Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері ақын Бекжан Әшірбаевтың «Жанартау» атты жыр кітабының таныстырылымы өтті.
Кеш аясында ақынның өмір жолы мен шығармашылық мұрасына арналған «Бекзат болмысты Бекжан» атты деректі бейнефильм көрсетіліп, «Жанартау» атты жыр кітабының таныстырылымы болды.
Кешке Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қасымхан Бегманов, ақынның анасы Ұлбике Әшірбаева, Мемлекеттік силықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулет, жерлестері мен баспа өкілдері, көрнекті ақын-жазушылар мен белгілі эстрада жұлдыздары қатысып, ақынның кітабы туралы және шығармашылық мұрасы, азаматтық болмысы, ақындық әлемі мен адами қасиеттері туралы естеліктер айтты.
Шара барысында Бекжан Әшірбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған кітаптар, фотосуреттер және мұрағаттық материалдар көрмесі таныстырылып, Бекжан Әшірбаевтың «Жанартау» жыр жинағының көркемдік-идеялық ерекшеліктері мен ақындық әлемі туралы әдеби баяндама жасалды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің «Кино және медиа» мамандығының 4-курс студенттері Бекжан Әшірбаевтың «Жанартау» жыр жинағынан өлеңдер оқыды.
Сондай-ақ, ақынның сазгерлік мұрасынан «Көршінің қызы», «Жалғыз алма», және «Моншақ қыз» әндері орындалды.
Қазақтың айтыс өнеріне, журналистикасы мен әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырған ақын, сазгер Бекжан Әшірбаев биыл 14 тамызда 52 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Бекжан Әшірбаев 1974 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Жастайынан өлең өнеріне қызығып, 1989 жылдан бастап республикалық ақындар айтысына қатысқан. Айтыс сахнасында өзінің байыпты ойы, ұтқыр сөзі және өзіндік мақамымен танылды. 1996 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын журналистика саласымен қатар ұстаздық қызметпен ұштастырды. Әр жылдары «Қазақ университеті», «Ел мен жер», «Заң» басылымдарында басшылық қызметтер атқарып, «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактордың орынбасары болды.
Ақынның «Қоңыр әуен» атты жыр жинағы жарық көрген. Ол сазгер ретінде де танылып, әнші Тоқтар Серіктің орындауындағы «Көршінің қызы» әні арқылы кеңінен белгілі болды. Қаламгердің Қазақстан авторлар қоғамында ондаған әні мен мәтіні тіркелгені туралы деректер бар. Бекжан Әшірбаев әдебиет пен журналистикадағы еңбегі үшін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болды.

