Абай тойына әзірлік – бір реттік науқан емес, ел мәдениетін түгендеуге септігін тигізген шара болды. Абай тойларын атап өтуге өзі де қатысқан, ұйымдастырған бүгінде 90 жасқа аяқ басқан шежіреші қарт, кезінде оқу және мәдениет саласында қызмет атқарған Молдабек Жанболатов сұхбатында ақын тойының ғибратына тоқталған.
Абайды еске алу шаралары – ел руханиятының ерекше белестері. Ақын мұрасын ұлықтау бағытындағы мемлекеттік деңгейдегі іс-шаралар, түрлі ғылыми-мәдени бастамалар – бәрі де ұлы тұлғаның халқына қалдырған аманатына деген құрметтің көрінісі. Осы орайда бізге абайтану саласына үлес қосып жүрген зиялы азамат, этнограф, тарихшы, шежіреші Молдабек Жанболатов Абайдың әр кездегі мерейтойы қалай аталып өткенін, олардың маңызы мен бүгінгі ұрпаққа әсері жөнінде өз пікірін білдіріп, естеліктерімен бөлісті.
АБАЙДЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН АЛҒАШҚЫ ШАРАЛАР
– Молдабек аға, Абай Құнанбайұлының мерейтойларының басы-қасында жүріп, өзіңіз ұйымдастырдыңыз. Ұлы ақынды еске алу шаралары қалай аталып өтті және алғашқы ресми құрмет қашан көрсетілді?
– Абайға деген алғашқы ресми құрмет 1914 жылы жасалды. Сол жылы Нәзипа Құлжанова мен оның жолдасы Нұрғали Абайдың өмірден өткеніне он жыл толуына орай арнайы естелік кешін өткізген. Бұл кеште Абайдың өлеңдері оқылып, ол туралы алғашқы пікірлер айтыла бастаған болатын. 1924 жылы Абайдың дүние салғанына 20 жыл толуына орай, Қалел Ғаббасов пен Мұхтар Әуезов баяндама жасап, Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы кең көлемде сөз қозғады. 1934 жылы да Абайды еске алу кештері жалғасын тапты. Абайға Совет үкіметі кезіндегі ең алғашқы ірі құрмет 1940 жылы жасалды. Сол жылы арнайы той өткізу туралы мәселе көтерілген болатын. Абайдың 1945 жылы өтетін 100 жылдық мерейтойы үшін дайындықтар басталды. Алайда соғыс басталып кетіп, дайындық жұмыстары уақытша тоқтап қалды. Соғыс аяқталған соң тойға нақты дайындық қайта қолға алынды. Арнайы облыстық комитет құрылып, тойды ұйымдастыру ісі басталды. Алғашқы ұйымдастыру комитетінің төрағасы — облыстық партия комитетінің басшысы Мусин болды. Ол қызметтен кеткеннен кейін, оның орнына облыстық кеңес атқару комитетінің төрағасы сайланып, тойды ұйымдастыруға тікелей басшылық етті. Сол кезеңде қазақ халқы ауыр жағдайдан өтіп жатқан еді: ашаршылық, соғыс, мал-мүліктің конфискациясы халықты титықтатқан. Соған қарамастан, ел рухани байлықты сақтап қалуға, Абайдай ұлы тұлғаны ұлықтауға үлкен дайындықпен кірісті. Облыстық атқару комитетінің арнайы қаулысымен Абай ауданындағы 24 колхоздың әрқайсысына екі үйден тігу, мал дайындау, той өткізуге қатысу тапсырылды. Сол тұста әр колхозда 300–400 шамалы ғана адам бар болатын. Бәрі бірігіп, тойға дайындалды. Тойға Абайға тікелей қатысы бар Аякөз, Шұбартау, Абыралы, Абай аудандарынан арнайы адамдар жұмылдырылды. Жалпы саны қырыққа жуық киіз үй тігіліп, ұлттық нақыштағы үлкен алаң жасалды. Алаң Абыралы мен Абай аудандарының ортасында орналасты. Бір жақта Аякөз бен Шұбартау халқы, екінші жақта Абыралы мен Абайдың елі үй құрып, той ортасында өтті. Ұлттық ойындар – жорға жарыс, теңге ілу, балуан күресі секілді сайыстар ұйымдастырылды. Тойға басқа республикалардан, Алматыдан өнерпаздар мен қонақтар келді. Мен ол кезде бала болсам да, көргенімді ұмытпаймын. Тойда ерекше назар аударған адам — аты аңызға айналған палуан Қажымұқан Мұңайтпасов та болды.
125 ЖЫЛДЫҚ НЕГЕ ӨЗ УАҚЫТЫНДА АТАЛЫП ӨТПЕДІ?
– Абайдың мерейтойларының ішінде ең есте қаларлығы 125 жылдығы деп естідім. Сол туралы айтып беріңізші.
– Абай Құнанбайұлының 125 жылдық мерейтойы 1970 жылы өтуі керек еді. Бірақ 1968–1969 жылдары Семей облысы бойынша қатты жұт болып, той кейінге шегерілді. Абай ауданы мен басқа аймақтарға ауыртпалық түсті – Мәскеудің арнайы шешімімен бір күнде 120 мың қой, 20 мыңдай ірі қара мен жылқы сойылып, ет ретінде дайындалды. Аштық қаупі төнгендіктен, той 1970 жылы емес, 1971 жылы өтті. Мен сол кезде аудандық оқу және мәдениет бөлімінің бастығы едім. Республикалық ауқымда ұйымдастырылған тойдың барлық мәдени шараларына қатыстым. Ән-күй, концерт, безендіру, қонақтарды қарсы алу – бәрі біздің жауапкершілігімізде болды. Тойға арналған медаль, естелік папкаларын дайындау үшін үш рет Ленинградтағы Монетный дворға баруыма тура келді. Бірінші барғанда – тапсырыс беріп, екінші рет – үлгілерді бекітіп, үшінші жолы – дайын бұйымдарды қабылдап қайттым. Тойға дайындық аясында Абайдың Жидебайдағы өз қолымен салғызған үйін қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Бұл үй ХХ ғасырдың басынан бастап түрлі мақсатта қолданылып, бастапқы тарихи қалпынан айырылған еді: Ол ашаршылық жылдары ферма орталығы болған, есіктер бұзылып, терезелер қайта жасалған. Қораға айналған, құрылымы өзгерген. Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Мұхтар Ағзамұлы бір күні маған қоңырау шалып: "Абайдың үйін қайта салып жатырмыз. Үйдің бұрынғы қалпы қандай болғанын, бөлмелер мен ішкі заттарын анықтап, сызбасын жасап бер", - деп тапсырма берді. Мен бұл үшін ақсақалдармен кеңестім. Әкесі Абайдың аңшысы болған Мұхтар Бәшеев деген кісі болатын. Сол кісіден бәрін сұрадым. "Жоқ, былай емес, мынау былай еді. Тақтай мына жерде болды. Терезе мына жақта еді. Тошала осылай орналасқан", - деп ол бәрін тәптіштеп айтып берді. Сондай-ақ, Абайдың үйінде тұрған әрі Абайдан тәлім алған Қатпа есімді кісінің бәйбішесі — Мақып апайдан да ақпарат алып, үйдің ішкі орналасу, жиһаз, заттар жайын толықтырып жазып алдым.
– Құрылыс барысы қиын болды ма?
