Каспийдегі көрші. Қазақстан мен Иран президенттері бір-біріне құттықтау хат жолдады

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ST4F7ZtdEJdmpoDHeaQQ1nGuqPscnjMeNq7y8gHm.webp

Иран Ислам Республикасының президенті Ораза айт пен Наурыз мейрамдарына орай Қазақстан президентінің атына құттықтау жеделхаттарын жолдады, деп хабарлайды “Адырна”.

Ақорда мәліметіне сүйенсек, Масуд Пезешкиан құттықтауында мейірім мен берекеге толы осы қастерлі күндері мұсылман елдері арасындағы татулық нығайып, өзара ықпалдастықтың тереңдеуіне септігін тигізетініне сенім білдірді.

"Өз кезегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыста тұрақтылық орнауына және бауырлас халықтардың ынтымағы беки түсуіне тілектес екенін айтты. Президент қасиетті Ораза айт пен әз-Наурыздың жаңару рухы Иран халқына бейбітшілік және бақ-береке әкелсін деген тілегін жеткізді", делінген Ақорда хабарламасында.

Айта кетейік, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға шабуылдаған. Cодан бері қақтығыс әлі тоқтамады. Иран оған жауап ретінде АҚШ-тың Парсы шығанағы елдерінде орналасқан әскери базаларын атқылаған. Қазақстан Иранның бұл әрекетін айыптаған. 15 наурызда Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция референдумына дауыс бере келіп, Иранды айтып, елде қос биліктің болмауы керегін және Қазақстан оны өткергенін еске салған болатын.

“Иранда діни билік негізгі бағыт-бағдарды айқындап, шешім қабылдайды. Президент те бар, бірақ ол — формальды мемлекет басшысы, іс жүзінде ықпалды тұлға саналмайды. Жалпы, кез келген елде, соның ішінде Қазақстанда қос билік болмауға тиіс. Кезінде мұндай жүйені біз де бастан өткердік, бірақ баянсыз болды. Төрт жыл бұрын еліміздің ішкі тұрақтылығына қауіп төнді. Бұл Қазақстанға да, басқа мемлекеттерге де үлкен сабақ болды деп ойлаймын. Біз Иран халқына, оның мәдениеті мен тарихына құрметпен қараймыз. Сондықтан өз ұстанымымыздан айныған жоқпыз, әрдайым бейбітсүйгіш ел болып қала береміз”, - деген еді Президент Тоқаев.

Пікірлер