Түркістанда ойнауға шығып кеткен жасөспірім іздестіріліп жатыр

3034
Adyrna.kz Telegram

Түркістан полициясы жоғалған жасөспірімді іздестіріп жатыр. Бұл туралы polisia.kz жариялады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Анасы кәмелетке толмаған қызы 25 наурызда сағат 17:00 шамасында үйден ойнауға шығып, оралмағанын хабарлаған. Жоғалған қызды іздеуге тәжірибелі полицейлер тобы жұмылдырылған.

"Кәмелетке толмаған қыз туралы ақпарат пен суреті барлық полиция бөлімдеріне жіберілді. Полицейлер жасөспірімнің баруы мүмкін жерлерді мұқият тексеріп, оның таныстарымен сөйлесті. Учаскелік инспекторлар ойын-сауық орындары мен саябақтарды тексеріп жатыр", - делінген хабарламада.

Жасөспірімнің бойы 130-135 сантиметр, шашы ұзын қара-қоңыр түсті. Үстінде жейде, қара джинсы шалбар, аяғында қара түсті аяқ киім болған.

Жасөспірім туралы қандай да бір ақпарат болса, Түркістан қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне 8-725-33-97-40-94, 8-747-497-42-24, 8-701-480-78-88 нөмірлері арқылы немесе 102 арнасына хабарласу сұралады.

Пікірлер