Тарихшы Нұрлан Атығаев: Мен Александр Невскийге ескерткіш орнатуда оғаш ештеңе көріп тұрған жоқпын

3546
Adyrna.kz Telegram

Zakon.kz порталында шыққан тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, сондай-ақ Алматы қаласының тарихи және мәдени ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия мүшесі Нұрлан Әділбекұлы Атығаевтың сұхбатын беріп отырмыз.

– Орыстың Православ шіркеуі Александр Невскийдің ескерткішін орнатпақ екен деген ақпарат шықты. Бірақ, олардың рұқсат алғанын естімедік, сонда мұны қалай түсінуге болады?

–2021 - 2022 жылдары Орыстың Православ шіркеуі Алматы әкімдігіне қаланың қоғамдық аумағына биіктігі 5 метрлік Александр Невскийдің ескерткішін орнату бастамасымен жүгінген болатын.  Заң талаптарына сәйкес, Алматы қаласының тарихи және мәдени ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия бұл мәселені бірнеше рет қарады. Ол отырыстарға комиссия мүшесі болғандықтан мен де қатысқанмын. Православ шіркеуі өкілдерінің Александр Невскийге арнап ескерткіш орнату жөніндегі өтініші үш рет кері қайтарылғаны нақты есімде. Соңғы рет комиссия осы жылдың мамыр айында ескерткішті орнатудан бас тарқан еді.

Осы орайда, менің өзім де, әріптестерім де ұсынылған ескерткіштің Алматының сондай-ақ жалпы Қазақстанның тарихына қатысы жоқ екенін атап айтқанбыз. Бұған қоса, қала аумағында ескерткіштерді орнатуға арналған бос жер учаскелері жоқ десек те болады. Сондықтан Қазақстанның кейбір тарихи тұлғаларына, мысалы, қазақ хандарына, батырларына және т.б. ескерткіштер әлі орнатылған жоқ. Тіпті ескерткіш қою туралы Үкімет қаулылары шыққан тұлғалар да бар. Алайда, қаражат пен жер учаскелерінің болмауына байланысты оларға ескерткіштер әлі орнатылмады. Невскийдің ескерткішіне қатысты әріптестерімнің тарапынан өзге де бірқатар ескертпе айтылды. Ескерткіштің пропорциясы бойынша да ескертпелер болғаны есімде. Осындай себептердің негізінде де ұсыныс қабылданбады.

– Олай болса бұл жолы қалай рұқсат алынып жүр?

– Менің білуімше, оларға іс жүзінде ешқандай рұқсат берілген жоқ. Қазақстанның Православ шіркеуі ескерткішті өзінің аумағында, яғни шіркеу ауласында орнатуға шешім қабылдаған. Әлбетте, мұндай жағдайда ресми рұқсат берілмейді әрі ескерткіш орнату мәселесі де біздің комиссияның құзыретіне кірмейді. Жалпы бұл – кең таралған тәжірибе.

Әлі есімде, 2018 жылы Латиф Хамиди бойындағы әйелдер монастырі ауласында әулиелер санатындағы үш тұлға - Сенім, Үміт, Махаббат пен олардың анасы Софияға арнап ескерткіш ашылған еді. Аталған мүсіндерді қою кезінде де арнайы рұқсат алуға ешқандай қажеттілік болған жоқ. Яғни, оларды орнату Қазақстан заңдарына  қайшы келмейтінін атап өткен жөн. Бірақ, мұндай жағдайда сөз болып отырған монументтердің тарихи және мәдени ескерткіш деген мәртебесі болмайтынын да ескерген жөн.

Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін және дін істеріне яғни шіркеудің мәселелеріне араласпайтынын бәріміз жақсы білеміз. Оның үстіне Александр Невский – православиелік әулие. Сондықтан шіркеу өз әулиесіне өз аумағында ескерткіш орнатып, құрмет көрсете алады.

– Сіз тарихшысыз, Александр Невскийге тұлға ретінде қалай қарайсыз? Жалпы, оның тарихымызға қандай да бір қатысы бар ма?

– Ғылыми зерттеу жасап жүрген тақырыбым  – ортағасырлық тарих, оның ішінде «Алтын Орда» деген атпен танымал Жошы Ұлысының тарихы. Орыс жерінің тарихы сол кездегі алып держава – Алтын Орда тарихының бөлігі саналады. Әлбетте, ол кездері Алтын Орданың орыс княздіктерімен қарым-қатынасы империялық-вассалдық қатынаста болды. Орыс князьдерінің иеліктері «Орыс Ұлысы» ретінде белгілі еді.

Александр Невский – сол кезеңдегі орыс тарихындағы ірі тарихи тұлғалардың бірі болды. Ол ұлы Князьдіктің белгісін атақты Бату ханның өз қолынан алды. Бұл ретте, Александр Невскийге деген көзқарас тіпті Ресейдің өзінде де, әртүрлі. Бірақ ол өз діні үшін көп қажыр-қайратын жұмсады. Ресейдің католиктік емес, православтық бағытта қалуында шешуші рөл атқарды деп баға берушілер бар. Сондықтан оны XVI ғасырда Орыс православ шіркеуі әулие ретінде ұлықтады.

