Бүгін, 15 наурыз күні «АБТМ» ЖШС ұжымы қазақы киімін киіп, республикалық референдумда өз таңдауын жасады. Маңызды саяси науқанға бір кісідей атсалысқан ұжым мүшелері ел болашағы үшін дауыс беру – әрбір азаматтың қастерлі борышы екенін атап өтті.
Салтанатты шараға «АБТМ» ЖШС бас директоры Низами Севзиханов та қатысты.
-Бүгін мен өз таңдауымды жасадым. Еліміздің жарқын болашағы жолындағы референдумға қатысуды әрбір отандасымыздың міндеті деп білемін, - деді Низами Севзиханов.
Маңғыстау өңіріндегі сайлау учаскелерінде биылғы референдум Амал мерекесімен тұспа-тұс келгендіктен, ерекше мерекелік көңіл-күй орнаған. Дауыс беруге келген тұрғындардың басым бөлігі ұлттық нақыштағы киімдерін киіп, ақжарма тілектерін айтуда.
Сайлау учаскелерінде қазақы әуендер шырқалып, өңірдің өзіндік рухы айшықтала түсті. Жұртшылық бір-бірімен көрісіп, жаңа жылмен құттықтап, мерекелік атмосферада азаматтық белсенділік танытуда.
Ұжым мүшелері ел ертеңіне бейжай қарамай, осындай маңызды сәтте бірлік пен ынтымақтың үлгісін көрсетті.
