Ерсайын Нағаспаев ҚТЖ басшысы болып тағайындалды

767
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/dNbh6F7ffezITCeRAAT1uNJMJ4BpSG1EPiqfnmwc.webp

 

Қазақстанда кадрлық ауыс-түйіс болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ерсайын Нағаспаевты Өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметінен босатты. Бұл туралы 24 қарашада Ақорданың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Мемлекет басшысының жарлығында министрді қызметінен босату себептері көрсетілмеген. Айта кетейік, Нағаспаев осы шешім жарияланардан бір күн бұрын Құрылтай депутаттарының алдында баяндама жасаған болатын. Ол Өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметіне 2025 жылдың ақпанында тағайындалған. Сондай-ақ 2026 жылдың қыркүйегінде жасақталған Үкімет құрамында да қызметін жалғастырған еді.

Алайда министрліктен кеткен күні Ерсайын Нағаспаевқа жаңа лауазым бұйырды. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры оның «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болып тағайындалғанын мәлімдеді. Тиісті шешімді қордың басқармасы қабылдаған.

Жаңа басшының теміржол саласында тәжірибесі бар. Ол 2021–2025 жылдары «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарушы директоры қызметін атқарған. Еңбек жолында Инвестициялар комитетінде, Сыртқы істер министрлігінде және Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде жұмыс істеген. Сонымен қатар Көлік және коммуникация министрлігінде, Ақтау халықаралық теңіз сауда портында басшылық қызметтерде болған.

Бұдан бөлек, Ерсайын Нағаспаев Қарағанды облысындағы Шахтинск қаласының әкімі, Астана қаласы әкімінің орынбасары және «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы қызметтерін атқарған.

Ал «Қазақстан темір жолы» компаниясының бұрынғы басшысы Елжас Отыншиев 11 қарашада «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповпен бірге ұсталған болатын. 13 қарашада тергеу соты оларды қамауға алу туралы шешім шығарған. Екі топ-менеджерге сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдік келтіріліп отыр.

Оларға қатысты тергеудің нақты мән-жайы әзірге жарияланған жоқ.

13 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің жедел кеңесін өткізді. Жиында Мемлекет басшысы Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиевтің ұсталуын мемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлықтың ауқымын көрсететін «елеулі белгі» деп атады.

Бұған қоса, Елжас Отыншиев ұсталғанға дейін бірнеше күн бұрын «Қазақстан темір жолы» компаниясының еншілес кәсіпорнында да басшылық ауысқан. Атап айтқанда, «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы қызметіне Әнуар Ахметжановтың орнына Сұлтан Шабидинов тағайындалды. Бұл туралы ақпарат Қаржылық есептілік депозитарийінің сайтында жарияланған.

Пікірлер