Түркіменстандағы "тыйым": гендерлік теңдік қайда?

3131
Adyrna.kz Telegram
Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден

Түркіменстанның жаңа Президенті Сердар Бердімұхамедов әйелдерге тырнақ жабыстырып, кірпігін ұзартуға, шаш бояуға, кешкі мезгілде сыртқы шығуына тыйым салды. Енді Түркіменстанның әйелдері бөтен ер адаммен бір көлікке отыра алмайды, тіпті,  пластикалық операция жасатуларына да болмайды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы тілшісі.

Сердар Бердімұхамедов биыл наурыз айында сайлаушылардың 72 пайыз дауысымен жеңіске жетіп, Президент болған еді. Ол — бұрынғы Түркіменстан басшысы Гурбангулы Бердімұхамедовтың ұлы. Әкесінің орнын басқан жаңа басшы таққа отырған бойда елде жаңа заңдар шығара бастады. Оның ішінде әлеуметтік желілерде кең талқыланып жатқаны — әйелдерге қатысты ережелер.

Түркіменстанның тұрғындары Президенттің бұл "қылығына" өзара наразылық та танытқан. Дегенмен соңғы апталарда ереже бұзған ондаған әйел жұмыстан қуылыпты. Ал сарапшылар болса, Президенттің "жаңа ережелері" қоғам наразылығын туғызуы мүмкін екендігін айтады.

Енді қараңыз, қай кезеңде де әйел адамдар сұлу, жинақы және сәнді жүріп-тұруды құптаған. Бүгінгі дамыған заманда әйелдердің боянып жүруіне, көлік жүргізіп, көшеге шығуына тыйым салу, тіпті, шектен асқан әрекет деуге болады. Себебі 21-ғасырда әйелдерге  мұндай "қысым" жасау олардың гендерлік құқығын бұзу болып саналады. Жаңа Президенттің бұл әрекетіне қарсы шыққан түркімен белсендісі, Түркияда тұратын Дурсолтан Таганова түркіменстандық әйелдермен қатар елдегі тұрғындардың көбі бұл тыйымдарға наразылық білдіріп жатқандығын жеткізген.

Ең қызығы, жаңадан сайланған Президент енгізген шектеулер жайлы бұл елде ешқандай ресми мәлімдеме немесе түсіндірме болмаған. Қазіргі таңда жергілікті билік өкілдері мен құқық қорғау органдары қызметкерлері әйелдерге тыйым салған құжаттың көшірмесін көрсетуден немесе мұндай шешімнің себебін түсіндіруден бас тартып жатқан көрінеді.

Қалай болғанда да бұл елде әйелдердің құқығын қорғайтын заң жоқ. Болған күнде де жаңа Президент оған жол бермейтін тәрізді. Түркіменстандағы жағдайды көріп, қазақстандық әйелдердің "бағы" бес елі екенін түсіндік. Себебі біздің елімізде әйелдердің құқығына шектеу қойылмаған. Қазақстанда шаш бояту мен кірпік жалғау былай тұрсын, әйелдер көлік те жүргізеді, түрлі ота да жасатады, шетелде емін-еркін қыдырып жүре алады,  тіпті, жынысты да ауыстыруға "рұқсат" беріп қойды. Әрине, шектеу қоймау осылардың барлығын жасасын деген сөз емес. Дегенмен біздің елімізде әйелдер ер-азаматтармен тең құқылы.

Осыдан екі жыл бұрын Ұлттық экономика минис­трлігінің статистика коми­те­ті БҰҰ-ның үш агент­ті­гімен – БҰҰ әйелдері, БҰҰ халықты қоныс­тан­ды­ру қоры және ДДСҰ-мен бірлесіп әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық туралы зерттеу жұмысын жүргізген болатын. Қазақстанның барлық аймағын қам­тыған сауалнамада қазақстандық әйелдердің 16 пайызы өз жолдасынан өмір бойы қорлық көріп келгенін мәлімдеген. Бұған қоса, басқа да адамдар тарапынан зорлық іс-әрекеттер жасалғанын айтқан. Бұл жерде әйел құқығы туралы сөз қозғасақ, біздің елімізде әлде де гендерлік саясат жайы ойдағыдай деп айтуға болмас.

Соңғы кезде қоғамда жиі жазылып, айтылып жүрген зорлық көрсету, ұрып-соғу, құлдықта ұстау сияқты деректердің түбіне үңілсек, бұл жерде де әйел құқығы тұр. Дегенмен бұл мәселе — бөлек әңгіме.

Сөз соңында, әлемдегі, оның ішінде қазақстандық нәзік жандылардың түркіменстандық әйелдердің "тағдырына" алаңдауына негіз бар. Себебі біз тәуелсіз, еркін, ер мен әйел тең құқылы елде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан, әйелдер қауымы, осындай құндылығымыз бен еркіндігімізді бағалайық! 

"Адырна" ұлттық порталы.   

Пікірлер