НАТО-мен тәжірибе. Әзербайжан, Өзбекстан және Түркияның біріккен жаттығуы басталды

192
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/H29X4iTVb0qY0FEzlHEPGMl5A5n47cXtoTL2Fwev.jpg

Әзербайжанда 22 қыркүйекте Әзербайжан, Түркия және Өзбекстан қарулы күштері бөлімшелерінің қатысуымен «Бірлік күші — 2026» әскери жаттығулары басталды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ашылу рәсімі Қожавенд ауданындағы «Қызылқая» оқу орталығында өтті. Түркияның әскери қызметкерлері мен авиациялық техникасы, сондай-ақ Өзбекстанның әскери контингенті Әзербайжанға алдын ала жеткізілген.

Anadolu агенттігінің мәліметінше, жаттығу үш кезеңнен тұрады. «Қызылқаядан» бөлек, іс-шаралар Нахчывандағы «Қарабағлар» оқу орталығында және Каспий теңізінің Әзербайжанға тиесілі бөлігіндегі «Үлкен Зире» полигонында өтпек. Оған авиация, әскери кемелер, жауынгерлік техника мен ұшқышсыз ұшу аппараттары тартылады деп жоспарланып отыр.

Үш елдің әскери қызметкерлері бірлескен операциялар жүргізу мен бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды пысықтайды. Сонымен қатар оқу-жаттығудың мақсаттары қатарында даярлық рәсімдерін стандарттау, тәжірибе алмасу және жауынгерлік міндеттерді орындаудың жаңа тәсілдерін меңгеру бар. Жаттығудың қашан аяқталатыны әзірге жарияланған жоқ.

Айта кетейік, Өзбекстанның үшжақты әскери жаттығуға қатысуы Анкарамен қорғаныс саласындағы ынтымақтастықтың кеңеюі аясында өтіп жатыр. Сәуір айында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевке Түркиямен әскери мамандарды бірлесіп даярлау, ведомствоаралық байланыстар және әскери-техникалық әріптестік туралы баяндалған болатын.

Кейінірек түрік тарапы Өзбекстанға әскери кеңесшілер тобын жібергенін мәлімдеді. Түркиялық БАҚ-тың мәліметінше, кеңесші топты генерал-майор басқарады. Оның қызметі Түркияның Әзербайжан армиясын жаңғырту барысында жинаған тәжірибесін бөлісуге бағытталған.

Сондай-ақ Ташкент НАТО-ға мүше Түркиядан әскери техника сатып алып жатыр. Бұған дейін Bayraktar TB2 ұшқышсыз ұшу аппараттары, Ejder Yalçın броньды көліктері жеткізілгені, сондай-ақ ANKA дрондарын сату мәселесі қарастырылып жатқаны хабарланған. Алайда техниканың нақты саны мен келісімшарттардың құны жария етілмеді.

Пікірлер