"Бекежан алыс жолға аттанды". Меруерт Өтекешова Асанәлі Әшімовті ақтық сапарға шығарып салу рәсімінде еске алды

89
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/JX1IJyn1GHkIwpBnLNiJKbmTWGNM02yTf4AqTbNl.jpg

Қазақ киносының жауһары “Қыз Жібек” фильміндегі Жібек рөлін сомдаған актриса Меруерт Өтекешова театр үшін орны толмас ауыр қаза болған Асанәлі Әшімовті ақтық сапарға шығарып салу рәсімінде еске алды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Актриса марқұмның қазасын театр үшін ауыр жоғалтылық деп атап, Асанәлі Әшімовтің есімі ел жүрегінде мәңгі сақталатынын айтты.

“Бұл – театр үшін орны толмас қайғы. Біздің сүйікті Асанәлі ағамыз алыс сапарға аттанды. Бірақ ол жүрегімізде мәңгі қалады. Халық оны ешқашан ұмытпайды. Асанәлі ағаның ойнаған рөлдері де, түскен фильмдері де, сіңірген еңбегі де ұшан-теңіз”, – деді Меруерт Өтекешова.

Актрисаның айтуынша, Асанәлі Әшімов өнер жолының басында жүрген кезінде оған аға, ұстаз және дос ретінде көп демеу болған.

“Маған Асанәлі аға аға ретінде де, актер, ұстаз, дос ретінде де көп көмек көрсетті. Өнер жолын енді бастаған кезімде мен өте жас едім. Төлегенім алыс сапарға кетті, енді Бекежаным - Асанәлі аға да бүгін алыс жолға аттанды. Енді олар жоғарыда бір-бірімен қауышып, бізге жұлдыздай қарап, қамқорлығын көрсететін шығар. Әттең, бір жыл жетпей қалды. Келесі жылы театрымыздың 100 жылдығы тойланады. Қалай болғанда да, Асанәлі ағаның орнын ешкім баса алмайды”, – деді актриса.

Пікірлер