Премьер-министр Олжас Бектенов мұнай өңдеу саласын дамыту мәселелеріне арналған кеңес өткізіп, төртінші мұнай өңдеу зауытын салу жобасы бойынша кешенді бағалауды 2026 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
23 қыркүйекте өткен кеңесте президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту және жаңа МӨЗ салу жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы қаралды. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасеновтің мәліметінше, Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын 2030 жылға қарай жылына 12 млн тоннаға дейін, ал Павлодар мұнай-химия зауытының қуатын 2031 жылға қарай 9 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған. Сонымен қатар Атырау мұнай өңдеу зауытында өндірістік қуатты 6,1 млн тоннаға дейін арттыруға бағытталған жоба жүзеге асырылып жатыр.
Үкіметтің мәліметінше, үш ірі мұнай өңдеу зауытын кеңейту нәтижесінде олардың жиынтық қуаты қазіргі 17,5 млн тоннадан 28,8 млн тоннаға дейін өседі.
Кеңесте Энергетика министрлігі төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі әлі де пысықталып жатқанын хабарлады. Ведомство болжамынша, ұзақ мерзімді перспективада Қазақстанның мұнай өңдеу қуатына деген сұранысы жылына 40 млн тоннаға дейін жетуі мүмкін.
Осыған байланысты Премьер-министр төртінші МӨЗ-дің қуатын, орналасатын орнын, шикізат базасын және экономикалық моделін айқындайтын кешенді бағалауды аяқтап, жоба бойынша түпкілікті шешім қабылдауды тапсырды.
Сондай-ақ Олжас Бектенов мұнай өңдеу саласына инвестиция тарту үшін нарықты ырықтандыруды жалғастыру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстандағы бензин мен дизель отынының бағасы көршілес елдермен салыстырғанда шамамен екі есе төмен болғандықтан, бұл салаға инвестиция салу экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып отыр.
