(Әйгілі фотомергеннің туғанына – жетпіс жыл)
«Жас алаштың» киелі шаңырағына уық шаншыған кезімізде бүгінде жетпіске жүгіріп жеткен ағаларымыз отыз бен қырықтың арасында сайран салып, «жайнаған туы жығылмай» (Абай) жүрген жігерлі жігіттер еді. Махамбеттің сарбаздары секілді жорық десе жортып кете беретін менің арыстан жүректі, балуан білекті ағаларым бірінен-бірі өткен сері болатын. Сол серілердің ішінде жастар басылымының тісқаққан фототілшісі Рахымбай Ханалиевтің шоқтығы биік-тін. Биік болатын себебі, ол қарапайым һәм қатардағы фотомерген саналса да, даңқы мен дақпырты көршілес жатқан екі-үш елге жайылған танымал адам сойынан-ды. Өте көпшіл екендігі, көшеден таныс-паныс біреу-міреуді көре қалса, көп ойланбай шаңырағына ертіп әкететіні, екі бөлмелі үйінен өмірі қонақ арылмайтыны, сол замандағы танымал қаламгерлер мен талантты әртістердің бәрі оның пәтерінен шықпайтыны жөнінде сан түрлі аңыз айтылатын. Мұны біз студент кезімізде-ақ білетінбіз.Әр суреті күн сайын «Лениншіл жасқа» әр беретін Рахымбай тақырыбына ертерек құлақ түруіміздің тағы бір себебі бар-ды. Бізбен бірге оқуға түскен Қарлығаш деген Шымкенттің шырайлы қызы сол ағамыздың жақын қарындасы екен. Ол кезде атақ-абыройы дүрілдеп тұрған Рахаңның жамағайын қарындасы болу деген бүгінгі Байденнің бел баласы дегенмен бірдей. Бет-ауызы томпиған сүп-сүйкімді бақытты курстасымыз айбарлы ағасының қасиетті құжырасына әр барып-қайтқан сайын қап-қап жаңалық ала келеді.«Рахаңның үйіне анау кепті, Рахаңның үйіне мынау кепті! Мен барғанда кәдімгі Құман Тастанбеков шығып бара жатты. Кеше тірі Роза Рымбаеваны көрдім!». Ол кездегі ең атақтылардан «Қазақстан пионерінің» жас әрі хас тілшілері Әнуарбек Әуелбеков пен Мұратбек Тоқтағазинді ғана көріп, емін-еркін тілдескенімізге мәз болып, соның өзін көңілге тоқ санап жүрген біз бұл жаңалықтарды естіген соң аузымызды ашып, көзімізді жұмамыз. Сосын естігенімізге елтіп, «Қан мен тердегі» Сүйеу қарт секілді едәуір уақыт үнсіз отырамыз. Не десең, о де, бұл біздің ай жүзді, ақ маңдайлы көркем курстасымыз Қарлығаш қыздың: «Менің ағам, менің ағам – е-е-ең жақсы адам!», – деп әуелетіп әндетіп жүрген кезі еді.




Вагондағыларды адам санатына қоспайды. Әкіреңдеп сөйлейді. Рахымбай ағам оны әрі-бері сыпайылап тәртіпке шақырып көріп еді, тыңдайтын сыңай танытпады. Тіпті бүкіл ел сыйлайтын ардақты ағамды ептеп тілдеңкіреп де жіберді-ау деймін. «Қо-о-о-ой, болмас...», – деп, біздің ағай орнынан тұрды. Қазір қызықтың көкесі болады енді...


Жолсеріктерден әбден маза кетті.Сол сол-ақ екен, вагон ішіндегі ахуал әп-сәтте өзгеріп сала берді. Біздің курстағы нұр дидарлы Нұрмира ақынның «Көктем боп келіп едің, Қысқа тез алмастың-ау» деп келетін өлеңі бар еді. Құдды соның кері. Аптаптан көз ашпай тұрған Анненковтың азап вагонының ішін қоңырсалқын самал жайлады. Әлдеқайдан салқындатқыш іске қосылыпты. Артық адам алу сап тиылды. Жолсеріктердің ұзын бойлысы олай бір өтіп, былай бір өтіп, ауық-ауық есіктен қарап кетеді. Жақсы ағаға жанасудың жолын таба алар емес. Рахаң болса, түсін бермей, томсырайып отыр. Аналардың көзін ала бере, бізге қарап езуі жайылып күліп алады да, Жайылма көліндей жайылып бара жатқан екі езуді лезде жия қояды.




