Досаев Тараз қаласының әкімі болып тағайындалды

5170
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Тараз қаласының жаңа әкімі тағайындалды. Бұдан былай бұл қызметті Қайрат Әскербекұлы Досаев атқаратын болады. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов шаһардың жаңа басшысын қала активіне таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өз сөзінде өңір басшысы Қайрат Әскербекұлының мемлекеттік қызметтегі тәжірибесін ескере келе, жаңа қызметте де  қаланың экономикалық-әлеуметтік дамуы жолында  нәтижелі еңбек ететініне сенім артты.

Қайрат Әскербекұлы Досаев, 1965 жылы туған, ұлты қазақ, білімі жоғары. 1987 жылы Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді ауылшаруашылық институтын «ауылшаруашылығын механикаландыру», 2007 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетін «экономист» мамандықтары бойынша бітірген.

Қ.Досаев өз еңбек жолының әр жылдарында  «Казсельхозмеханизация» ғылыми-өндірістік бірлестігінің және «Алтын диірмен» АҚ-ның инженері, «Дешт» ЖШС-нің директоры, Алматы қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бөлім бастығының орынбасары, Алматы қаласы Бостандық ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің сектор меңгерушісі, бастықтың орынбасары, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар агенттігі төрағасының көмекшісі, Алматы облысы әкімінің көмекшісі, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары, Қаратал ауданының әкімі, Алматы облысының табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау және тарифтер жөніндегі басқармаларының бастығы, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің кеңесшісі, «Казспортинвест» АҚ-ның вице-президенті, Жамбыл облысы Қордай ауданының әкімі қызметтерін атқарған. 2017 жылдың наурызынан бастап Жамбыл облысы Шу ауданының әкімі лауазымында қызмет атқарып келді.

Пікірлер