– Иә, аса жауапкершілікті қажет етті. Сөйтіп, облыстық құрылыс басқармасынан, партия комитетінен, политехникалық қызметкерлер келіп, мен дайындаған сызбалар бойынша құрылыс жүргізуге шешім қабылданды. Мен технадзор – құрылыстың техникалық жағын қадағалаушы болып тағайындалдым. Ол кезде мұғалім басыммен құрылысқа жауапты болдым. Ең басты талап: "Үйдің іргетасы өзгермеуі керек. Қай жерде болған – сол жерде қалануы тиіс” делінді. Үй толық аяқталған соң, ауданның ақсақалдарын шақырып, дәм беріп, батасын алдық. Ақсақалдар: "Бұл мәңгілікке тұратын үй екен. Бірақ қызыл кірпіш тарихи бейнені бұзады", - деді. Бұл сөздерді облыс орынбасарына жеткіздім. Ол кісі дереу келіп, ақсақалдармен сөйлесіп, үйдің сырт көрінісін толық ұлттық стильде қайта жасап, бәрін бояп, көркемдеді. Солай үй музейлік және мемориалдық мәнге толық сай болды.
«АБАЙДЫҢ ҮЙІ ШОПАННЫҢ АҚ ҮЙІ ТӘРІЗДІ БОЛЫП ҚАЛДЫ»
– Абайдың үйіне өткен жылы да жөндеу жұмыстары жасалған екен. Қазіргі қалпы қалай?
– Өткен жылы бұл үйге жөндеу жасалғанда, тарихи талаптар сақталмады. Облыс Өскеменге қарағанда, мұражай мамандарын емес, құрылысшыларды жұмсап, үйді түгел аппақ бояумен сырлап тастады. Осылайша, Абайдың үйі шопанның ақ үйі тәрізді болып қалды. Мұражайлық, тарихи, мемориалдық мән бұзылды. Дәл осындай жағдай Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің музейінде де орын алған. Мұнда бұрын қойылған 7 метрлік стела (естелік тас) Жапония мен Италиядан әкелінген тастардан жасалған еді. Мұхтар Әуезовтің "Пьета" шығармасынан үзінді жазылып қойылған. Бірақ ол да уақыт өте дұрыс сақталмай, тарихи мәні көмескіленді.
– Молдабек аға, осы Абайдың 125 жылдығын тойлағанда көп экспонаттар жиналып, Абай музейінен артылып қалған жәдігерлер үшін Абай ауданы орталығынан тағы да жеке аудандық музей ашылған деген деректер кездеседі. Қаншалықты шындық?
– Абайдың 125 жылдық тойына байланысты ешқандай экспедиция болған жоқ, музейге арнайы экспонаттар жиналмады. Абай ауданындағы өлкетану музейі 1965–1966 жылдары құрылды. Ол кезде мәдениет мекемелерінде өлкетану ісі, туған жер тарихын білу және насихаттау үлкен міндет саналды. Сол уақытта аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Бахтиярова Рахимаш, аудандық кітапхананың меңгерушісі Сейітбекова Сарқыт, аудандық мәдениет бөлімінің директоры, композитор Әміре Қапез өлкетануға байланысты көп деректер жинады. Фотосуреттер, көне әңгімелер мен жырларды жинап, оларды құрап, «Аңызды өлке» деген үлкен стенд жасады. Бұл стенд жыл сайын толықтырылып отырды. Сол кезде ауданда жыл сайын өнер байқаулары жиі өтіп тұратын. Біз бұл байқауларды жетілдіріп, оны әрбір ұжымның – совхоз, мекеме, өндіріс орындарының еңбекшілері алдындағы есебіне айналдырдық. Ұжым басшысы халық алдында есеп беріп, өз мекемесінің тарихы, жетістігі туралы баяндап, соған байланысты экспонаттар көрмесі ұйымдастырылатын. Сол көрмеден де көптеген тарихи деректер жинадық. Аудандық партия комитеті мен атқару комитетінің рұқсатымен, біз осы материалдарды жинай бастадық. Алғашында аудандық мәдениет үйінің бір бөлмесін музейге арнап едік, бірақ ол сыймай қалды. Кейін балалар кітапханасына апардық, оған да сыймады. Содан соң аудандық партия комитеті мен атқару комитетінің алдына арнайы музей үшін орын беру туралы мәселе қойдым. Партия комитетінің бірінші хатшысы Кәрім Нұрбаев пен аудандық атқару комитетінің төрағасы Рымхан Ғабдуллин ағаларымыз халыққа пәтер жетіспей тұрғанына қарамастан, ауданның бас жоспары бойынша музейге арнап алты бөлмелі үй салып берді. Біз оған жинаған материалдарды орналастырдық. Жиналған дүниелерді саралай келе, оларды бес тақырыпқа бөлдік:
- Октябрь революциясына дейінгі кезең;
- Абай әлемі;
- Халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы;
- Халықтың әдет-ғұрпына байланысты киім-кешек үлгілері;
- Этнографиялық бұйымдар – алқа, сырға, шолпы сияқты күміс, алтын, құндыз ішік, тымақ, ішік, т.б.
