Өзбекстандық жүргізуші электрокарға мобильді күн станциясын орнатты

90
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/lwIDsu826s3IKGh3q6zie7MYgABvqfhwlp1oMRHo.png

Өзбекстанның Ташкент облысында тұратын BYD Song Plus иесі ерекше тәжірибе жасап, көлігін күн энергиясы арқылы қуаттайтын автономды жүйе құрастырды. Әлеуметтік желіде тараған видеоны Avtoelon.uz жариялады, деп хабарлайды “Адырна”.

Тұрғын кроссовердің төбесіне күн панелін орнатып, электромобильді қуаттауға арналған шағын станция жасаған. Жүйе құрамына 640 ваттық күн панелі, контроллер, күн энергиясын жинақтайтын аккумулятор және көлікті қуаттайтын құрылғы кіреді.

Видео кадрларында күн ашық кезде көліктің қуат ала бастағаны байқалады. Автордың айтуынша, жүйе шамамен 1 кВт көлемінде энергия бере алады. Осылайша көлікті арнайы қуаттау бекетінсіз-ақ зарядтауға мүмкіндік туған.

Дегенмен мұндай жүйенің кемшіліктері де бар. Күн бұлтты кезде оның тиімділігі айтарлықтай төмендейді, ал түнде мүлде жұмыс істемейді. Сонымен қатар көлікті қуаттау үшін кабельді қосу мақсатында терезені немесе жүксалғышты сәл ашық қалдыру қажет.

Соған қарамастан, Өзбекстандағы климат мұндай тәжірибеге қолайлы саналады. Елде жылына шамамен 300 күн ашық ауа райы сақталады, бұл күн энергиясын тұрақты пайдалануға мүмкіндік береді.

Мамандардың пікірінше, бұл жүйе кәдімгі қуаттау станциясын толық алмастыра алмайды. Панель көлік күндіз жеке аулада тұрған кезде ғана тиімді жұмыс істейді. Сондықтан кейбіреулер мұндай құрылғыны көліктің төбесіне емес, үй шатырына орнату әлдеқайда ыңғайлы екенін айтуда.

Сондай-ақ алыс сапар кезінде мұндай шешім пайдалы болуы мүмкін. Алайда шатырға орнатылған жабдықты заңдастыру, оның салмағы мен жүксалғыштағы орынды азайтуы сияқты мәселелер де туындауы ықтимал.

Пікірлер