Қарағандыда Ақжолтай Ағыбай батырдың 220 жылдық мерейтойына орай дөңгелек үстел өтті

4051
Adyrna.kz Telegram

Күні кеше академик Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде 15 қараша – Батырлар күніне орай жарияланған «Батырлар мұрасы» онкүндігі аясында биылғы жылы мерейтойы аталып өтіп жатқан Ақжолтай Ағыбай батырдың  220 жылдық  мерейтойына орай «Ағыбай батыр – ел қорғаны» атты дөңгелек үстел өтті. Бұл шарада Ағыбай батырдың өмірі мен ел қорғаудағы еңбегі сөз болды.

Айта кету керек, батыр өз заманында ел қорғауда үлкен қажыр – қайратымен танылып, отарлық езгіге қарсы күресіп, үш жүздің басын біріктірген қазақтың соңғы ханы  Кенесары Қасымұлының сенімді серіктерінің бірі болған. Ел арасында ұрыста, жорық - жортуылда үнемі жолы болатындықтан «Ақжолтай батыр» атанған. Сонымен қатар ол есімі ұранға айналған дарынды қолбасшы. Қазақ жерін отарлық езгіден қорғауды алдына мақсат еткен батыр Қарқаралы аймағында патшалықтың отаршылдық саясатына қарсы көтеріліске белсене араласып, 1826-1846 жылдар аралығында отаршылдардың әскеріне бірнеше рет күйрете соққы берді. Ал Кенесары Қасымұлы өмірден өткен соң қазақтың азаттығы жолында күресін тоқтатпай, Сыздық төре қолының құрамында әскери қимылдарды жүргізді.

Жиналғандарға батырдың осынау ел алдындағы еңбегі жайлы университеттің тарих кафедрасының оқытушысы Н.Ошан, студенттер Б.Сахабай, Ш.Тұрғын, А.Ғалым, Ж.Бауыржан, М.Дүкенбай, А.Тұрарбек, Ж.Жанатбек, А.Әуелхан, Д.Жексенбай, Ә.Мұрат және шараға арнайы қатысқан қонақтар Қарағанды Университетінің тарих факультетінің деканы  Ж.Жұмабек, Ағыбай батырдың ұрпағы Қарағанды техникалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Б.С.Исмак айтып берді.

«Батырлар мұрасы» онкүндігі шарасы аясында жоспарланған келесі шара 24 қараша күні Қарағанды политехникалық колледжінде өтеді. Бұл жолы өтетін ғылыми – танымдық конференция қазақтың Батырлар институтының көрнекті өкілдері қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының 220 жылдығына, Есет батыр Көкіұлының  355 жылдығына, Ағыбай батырдың 220 жылдығына, қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметтің туғанына 100 жыл толуына орайластырылып отыр. Айта кету керек Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесі шеңберінде қолға алынған онкүндікті ұйымдастыруға мұрындық болған қаламыздағы «Qazaq club» мүшелері өткен жылы 15 қараша - Батырлар күніне орай қазақтың әскери мұрасын насихаттайтын «Жауынгерлік Даңқ лентасының тұсаукесерін өткізген болатын.

Пікірлер