Бір кезде Төлегенге жыны келіп, басын қасып отырған Базарбай секілді дымы шықпай қалған айбынды ағама тіл бітті. Содан Рахаң сөйледі. Айтып жатыр, айтып жатыр... Бүкіл жолсеріктер жүйесі бетімен кеткен. Бетімен кетпесе, не мынау? Ақша сұрайды, елге әкіреңдейді, тіпті көздерін шел басқаны соншалық, қарапайым жолаушының кейпіне енген өздерінің басшыларын танымайды...– Аға, айтыңызшы енді, сонымен сіз кімсіз?, – деді қонжық жолсерік торғайдай бүрісіп. – Айналайын, мен қатардағы проводниктен Тарпаңовтың орынбасарлығына дейін өскен жиырма жылдың ішінде дәл мұндай сұмдық көрген емеспін, – деді ғой сонда біздің Рахаң. Қарсы алдында ербиіп отырған екеу сылқ ете түсті. Ол кезде Тарпаңов деген фамилия теміржолдың тұтқасы дегенмен бірдей естілетін. Ал көп жыл осы салада басшылық қызмет істеген Қазыбек Тарпаңов біздің Рахаңның жақынырақ араласатын дос-жарандарының бірі екені де рас-ты... Бәсе, ана жолсеріктердің зәресін ұшырған сиқырлы кілттерді қайдан алып жүр десем...
Қысқасы, қонжық құмырсқаға, жираф сонаға айналды. Рахаң екі жігіттің «Енді елге зәбір көрсетпейміз, жөнделеміз, түзелеміз, бұдан соң жақсылап қайта құрыламыз» деген уәдесін алып, Аралдың төбесі көрінген кезде ғана оларды әзер кешірді...


Өз басым бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген жылдарымда сан түрлі фототілшімен етене араластым. Әрқайсысының стилі әр түрлі. Мәселен, Дендербей Егізов бозала таңнан тұрып алып, кейіпкерін күні бойы аңдиды. Айтжан Мұрзанов алдын-ала қимылдап, бірнеше нұсқаны әзірлеп қояды. Советбек Мағзұмов адамды үнемі іс-қимыл үстінде суретке тартады. Қозғалыстағы кісіні тоқтатсаң болды, басың пәлеге қалады. Ал Рахаңа адам қозғалып келе жатыр ма, тапжылмай тұр ма, бәрібір. Ол бірер минут бұрын суретке тартатын адамын жақсылап дайындайды. Ойлы кейіпке енгізеді, сөйлеп отырғандай образ қалыптастырады. Сөйтіп, бір орында тұрған адамға да қимыл дарытады.Рахаңның суретке түсірген кез-келген кейіпкерін қатардағы кісі емес, кәсіби актер дерсің. Себебі, ертеңіне газеттен жасандылықтың ізін де көре алмайсың. Табиғилық дегенің тұтасып тұр... Ол жақында ғана жүзге толған «Жас алаштың» фотошежіресін жасауға өлшеусіз үлес қосты. Қазақ руханиятындағы тұлғалардың бейнесін тарихқа таңбалады. Сирек кездесетін сәттерді суретке түсіріп, журналистиканың жылнамасына енгізді. Үлкен-кішіге өтімді, абыройлы аға, ізетті іні бола білді. Ешкімді ренжітпеуге тырысты. Жүрген жері той-думан мен ойын-күлкінің ордасына айналып сала беретін. Мен көрген фотомергендердің ішіндегі ең көңілдісі осы Рахымбай ағам еді. Тұмсығы сала құлаш фотоаппараты үнемі мойнында асулы жүреді. Әсерлі көрініс көзге шалынса, кілт тоқтап, біресе жүрелеп, біресе бұқпантайлап, оңтайлы сәтті күтеді. Фотомылтығының құлақшасын қайырып, төзіміңді әбден тауысып барып, сырт еткізеді бір кезде. «Қасиеті көзге біткен көріктім, Көздегенін қалт жібермес мергенім!», – деп сүйсінесің мұндайда.


Қайран Рахаңды ойласақ, көп нәрсе еске түседі. Қырықтағы қылшылдаған Жұмабай Шаштайұлы бастаған жас журналистер «Тараз» қонақ үйінде Рахымбай Ханалымен әзіл-қалжың үлгісіндегі баспасөз конференциясын өткізгенімізді айтсаңызшы. Әнуарбек Әуелбековтің «Рахаң келді қырыққа» деген толғауын кейіпкердің қатысуымен жағымыз талғанша талдайтынымыз ше? Немесе:Болса да, мақсат биік, мұратым бай, Бұл бақыт мәңгі баста тұратындай. Қасымнан шыр үйіріліп шықпай жүріп, Суретке түсірген-ді Рахымбай... – деп термеленіп келетін, әзілкеш Әнеш ақын «Спринттен» ұтып ала жаздаған атақты «Ақ Волганың» жырын қайда қоярсың?! Қазір соның бәрі де естелік... Бір сөзбен қайырсақ, Рахаң, қызық, мол жылдар...
* * *
Арамызда аман-есен жүргенде дәл осы күндері ол: «О, атаңның қоқи, бұл да кеп қапты ғой?», – деп, маусымның жиырма бесінде толатын өзінің жетпісіне асығып-аптығып, жанығып-жанталасып даярланып жатар еді. Сөйтер еді... Рухы шат болсын ардақты ағамыздың!Бауыржан ОМАРҰЛЫ