Жаңаөзен оқиғасын ұлттық трагедия деп атаған. Ақын Темірхан Медетбек бақиға аттанды

2530
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/img_1109-960x500.jpeg?token=a06b8f0ff251da530241d5ecdccbf6e7
81 жасында, ауыр дерттен кейін, көрнекті ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, “Құрмет” және “Парасат” ордендерінің иегері Темірхан Медетбек дүниеден озды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ақынның шығармашылығына жоғары баға беріп, қайғылы хабарға байланысты көңіл айтты. “Темірхан Медетбек – үлкен жүректі ақын еді. Оның поэзиясы отансүйгіштік пен ерлікті ұлықтап, ар мен намыс, туған жер мен ел туралы терең ойларымен бірнеше буынның санасына әсер етті. Марқұмның отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз”, — делінген ресми мәлімдемеде. Темірхан Медетбек 1945 жылы 6 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Амангелді атындағы колхозда (қазіргі Нұртас ауылы) дүниеге келген. Ол “Сапар алдында” (1973), “Алыс шақырымдар” (1975), “Көгершін қауырсындары” (1982), “Дауыс” (1984), “Тағдырлы жылдар жырлары” (2000), “Көк түріктер сарыны” (2001) сияқты жыр жинақтарының, “Махамбет рухының монологы”, “Күлтегін”, “Тоныкөк” сынды поэмалардың авторы. Әдебиет жайлы терең толғамдарын “Абай әлемі” (1995), “Баба дәстүрдің мұрагері кім?”, “Күретамыр” атты еңбектерінде топтастырған. Темірхан Медетбектің өлеңдері әлемнің бірнеше тіліне — қырғыз, өзбек, украин, орыс, қытай, татар тілдеріне аударылған. Ол тек ақын емес, азаматтық ұстанымы берік тұлға ретінде де есте қалды. Жаңаөзен оқиғасы кезінде халық жағында болып, әлеуметтік әділеттілік үшін үн қатты. Жер мәселесі мен мемлекеттік тіл мәселесінде де белсенді пікір айтып, ұлттық мүддені қорғауда алдыңғы шепте жүрді. Қытайда қазақтар қуғындалып жатқан тұста, халықаралық деңгейде араша сұраған зиялылардың бірі болған еді. Ақын туралы желіде түрлі естеліктер жариялануда. Ерқанат Тәукебаев Facebook парақшасында: “Шындық пен ақиқаттан аттамаған санаулы ғана ақындардың бірі еді. Сөздері де, өлеңдері де тіліп түсетін. Темірхан Медетбек! Ақсақал қайтыпты. Иманды болсын! Баяғыда 2005 жылдар болса керек Абай көшесінде автобуста көрдім. “Аға, сіз Темірхан Медетбексіз ғой” дегенімде “жоқ, біреумен шатастырып тұрсың” деп еді. Ұялған шығар, танып қойғаныма..”, - деп жазды. Қасым Аманжол: “Темірхан аға Медетбек - нағыз ақын, нағыз азамат еді. Шын өмір сүрді. Сексеннің сеңгірінде, сый-құрметі бұзылмай, бүгежектемей, айтарын айтып өтті. Сабырлы һәм жылы жүректі, рухты, қайратты кісі еді. Топырағы торқадан бұйырсын! Ұрпағы мен жақындарына, қаламдастарына, оқырманына көңіл айтамын. Қазаның арты қайырлы болсын!” - деп жазды. Ақын, сазгер Ықылас Ожайұлы марқұмды: “Өмір нені мұрат етсең сол ниетіңнің, ал ажал сол сүрген ғұмырыңның шын қорытындысы емес пе? Абыройсыз ажал да артыңды ашатын хас дұшпан секілді. Хан басыңды имей, ғазиз тізеңді бүкпей, базбіреулер секілді жалынып, жалпаймай фәниден оздың. Әдемі келіп, әдемі кеттің… Хош болыңыз, қазақ поэзиясының Күлтегіні…”, - деп еске алды. Қаралы хабарды алғашқылардың бірі болып ақын