Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының сүйемелдеуімен «Мониторинг және талдау орталығы» қаланың мешіттерінде, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдарда және өндіріс кәсіпорындарында биылғы 2019 жылы дін саласындағы мемлекет саясаты туралы 600-дан астам ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды. Себебі діни сенім адамның ең нәзік тұсы болса, бұл әйел арқылы отбасындағы тәрбиеге, болашақ ұрпаққа да өз ықпалын беруі заңдылық. Қазір елімізде қыз-келіншектерге арнайы діни білім беретін 6 білім шаңырағы, яғни Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 5 орта арнаулы оқу орындары (медресе-колледж, медресе) жұмыс істейді. Одан өзге 900-ден астам мешітте арнайы тегін білім беру курстары болса, оның барлығында да әйелдер жамағатына алғашқы сауат ашу дәрістері қамтылған. Соған қарамастан әйелдер қауымының дінге бет бұруында жат ағымға кетуден сақтандыру шарасы мемлекеттік дін саясатының бір тармағына айналды. Осы орайда әйел жамағаттарына арналған Республикалық ақпараттық түсіндіру тобының жұмысын үйлестіруші «Қоғамдық процесстерді зерттеу және талдау орталығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры, дінтанушы Толғанай Мұстафинамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
- Қазір түрлі деңгейде ақпараттық-түсіндіру топтары елімізде жан-жақты дерадикализацияға қатысты жұмыстар атқаруда. Сіз жүйелеп отырған РАТТ жұмысының ерекшелігі неде?
- Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары елімізде 2013 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бұл алдын алу жұмыстарында қоғамымыздың әр түрлі топтары қамтылды. Өткен 2018 жылдан бері Дін істері комитетінің бастамасымен еліміздің 8 өңірінде (Алматы облысы мен Алматы қаласа, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қарағанды облыстары мен Шымкент қаласы) арнайы түрде әйелдер арасында дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге ерекше көңіл аударылуда. Өз кезегінде, бұл аталған өңірлердің діни ахуалындағы белгілі бір күрделіліктердің орын алуымен байланысты десек болады. Діни радикалдану үдерістері еліміздегі қыз-келіншектерді жетегіне алып кету үдерістері мемлекетімізді алаңдатуы осындай іс-шараларды күн тәртібіне қоюға себеп болып отыр.
- РАТТ жұмысын Алматы қаласы мен облысындағы сапарларыңыз тамамдады. Еліміздегі ең үлкен мегаполис әрі мәдени орталық Алматыдағы әйел жамағаттарына тән ерекшеліктерге тоқтала аласыз ба?
- Негізінен, өңірде дін саласына жауапты мемлекеттік мекемелер мен азаматтық институттардың жұмысы өңірдегі діни ахуалды бағамдам отыруда айтарлықтай үлес қосады. Дін істері комитеті жанындағы Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы жылына бір-екі рет өңірге іс-сапарын жоспарлап, нысаналы топтармен бірқатар іс-шаралар кешенін өткізеді. Алматы қаласы еліміздегі ең үлкен мегаполис болғандықтан, қала мен облыс аумағында ішкі миграция процестері қарқынды жүретіні де көпшілігімізге мәлім. Сонымен қоса, бұл қалаға өңір-өңірлерден жастар буыны білім алуға, жұмыс істеуге ағылып келетіні де анық жайт. Осындай аталған және басқа да себеп-салдар Алматы қаласы мен облысындағы діни ахуалдың дамуында белгілі бір күрделіліктердің орын алуына себеп болатыны айқын. Атап айтқанда, үлкен қаладағы жұмыссыздық мәселелерін шешу, қалалық өмірге бейімделу шарттары кейбір адамдар үшін психологиялық дағдарыс туғызып отыратыны да болады. Осы мәселелерден қашып, өздері үшін шешім ретінде табылатын жолы «дінге бет бұру» қарқыны да орын алады. Міне, осы тұста дәстүрімізге жат діни ағымдардың жетегіне түсу қаупі басым.
Сұхбаттасқан Айша КЕҢЕСБАЙ
"Адырна" ұлттық порталы