“18 млн теңге”: Қызылордадағы элиталық мектепте мұғалімдерден ақша жинап жатыр

3172
Adyrna.kz Telegram

Қызылордадағы элиталық мектепте шу шықты. Бұл туралы kritikakyzylordy парақшасы жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Жазбада мұғалімдер 46 мың теңгелік жалпыға ортақ форманы сатып алуға ақша жинап жатқанын мәлімдеген. Олардың айтуынша, мектепте үнемі ақша жинатады.

«Жыл сайын ұстаздарға арналған жаңа формалар пайда болады. Неге? Үндемей газеттер мен журналдарға жазылу үшін ақша жинаймыз. Жөндеуге, енді міне, жаңа формаға (костюм мен белдемше) жинап жатырмыз. Мектебімізде 400 адам жұмыс істейді. Оны 46 мыңға көбейтсек, 18 миллион теңгеден астам қаражат шығады екен. Бұл сомаға бізге не тікпекші?», – деп жазған мұғалімдер.

Аталған жайтқа қалалық білім беру басқармасы пікір білдіріп, мектепте педагогикалық кеңес өтіп, онда ұстаздардың әдеп кодексіне сай киім киісі талқыланғанын мәлімдеді.

«Шешім бірауыздан, ұстаздардың жалпыға ортақ бір үлгідегі формаға өту туралы  ұсыныстары негізінде қабылданды. Педагогикалық қызметкерлердің костюмі қалай болатыны, қандай матадан тігілетіні туралы мәселе де шешілген. Мұғалімдер тарапынан қандай да бір наразылық болмаған», – дейді қалалық білім беру басқармасы.

 

Пікірлер