Нақты тарихи деректер болмаса да, Александрдың әкесі, Владимир князі – Всеволод қыпшақ қызына үйленген деген болжам бар. Бұған қоса, Александр Невскийдің анасы да қыпшақ хандары әулетінен шыққан. Сондықтан оны «жиен» деп айтуға болады.

Александр Невский сол кезеңдегі орыс князьдері арасындағы  ең көрнекті дипломаты болды. Ол мақсатты түрде Алтын Орда билеушілерімен бейбіт және достық қарым-қатынасты дамытты. Бату хан оған оң көзбен қарап, ұлы Князь атағын берген. Александр Невский Бату ханның жақсы көретін ұлы Сартакпен дос болып,  бауыр тұтқаны жайында да айтылады. Бұл туралы әсіресе Лев Гумилев жазды. Бірақ қазіргі тарихшылардың көбі оны ойдан шығарылған дүние деп санайды.

Алайда, орыс қолбасшысы Александр Невскийдің ешқашан Алтын Ордаға қарап қылышын қыннан алмағаны шын мәнінде тарихи факт. Керісінше, ол Ұлы Дала мемлекетімен барынша достық, одақтастық қарым-қатынас орнатуға барынша тырысқан.

«Орыс жылнамаларына» сүйенсек, Алтын Ордаға алым төлеу үшін жалпы халық санағын жүргізуге қарсылық көрсеткен Новгород көтерілісі кезінде Александр Невский Орда жағына шыққан. Әрине, мұндай шешім орыстар үшін жағымсыз қадам ретінде көрінді. Алайда, сол кездегі ұлы дала державасының қуатын ескерер болсақ, бұл оның саяси көрегендігінің айқын дәлелі бола алады.

Л. Н. Гумилевтің сөзімен айтқанда, ол Русьті Ұлы Даламен жақындастырған адам болды.

Александр Невскийдің қолбасшы болғаны да ешкімге құпия емес. Ол ондаған жыл бойы өз елінің батыс шекараларында көршілерімен кескілескен күрес жүргізді. Кейбір тарихшылардың пікірінше, атақты Мұз шайқасында орыстар Алтын Орданың қуатты қолдауы арқасында ғана жеңіске жете алған. Бұл, басқаларын айтпағанда, католицизмнің Руське таралуына тосқауыл болды.

Сондықтан Ресейдің православтық ұстанымда қалуына біздің аталарымыздың да белгілі бір деңгейде үлесі бар екенін айтуға болады.  Сонымен қатар, көптеген орыс тарихшылары Алтын Орданың орыс мемлекеттілігінің қалыптасуына әсер еткенін мойындайды. Жалпы, Ұлы Дала мен Ресейдің қарым-қатынасы және өзара ықпалы тарихын дұрыс түсінуді қажет ететін қызықты жайттар өте көп.

– Демек, сіз Александр Невскийге ескерткіш қойғанда тұрған ештеме жоқ деп санайсыз ба?

–  Меніңше, өз тарихымызда ескерткіш қойылуы тиіс тарихи тұлғаларымыз жеткілікті. Сондықтан Алматы әкімдігі жанындағы біздің комиссия қаланың қоғамдық аумағына ескерткіш қоюға байланысты мәселеде дұрыс қадам жасады деп ойлаймын.

Сонымен қатар, мен Орыс Православ шіркеуінің өз аумағында, өз қаржысына орыс халқының тарихи тұлғасының ескерткішін  орнатуынан оғаш ештеңе көріп тұрған жоқпын.

Әрине, мен де қазақстандықтардың көпшілігі сияқты, Ресей мен Украина арасындағы соғысты айыптаймын. Десе де бізде Ұлы Дала мен Ресей халықтарын жақындастыратын, сондай-ақ осы игі іспен айналысқан тарихи тұлғаларымызға қатысты да ортақ тарихымыз бар. Ондай адамдарға ескерткіш қоюға болады және қажет деп те санаймын. Мысалы, 2019 жылы Ресейде XVI ғасырда Қазақ хандығы мен Ресей мемлекеті арасындағы байланысты дамытуға үлкен үлес қосқан қазақ сұлтаны Ораз-Мұхаммед Онданұлының құрметіне ескерткіш орнатылғаны белгілі. Аталған ескерткіштің ашылуына мен де қатысқан едім.

Сонымен қатар, Қазақстанда православ діні негізгі діндердің бірі екенін ескеру қажет. Осы орайда, Александр Невский православиелік әулие ретінде осы сенімді ұстанатын жерлестеріміз үшін де маңызды тұлға екенін ұмытуға болмайды. Ескерткіш тұғырда оң қолында иконасы бар Александр Невскийдің қарусыз тұрған бейнесі сомдалғаны есімде қалыпты. Оның орыс қолбасшысы Александр Невскийге емес, православиелік әулие Александр Невскийге арналған ескерткіш екенін аңғаруға болады. Осындай айырмашылықты отандастарымыз да түсінеді деп ойлаймын.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер