Қазақ әдебиеті күні. Ілияс Есенберлиннің туған күні тойланды

304
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/P77s1fnZVMOLGgXn3PCATPndVkdONbGOsyy18U0S.jpg

10 қаңтарда, Қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің туған күнімен қатар Қазақ әдебиеті күні аталып өтіп жатыр. Бұл мереке 2019 жылы Қарағанды қаласында Республикалық Qazaq club бастамасымен Қазақ ұлттық күнтізбесіне енгізілген.

Ілияс Есенберлин – қазақ әдебиетінде ұлттық тарихымыздың бірнеше кезеңін қамтитын тарихи шығармалар жазған тұңғыш қаламгер. Оның «Көшпенділер» романы қазақ халқының тарихын жас ұрпаққа насихаттап, ұлттық сана мен тәрбиені оятуда айрықша рөл атқарған. Ілекеңнің шығармашылығы бүгінгі таңда қазақ әдебиетінің феномені ретінде бағаланады.

Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтады.

«2019 жылы Қарағанды қаласында Республикалық "Qazaq club" бастамасымен  Ұлт құндылықтарын сақтау және насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесінде 10 қаңтар – Қазақ әдебиеті күні ретінде белгіленді. Бұл күні 1915 жылы қазақтың дарынды жазушысы Ілияс Есенберлин дүниеге келген. Ілияс Есенберлинге дейін қазақ әдебиетінде ұлттық тарихымыздың  бірнеше кезеңін қамтитын тарихи шығармалар жоқ еді. Ілекеңнің басты жетістігі – төл тарихымызды романдар арқылы жаңғыртуында.

Тарихи романдары арқылы ұлттық сана мен тәрбиені оятқан көрнекті жазушының дүниеге келген күні Қазақ әдебиеті күні ретінде аталып өтуі – керемет бастама», – деп атап өтті.

Ақын Серік Ақсұңқарұлы да барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, Ілияс Есенберлиннің шығармалары арқылы жастардың ұлттық мұрасын танып, бойына сіңіру мүмкіндігіне баса назар аударды.

"Ілияс Есенберлиннің шығармашылығы – қазақ әдебиетінің  феномені. Оның туындылары арқылы жастарымыз өз тарихын, ұлттық мұрасын танып, оны бойына сіңіруге мүмкіндік алады", - деді ақын.

 

Пікірлер