Эфир тарланы. Қазақ үнінің эталоны

1970
Adyrna.kz Telegram
Фото: Қазақ радиосы
Фото: Қазақ радиосы

Бүгін - Қазақ радиосының танымал дикторы, Халық әртісі Әнуар­бек Байжанбаевтың туғанына 101 жыл толды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Ол 1923 жылы 26 наурызда Семейде өмірге келген. Шың­ғыс­таудың бөктерінде туып-өскен Әнуарбек Нығметжанұлы дана Абайдың ауылдасы болған.

1939-1941 жылдары Алматыда Комму­нис­тік журналистика институтында білім алып, 1941 жылы соғыс бас­тал­ғанда алғашқылардың бірі болып майданға аттанған. Алайда 1943 жылы аяғынан қатты жарақат алып, елге қайтқан.

Кейіннен 1944 жылы Қазақ радиосына дикторлық қыз­мет­ке қабылданып, өмірінің соңына дейін осы салада қызмет етті. Майдан хабарларын әуе тол­қы­нында оқығанда көңілі толқып, кейде тіпті көзіне жас та келетін Әнуарбек Бай­жан­баев – 1945 жылы көп күттірген Жеңіс хабарын Левитаннан кейін эфирде қазақ тілінде алғаш сүйіншілеген диктор.

Әнуарбек Байжанбаев туралы әріптесі Сауық Жақанова да пікір білдірген.

"Әнуарбек ағамен Қазақ радиосында бірге қызмет істедік. Табиғатынан қарапа­йым, адал, сенгіш, ақкөңіл жан болатын. Аға екеуміз кезінде балаларға арналған «Пионер серігі» атты бағдарламаны жүр­гіз­ген едік. Бұл менің сол кездегі алғашқы бағдарламам болатын. Сол себепті хабар барысында көңілім толқып, даусымның дірілдей бастағанын сезген Әнекең мені жігерлендіріп, демеу көрсеткен. Әнекеңнің қолдауымен намысыма тырысып, бағдар­ламаны ары қарай жүргізгенім әлі есімде. Ұлы бола тұра, үнемі кішірейіп жүретін. Жүрегі өте жұмсақ адам еді, оны мен Әне­кеңнің соғыс туралы хабарларды оқыға­нынан байқадым. Қан майданның хаба­рын оқығанда тебіреніп, ерекше бір күйге енетін. Дауысы қоюлау, қоңыр дауыс еді.

Әнекеңнің жұртқа қамқорлығы, жана­шырлығы ерекше болатын. Сол уақытта еліміздің түкпір-түкпірінен Әнуарбек Байжанбаевқа арнайы хаттар ағылып келіп жататын. Ол кезде жеңіл көлік алу, баланы оқуға түсіру деген қиындау-тұғын. Сол се­беп­ті де үлкен кісілер: «Қарағым Әнуарбек, жинаған аз-маз тиын-тебенім бар еді. Сен анау Қонаевтың жанында жүресің, сол кісі­нің сөзін сөйлейсің, сөзің өтеді ғой, машина алуға көмектесші» немесе «баламды оқуға түсіріп берші» деп, түрлі-түрлі өтініштерін жолдайтын, көмек сұрап алдына келетін. Әне­­кең осы кісілердің  бірде-біреуін кері қай­­­тарған емес. Қолынан келгенше ел-жұрт­­қа көме­гін беріп, қамқорлық жасайтын. Бі­ле­тінімді осы Әнекеңнің мектебінен үй­ренд­ім. Сол кездерде бір ғана радиомен бү­кіл қазақ даласына хабар таратамыз. Күні-түні радиода жүрсе де шаршағанын көрген емес­пін. Маған ағалық қолдау білдіріп жү­ре­тін", - деді диктор Сауық Жақанова.

Сауық Жақанованың сөзінше көпшілік Әнуарбек Байжанбаевты "қазақтың Левитаны" десе, керісінше Байжанбаев: "Сауық, сен эфирдің Ақбаяны­сың" деген екен.

Пікірлер