатер­ден сақтауға, әлемдік үдеріспен бірге дамып ке­леді. Қарулы Күштердің елдікті сақтауда еселі еңбегі әрдайым еленуі тиіс.

Пікірлер