ӘЧ-2026. Германия рекорд жаңартты, Жапония мен Нидерланд тең түсті

243
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/S5ZVKvx4r3cxjKhXeM4bpwIFZ80H3sh6jvfmxG23.jpg

15 маусым күні таңертең АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатқан футболдан әлем чемпионатының төртінші ойын күні қорытындыланды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Германия құрамасы Кюрасао командасын ірі есеппен жеңді. Е тобының кездесуі АҚШ-тың Техас штатындағы Хьюстон қаласында өтіп, 7:1 есебімен аяқталды. Неміс құрамасы сапынан Феликс Нмеча, Нико Шлоттербек, Кай Хаверц, Джамал Мусиала, Натаниэль Браун, Дениз Ундав гол соқты. Кюрасао сапынан Ливано Комененсия көзге түсті.

Бұл жеңістен кейін Германия құрамасы әлем чемпионаттары тарихындағы ең нәтижелі команда атанды. Немістер мундиальдердегі жалпы гол санын 239-ға жеткізіп, 238 голы бар Бразилияны артта қалдырды.

Германия және Кюрасао құрамалары Е тобында Кот-д’Ивуар мен Эквадор командаларымен бірге ойнайды. Эквадор мен Кот-д’Ивуар арасындағы матч та 14 маусымда өтіп, Кот-д’Ивуардың жеңісімен (0:1) аяқталды. Ойын АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Филадельфия қаласында өтті. Жалғыз голды 90-минутта «Манчестер Юнайтед» клубының жартылай қорғаушысы Амад Диалло соқты. Келесі турда Кот-д’Ивуар Германиямен 20 маусымда кездеседі, ал Эквадор Кюрасаомен 21 маусымда ойнайды.

Ал Жапония Нидерландпен кездесіп, ойын 2:2 есебімен аяқталды. Нидерланд сапынан Вирджил ван Дейк пен Крисенсио Саммервилл гол соқса, Жапониядан Кэйто Накамура және Даити Камада  жауап қайырды. Кездесу Техас штатының Даллас қаласында өтті.

Нидерланд пен Жапония құрамалары F тобында өнер көрсетеді. Бұл топта Швеция мен Тунис те бар. Алғашқы ойында Швеция Тунисті 5:1 есебімен жеңді. Жеңімпаздар сапында Ясин Аяри дубль авторы атанса, Александер Исак, Виктор Дьёкереш және Маттиас Сванберг бір-бір голдан соқты. Тунис құрамасының жалғыз голын Омар Рекик соқты.

Екінші турда Нидерланд 20 маусымда Швециямен ойнайды, ал Жапония 21 маусымда Туниспен кездеседі.

2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Турнир 39 күнге созылып, 104 матч ойналады. Жарысқа 48 құрама қатысып, 12 топқа бөлінген.

Плей-оффқа топтарында 1–2 орын алған командалар және үшінші орын алған ең үздік 8 құрама шығады. 1/16 финал 28 маусым–3 шілде, 1/8 финал 4–7 шілде, ширек финал 9–11 шілде, жартылай финал 14–15 шілде күндеріне жоспарланған. Үшінші орын үшін матч 18 шілдеде Майамиде өтеді, ал финал 19 шілдеде АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы «Метлайф Стэдиумда» болады.

Пікірлер