1919 жылы 4 сәуірде В.И.Лениннің өзі қол қойған Бүкіл Одақтық Атқару комитетінің (БОАК) қаулысымен алашордашыларға кешірім жасалынды. Мақсат сол кездегі билік басындағы большевиктік өкіметте білімді адамдардың аз болуына байланысты, Алаштың білімді мамандарын Кеңес өкіметі жағына шығару еді. Әлекеңнің өз сөзімен айтқанда: «Найзаның ұшы, айбалтаның жүзімен» Кеңес өкіметіне қызмет етуден бас тартқан Әлихан Бөкейхан 1922 жылдың күзінде Мәскеуге жер аударылады.
Әлихан Бөкейхан Кеңес өкіметіне қызмет етуден бас тартқанымен қазақ еліне, Алашына қызмет етуді борышым деп санады. Мәскеуге жер аударылса да, елінен хабар үзбеген Әлихан жат жерде жүріп, ұлт зиялыларының басын біріктіре отырып, халқының ұлттық өнерін, мәдениетін, әдебиетін, білімін өркендету жолында еңбек етеді.
Большевиктік қызметке белгілі мақсатпен араласа бастаған А.Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, С.Садуақасұлы сынды әріптестері арқылы Ә.Бөкейхан Қазақстандағы саяси-қоғамдық, мәдени, әдеби процестерге бағыт-бағдар беріп, басшылық жасауды жалғастыра береді. Әлихан Бөкейханның тікелей басшылық нұсқауымен С.Асфендияров өзінің ғылыми еңбектерін, ғұлама ғалым А.Байтұрсынұлы өзінің әйгілі лингвистикалық еңбектері «Тіл құралы», «Әдебиет танытқыш» Ж.Аймауытұлы «Психология», М.Жұмабайұлы «Педагогика» секілді ғылыми еңбектерін жазса, сол кездегі жап жас жігіт Қаныш Сәтбаев орта мектепке арналған «Алгебра» оқулығын жазып шықты. Осы кездегі Әлекең бастаған қазақ зиялыларының атқарған ролін ағылшын ғалымдары: «Около дести лет, вплоть до начало 30-х годов, члены Алашорды сохраняли почти полный контроль над образованием, прессой и издательским делом в Казахстане, следуя единственной цели придать советской Казахской культуре отчетливо национальный» деп, сол кездегі тарихи ақиқатты шыншылдықпен сипаттайды. Иә, сол кездегі ұлт зиялыларының алдындағы кезек күттірмейтін ең күрделі де өзекті мәселе – бұл ұлттық ерекшелік пен құндылықтарды негізге ала отырып, ғылымға білім мен мәдениетке ұлттық бояу, ұлттық нақыш беру еді. Бұл игі істің бастауында өз халқын жан-тәнімен сүйген ұлт көсемі, қазақ халқының аяулы перзенті, энциклопедист-ғалым Әлихан Бөкейхан тұрады.
Мәскеуде айдауда болған өмірінің осы тұсында Ә.Бөкейхан өзінің педагогикалық танымын айқындайтын ғылыми еңбегін және мектеп мұғалімдеріне қосымша ғылыми көмек ретінде «Пыланеттер», «Луи Пастер», «Білім күші» және саяси гуманистік көзқарасын айқындайтын «Хахас» атты мақалаларын жазады.
Ғұлама ғалым Әлихан Бөкейханға педагогикалық еңбек етене жақын еді. Себебі, Әлекең 1894 жылы Санкт-Петербургтегі Орман институтын орман экономикасы мамандығы бойынша бітіріп, сол жылы Омбы қаласындағы төменгі дәрежелі Орман мектебіне жұмысқа қабылданған соң, мектепте екі жылдай өз мамандығы бойынша дәріс оқып, сабақ береді.
«Серуен жасап зерттеу әдісі» ғылыми еңбегінде көрсетілген ғылыми-педагогикалық тәсілдерді Әлихан Бөкейхан біреуден естуі бойынша, болмаса әр ғалымда болатын ғылыми түйсік арқылы жазған жоқ. Ол педагогикалық жұмыспен тікелей өзі айналысқан 1894-1896 жылдары кезіндегі тәжірибесіне және теориялық ғылыми даярлығына сүйенді деп толық сеніммен айта аламыз. Себебі, еңбек соншалықты қарапайым, әрбір мұғалімге түсінікті және биік дәрежелі ғылыми негізде жазылған. Еңбек оқушы балалармен тікелей араласып, сабақ беретін мектеп мұғалімдеріне ғылыми методикалық нұсқау іспеттес. Еңбекте Ә.Бөкейхан бірінші кезекте көзбен көріп, қолмен ұстаған тәжірибеге сүйенеді.
