Өзбекстанда жергілікті тұрғын "қатты күйзелістің салдарынан" шеге жұтып қойған, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Самарқандтық дәрігерлер ішінің қатты ауыруы белгілерімен ауруханаға түскен 29 жастағы ер адамға шұғыл операция жасаған. Тексеру нәтижесінде оның асқазан-ішек жолынан көп мөлшерде металл заттар — шегелер мен бұрандалар анықталған.
Медициналық мамандар жедел хирургиялық араласу қажет деген шешім қабылдап, операцияны лапаротомия және гастростомия әдістерімен жүргізген. Нәтижесінде науқастың іш қуысынан жалпы салмағы 200 грамнан асатын металл заттар алынған. Дәрігерлердің айтуынша, операция шамамен бір сағатқа созылған.
«Қазіргі уақытта науқастың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр. Ол өздігінен қозғала бастады және дәрігерлердің бақылауында», – дейді мамандар.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам қатты стресс жағдайында болып, өз әрекетіне есеп бермей металл заттарды жұтып қойған.
Айта кетейік, медицинада мұндай іс-әрекет, яғни жеуге жарамсыз заттарды жеу көбіне аллотриофагия немесе «пик» синдромы ретінде сипатталады. Бұл жағдай психикалық бұзылыстар аясында немесе ағзада микроэлементтердің қатты тапшылығы кезінде асқынуы мүмкін.