Бас прокуратура Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-бірінші орынбасары Самат Әбіштің не себепті 8 жылға шартты мерзімге сотталғанын түсіндірді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі ҚазТАГ-қа сілтеме жасап.
«Сот сотталушының өз кінәсін мойындауы мен оның шын жүректен өкінуін жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. Әбіш қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға белсенді үлес қосты. Қылмысқа қатысы бар, алайда кінәсін мойындамаған басқа да адамдарды әшкереледі»,—делінген хабарламада.
Бұдан бөлек экс-шенеуніктің кәмелетке толмаған 5 баласының болуы да ескерілген.
Бас прокуратура Қылмыстық кодекстің 362-бабы бойынша шартты жаза қолданылмайды деген ақпараттың қате екенін мәлімдеді.
Сот Самат Әбішті Қылмыстық кодекстегі «Қызметін асыра пайдалану» бабымен (362-баптың 4-тармағы) айыпты деп тауып, 10 жылға лауазымды қызмет атқару құқығынан айырып, 8 жылға бас бостандығынан айырған. Ал Қылмыстық кодекстің 63-бабымен («Шартты түрде соттау») шартты жазаға ауыстырған.
«Әбіш жасаған қылмыстан сыбайлас жемқорлық фактілері анықталмады. Сол себепті Қылмыстық кодекстің 63-бабын осы қылмыстық іс бойынша қолдануға заңнамалық шектеулер болған жоқ. Айыптау үкімін шығару кезінде істің барлық мән-жай зерделенді»,—деп толықтырды Бас прокуратура.
Еске салайық, 19 наурызда Самат Әбіштің жабық сот шешімімен шартты түрде сотталғаны белгілі болған еді.