Сол кезеңде халықтан өте құнды заттар жиналды. Мысалы, аудандық пошта байланыс мекемесінің бастығы Сайын Ағдам деген ағамыз торсауыт - бабалардың сауыттарын әкеліп тапсырды. Ол сауыттар бейіттің түбінде көмулі тұрған, бірақ “ұрпақ көрсін” деп, музейге өткізді. Саржал ауылынан ұста Боранбай деген ақсақал колхоздастыру кезінде қолданылған бір тісті соқаны қолдан соғып берді. Ол кезде ауданға ең бірінші келген трактор — Қазықақ аталған трактор еді. Оның қаңқасы Қаракемердегі егіс алқабында жатқан. Агроном Қасенов соны тауып, музейге тапсырды. Бақанас ауылындағы Қабыш Керімқұло есімді кісі егін жинауда пайдаланылған «шаңтас» тас құралын әкеліп берді. Сондай-ақ арба, шана үлгілері де жиналды. Бұл бұйымдар далада тұратын болғандықтан, қоршау керек болды. Аудандық мәдениет бөлімінде 17 автокөлік болатын. Олардан түсетін қаржының есебінен темір қоршау жасалды — аудандық атқару комитеті оған рұқсат берді. Жиналған материалдарды көре келе, бұл жерде музей ашуға болатыны белгілі болды. Бірақ музейді заңдастыру керек болды. Ол үшін арнайы штат керек еді. Мен бұл мәселені облыстық мәдениет басқармасына қойдым. Олар сол кездегі Республикалық мәдениет министрлігіне хабарласып, министрліктен келген мамандар музейдегі заттарды қарап, өте құнды екен деп бағалады. Сөйтіп музей ашылды. Ол Семейдегі өлкетану музейінің филиалы ретінде тіркелді. Бір штат бөлінді. Семей музейінің артық экспонаттарынан құнды заттар берілді. Осылайша аудандық тарихи өлкетану музейі құрылды. Халық көріп, біліп, өте құнды дүние екенін мойындады. Аудан жұртшылығы музейге қосымша материалдар әкеліп беріп отырды. Бұл музейдің қалыптасу тарихы осындай. Оны “арнайы экспедиция арқылы жиналды" дегені – дұрыс емес.
«ШАҢЫРАҒЫ ОРТАСЫНА ТҮСКЕН МУЗЕЙ»
– Кейін ол музей не болды? Жиналған құнды заттар қайда?
