Таразда VI қазақстандық жазғы спартакиаданың салтанатты ашылуы өтті

8180
Adyrna.kz Telegram

Таразда Қазақстан Республикасының алтыншы Жазғы Спартакиадасының салтанатты түрде ресми ашылуы өтті.

Орталық стадионда өткен ауқымды шараға құрметті қонақтар және көпшілікпен бірге ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қатысты.

Тараздың терең тарихы сыр шерткен «Көне Тараз» бейнеролигі, «Бабалар рухы» дауылпаздар қойылымдары жиналғандарға ерекше әсер сыйлады.

Бұдан соң ортаға спартакиаданың туы шығарылды.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов төрт жылда бір өтетін шараның маңыздылығын атап өтіп, барша жиналғандарды құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сондай-ақ, министр Мемлекет басшысының қолдауымен бүгінде ел спортының қарқынды дамып келе жатқанын, ол үшін барлық тиісті жағдайлар жасалуда екенін атап өтті.

-   Қазақстан Республикасының Спартакиадасы - төрт жылда бір рет өткізіледі. Бүгінгі жарысқа еліміздің барлық өңірінен 1000-нан астам спортшы қатысып отыр. Бұл байрақты бәсеке ел тарихындағы елеулі оқиға.

Спартакиаданың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының жазғы спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларына ең мықты спортшыларды жасақтау және халықаралық ресми жарыстарға, оның ішінде Парижде өтетін 2024 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына лицензиялық жарыстарға қатысуға үміткерлерді анықтау.

Өздеріңіз білесіздер, елімізде жастардың спортпен және дене шынықтырумен айналысуы үшін барлық жағдай жасалып, Президенттің тікелей тапсырмаларымен қолдау тауып келеді.

Соның нәтижесінде, ел спортшылары небір халықаралық дүбірлі додаларда топ жарып, ұлт абыройын асқақтатып жүр. Олар өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болып, жастарды жарқын жеңістерге жетелейді.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Спартакиаданың өткізуіне ерекше қолдау білдіргендері үшін Жамбыл облысының әкімдігіне, тұрғындарына зор алғысымды білдіремін,-деді Асхат Оралов.

Сондай-ақ, министр жақында ғана Ташкент қаласында өткен бокстан әлем чемпионатында жеңіске жеткен спортшылардың жеке жаттықтырушыларына Қазақстан Республикасының Презитенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрмет грамотасын табыстады.

Ал Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов төрт жылда бір өтетін шараның салтанатты ашылуы киелі Тараз төрінде өтуі мерейлі мәртебе екендігін жеткізді.

- Спорт – денсаулықтың кепілі, достықтың берік тұтқасы. Дені сау жастарымыз – егемен еліміздің ертеңгі тірегі, тұтқасы! Бұл бағытта өңірімізде көптеген ауқымды спорттық шаралар ұйымдастырылуда.

Бүгінгі 4 жылда бір өтетін дәстүрлі Спартакиаданың  басты мақсаты – бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, дене шынықтыру мен спортты насихаттау.

Спартакиаданың ашылу салтанатының киелі Жамбыл жерінде өтуі біз үшін зор мақтаныш, мерейлі мәртебе.

Тараз топырағы – талай талантты спортшылардың томағасын сыпырып, түлеткен қасиеттi мекен. Бұл тұрғыдан біз олимпиада жұлдыздарымен мақтана аламыз, олардың жеңісті жолы – жас ұрпаққа үлгі.

Бүгінгі спорттық шараға қатысушы барлық спортшылар мен жаттықтырушыларға сәттіліктер тілеймін,-дей келе облыс әкімі спартакиаданы ашық деп жариялады.

Бұдан соң спартакиаданың алауы жағылып, төреші, спортшы, жаттықтырушылардың ант беру рәсімі өтті.

Салтанатты шара эстрада жұлдыздарының және жергілікті өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарламаға және мерекелік отшашуға ұласты.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер