Айып пен жаза. "Амалын қарастырған" Самат Әбіштің шартты соты тағылған айыпқа қайшы шықты

932
Adyrna.kz Telegram
Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

Астананың Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Қылмыстық кодекстің 63-бабына сәйкес экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты шартты жаза тағайындау себебін түсіндірді. Алайда оған шартты жаза тағайындалуы тағылған айыпқа қайшы келеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ҚазТАГ-қа сілтеп.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 63-бабының 6-бөлігінде: «Қылмыстардың қайталануы, қылмыстардың қауiптi қайталануы кезінде, адамды аса ауыр қылмыс, сыбайлас жемқорлық қылмыс, террористік қылмыс, экстремистік қылмыс, азаптаулар, қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыс, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс үшін соттаған кезде адамдарға шартты түрде соттау қолданылмайды», - делінген.

Ал Самат Әбішке тағылған айыптар оның осы баптарға сәйкес ауыр қылмысқа және жемқорлық қылмысқа барғанын көрсетеді. 

Оған Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігінде көрсетілгендей "билікті асыра пайдаланғаны үшін" айып тағылған. Осы бап бойынша жазаның түрі -  мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Онда шартты жаза түрі қарастырылмаған.

Осыған орай Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты билікті асыра пайдаланды деп айыпталған Саматқа қатысты қылмыстық істі «құпия» белгісімен сот отырыстарын жабық форматта өткен.

Сот барысында прокурор Самат Әбішті белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан 10 жылға айырып, 8 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Қылмыстық кодекстің 63-бабының негізінде жазаны пробациялық бақылау белгілей отырып, сол мерзімге шартты түрде деп санауды айқындады. Сотталушы кінәсін толық мойындап, “шын жүректен” өкінген көрінеді.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, сот сотталушының жас балаларының болуын және оның "шын жүректен өкінуін" жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныған.

Әлеуметтік желіде де Самат Әбішке тағылған айып пен жаза көптің талқысына түсуде. Желі қолданушылары: “Отанына опасыздық жасағанға шартты түрде 8 жыл аз” десе, бірі “өмір бойына жазасын алу керек” деп жазып жатты. Пікір білдірушілердің біразы “Бұл - Ескі Қазақстанның көрінісі” дейді.

Еске салайық, 2022 жылдың қыркүйегінде ағасы Қайрат Сатыбалдының соты басталарда Самат Әбіштің “амал жасап жатырмын" деген видеосы кездейсоқ тарап кеткен болатын.

Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш Қаңтар оқиғасынан кейін көп ұзамай Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметінен айырылды.

2023 жылдың 19 қыркүйегінде Самат Әбіштің үстінен «Қаңтар оқиғасы» кезінде билігін және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.

2024 жылдың 15 қаңтарында Әбіштің ісі сотқа жіберілгені анықталып, 28 ақпанда Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев бұл іс сотта екенін мәлімдеді.

Кейін Самат Әбіш Қаңтар оқиғасы бойынша кінәлі деп танылып, шартты түрде сотталғаны анықталды. Сонымен қатар, прокурордың оны шартты түрде жазалауды сұрағаны, сот бұл іс бойынша ауырлататын мән-жайларды белгілемегені белгілі болды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қазір Әбіш пробациялық бақылауда.

Ал  Самат Әбіштің тікелей басшысы болған, ҰҚК-ның бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке Қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі бойынша "мемлекетке сатқындық жасады" деген айып тағылып, ол 18 жылға сотталған еді. Қаңтар оқиғасында кем дегенде 238 адам қаза тапқан.

Пікірлер