«Серуен жасап зерттеу әдісі» еңбегінде Әлихан Бөкейхан: «Шын білім тәжірибеде ғана туады. Білім жолының негізі – тәжірибия. Жаттап алып білген білім мектептің табалдырығын аттай бере естен шығады да ұмытылады. Қандай жақсы кітап болса да, кітап кісінің сөзі, оны біреу тапқан. Аңда жүріп кісі байлаған түлкі, өзің қуып алған түлкіге жетпейді» - дейді.
Білімді игеруде ең бірінші кезекте тәжірибеге сүйену керек. Қандай жақсы кітап болса ол біреудың сөзі яғни, теория. Ал, көзбен көріп, қолмен ұстап, тәжірибе арқылы өзінің көзі жетіп, еңбегімен, өз бетінше өзі тапқан білімге еш нәрсе жетпейді, - деген ойды Ә.Бөкейхан сол кездегі мұғалім мен оқушының тұрмысы мен пайым түсінігіне лайықтап «Өзің қуып алған түлкіге жетпейді» деп түсіндіреді.
«Білім анасы – тәжірибә» деген Әлихан Бөкейхан: «Жерді, ауаны,суды, жанды, жансыз өзімізді қамап алған затты тану тәжірибемен ғана болады. Бұ туралы тәжірибә көзбен көрген, қолмен ұстағаннан басталады. Ақыл зерек тексеріп, тергеп, терең бойлап тоқып, кестелеп көзбен көргеннен қолмен ұстағаннан қорытынды шығарады. Бұ неше сыннан өтіп, таспадай сыдырылып, таяқтай жонылып, білім негізі болып шығады. Тәжірибесіз білімде негіз де жоқ, бет те жоқ. Білім анасы тәжірибә! Баланы баулыған оқытушы білім үйретпек болса, жаттаманы талақ қылады да тәжірибә жолына түсіреді. Оқытушы ісіне шебер болса, өзі де балалар да табиғатты әліппедей оқып, аты бәйгеден келіп, бүркіті түлкі алғандай қызыққа батады да қуанады. Бала оқуға күйі түскен қаршығадай түлеп ұшады», - дейді.
Практик-ғалым Ә.Бөкейханның айтуынша мұғалім оқушының сабаққа қызығушылығын арттыру үшін, жалаң теория, жаттанды сөзді тастап, оқытушының әрбір сабағы сыртқы ортамен, өмірмен тығыз байланысты болуы шарт. Бұл іс мұғалімнің шеберлігіне байланысты.
Ауылдағы мектепте табиғат тану тәжірибесін мынадан бастайды,- деген ғалым, «Серуен жасап зерттеу әдісі» еңбегінде өте бір қызықты жағдайды баяндайды.
Май айында қолында лупасы бар мұғалім оқушылармен серуенге шығады. Олар келе жатып тобылғының сабағында жабысқан тарыдай түймешек дақтарды көреді.
«Бұл не?» деген мұғалім сұрағына балалар: «Бұл жыланның сілекейі», – деп жауап береді. Мұғалім балаларға лупамен сілекейді көрсетеді де, бұл жыланның сілекейі емес, көбелектің жұмыртқасы деп жауап беріп, осы жұмыртқадан көбелектің қалай шыққанын бақылаймыз,-дейді.
Тобылғыны белгілеген балалар үйіне қайтады. Балалар сілекейден көбелек пайда болғанға дейінгі өзгерістерді күнде келіп бақылап, өз көздерімен көреді. Ең соңында мұғалім: Балалар, көрдіңдер ме біз:
- Шиден жыланның сілекейі секілді нәрсені көрдік.
- Ол бірнеше күннен соң жұмыртқа болып шықты.
- Жұмыртқа толғанып жұлдыз құртқа айналды.
- Жұлдыз құрт өсіп бұршақ болды.
- Бұршақтан көбелек шықты.
Н.Маханов
ОҚО, Созақ ауданы, Таукент поселкесі,
І.Кеңесбаев атындағы жалпы орта мектебі