– Мен 1971 жылы партия оқуына кеттім, кейін Ақсуат ауданына қызметке жіберілдім. Содан бастап өлкетану ісіне араласа алмадым. Жиналған құнды заттардың кейін не болғанын білмеймін. Олар қолды болды ма, әлде жауапсыздықтан бүлінді ме – көзім жетпейді. Бірақ жетпісінші жылдардың ортасында аудандық газетте «шаңырағы ортасына түскен музей» туралы мақала шыққанын көрдім. Сөйтсем, музей үйін пәтерге бөліп беріпті. Экспонаттар кім қай бөлмеде отырса, соның қолында қалып қойған. Кейбір заттар пысық біреулердің жеке пайдасына кетуі де мүмкін. Кейін ауданға әкім болып келген Мұзапарбек деген азаматпен жолдастық, зиялы қарым-қатынас орнады. Осы музей тағдырын айтып, өлкетану музейін қайта құру керек екенін жеткіздім. Ол кісі бұл пікірге иланды. Бір үлкен дүкеннің орнын музейге лайықтап жөндетіп берді. Қазіргі өлкетату музейі – сол. Бірақ алғашқы музейдегі құнды заттар бұл жерге қайта жиналмады. Қайда кетті, кім алды – ол жағы белгісіз. Қазір музей бар. Бірақ ол алғашқы музейдің байлығын жинап үлгерген жоқ. Дегенмен, қазіргі бар музейді кеңірек насихаттап, аудан тарихына қатысты деректерді әлі де жинауға болады. Абай ауданында тарихи орындар көп.
АБАЙДЫҢ 150 ЖЫЛДЫҒЫНДАҒЫ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ КӨРМЕ
– Аға, енді Абайдың 150 жылдық мерейтойына тоқталсақ. Ол кезде де іс-шаралар ауқымды түрде өткізілген екен.
– Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойы – тек мереке ғана емес, бүкіл қазақ халқының рухани мұрасын ұлықтаған, салт-дәстүрін тірілткен ерекше тарихи оқиға болды. Осы той аясында ел бойынша 1356 қазақ үйі арнайы тігілді. Бұл үйлер тек тойға келген қонақтарды жайғастыру үшін емес, этнографиялық көрме ретінде ұйымдастырылды. Яғни, әрбір үй — қазақтың тұрмысы мен мәдениетін көрсететін шағын мұражай тәрізді болды. Мен сол көрме бойынша құрылған арнайы комиссияның төрағасы болдым. Біз үш күн, үш түн бойы сол 1356 үйдің барлығын аралап, әр үйдің көрмелік мазмұны мен этнографиялық нақтылығына баға бердік. Бұл істі ұйымдастыру менің бастамам болатын. Сол себепті мені комиссия төрағасы етіп сайлады. Ең алдымен, мен арнайы "Қазақ үйі көрмесіне қойылатын талаптар мен бағалау ережесін" жасадым. Ол 12 беттен тұратын нақты нұсқаулық болды. Бұл ережеде былай деп көрсетілді: “Қазақтың үйі — бұл тек баспана емес, тұтас мәдени кеңістік, тұрмыстық-философиялық жүйе. Үйдің ішкі құрылымы, жиһаздың орналасуы, тұрмыстық бұйымдар (ұзын аяқ, торсық, қобыз, домбыра, қару-жарақ) – бәрі арнайы заңдылыққа бағынуы керек; Бұл заңдылық — қазақтың әдет-ғұрпы, этикалық-эстетикалық талғамы негізінде қалыптасқан. Қазақ үйіндегі әр орын, заттың өз орны, өз мәні бар: кім қайда отырады, қандай зат қай тұста тұрады – бәрі дәстүр бойынша реттелген. Бұл жүйе – қазақ мәдени кодексі, оны бұзу — мәдени заңды бұзғанмен тең”. Сондықтан біз 1356 үйді бағалағанда – тек сән-салтанатқа емес, рухани тереңдікке, ұлттық нақышқа, дәстүрге сайлығына қарап бағаладық. Осылайша, Абайды еске алу шараларын ұйымдастыруға кішкене болсын, үлес қостық. Биыл – Абайдың 180 жылдығы. Осындай кезеңдерде ұқыпты адам деректерді жүйелеп жинаса, ол болашақ үшін үлкен тарихқа айналады. Сол себепті бұл мәселені көтеріп, зерттеп жүрген азаматтарға алғыс айтамын.
– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!
Дана Нұрмұханбет
«Адырна»
Will Tokayev discuss the issue of Ablyazov's return to the country during his visit to France - the answer of the MFA