Ұларбек Дәлейұлы хабарлаған. “Тағы бір ӘКЕ кетті... Сөйтті, тағы бір аяулы ӘКЕМІЗ жарық дүниеден дарлбақиға рақат айлады. Басқаларды қайдам, бізді Алматыда бауырына тартқан, ең шынайы сөздерін айтатын аяулы ӘКЕ еді. Алдымызда мың сан аға бар, адамдық биіктігі олардан бөлек еді. Ол тіпті, Көк Түріктері сарынымен қазақ жырын күңіренткенде де, көзімізге жырдың қаһарлы ӘКЕСІ елестейтін. Қайтейін, көкірек тағы қарс айырылды-ау...” - деп жазды ол желідегі парақшасында. Әдебиет әлеміндегі суыт хабардан соң ақын Ақберен Елгезек те естеліктерді бөлісті. “Поэзияның Әмір Темірі ақбозатына мініп, Жаратушысына аттаныпты. Қалай аттанды деңіз! Асқақ абыроймен, адал хәлінде, кеудесін ешкімге бастырмаған күйі, айтар сөзін бүгежектемей ашық айтып, ұстанымынан таймай, қасқая аттанды. Дүниені де, оны уақытша билеп тұрған адамдарға да пысқырмады, олардың былықтарын әшкере қып ашық айтып жүріп, елінің алдында арын кірлетпей, бес күн жалғанда лақтырылған сүйекке таласпай, Ақын деген мәртебелі атына тозаңдай шаң жуытпай қайтты. Бір кісілердің шығармасын жақсы көресің, адамдығы - 0. Бір кісінің шығармасын да, өзін де, адамдық, азаматтық берік позициясын да сүйесің. Біздің Темағамыз әуелі Адам, сосын ұлы Ақын, сосын буыны мығым нағыз Азамат еді. Еліктеуге өзі де, сөзі де лайық нағыз тұлға еді Темағамыз. “Көк түріктің сарынымен” дүниені қалай төңкерді, сол төңкерілген дүниенің үстімен ешкімге иілмей асқақ шауып өтті ғой, жарықтық. Біз батасын алып қалдық. Сол көңілге демеу. Мен осы күнге дейін мұнда жарияладым ба, жоқ па, есімде жоқ, іздеп көріп ем, Фейсбуктен таппадым. Бірақ жоғалмасын дегенім болу керек Инстаграмға 2022 жылдың 11 қыркүйегінде мынандай жазба салып, ағамен түскен осы бір жалғыз дана фотомды жариялап қойыппын. Оны және көп адам оқымаған да екен. Мұнда салсам, біз жақтан әбестік я әдепсіздік болып көрінбес. Мақсатымыз - Темірхан ағаның өзінен кейінгі інілерін (ауырып жатса да!) сөзін аямай, қалай қолдап жүретінін көрсету ғана. Бұл да болса, бізге Темірхан ағамыздың тағы бір көрсеткен ерек үлгісі деп қабылдаңыздар. “Бүгін Темірхан Медетбек ағам хабарласып көңілді бір серпілтіп тастағаны. Түнеукүні “Шаһар кезген” кітабымды алып кеткен. Соны асқан жауапкершілікпен оқып шығып, хабарласып отыр: “Ақберен, мен сені білмей жүр екем. Сен мүлде бөлек ақын екенсің ғой!” деп саңқылдай жөнелді. Ойпырым-ай, қазақтың өзім сүйіп оқитын аса дарынды ақынынан мұндай сөз есту бақыт қой маған! Содан кейін төмендегі мәтінді поштама жолдап жіберіпті. Жақсы сөз көңіл өсіреді. Мақтанбасқа болмай тұр. Сіз де оқи отырыңыз. “Ақберен, өзінің шығармашылық табиғатында, біз үшін жұмбақ, құпия, тұманды, сиқырлы әлемнің есігін ашыпты. Оның қаламынан елес, сұлба, көлеңке, періште, жын, албастылар сияқты бейтаныс жасырын қияли кейіпкерлері, көзбен көріп қана қоймай, қолмен ұстайтындай жанды заттық кейіпке айналады. Кітапты оқып отырып, олармен бірде араласып, бірде арпалысып кетесің... Бірде жақындасасың, бірде кері серпілесің...Тылсым дүние. Көбіне көп түйсікпен ғана түсінесің...Содан да оларға арбалып, дуаланып қалар сәттер жиі болып тұрады. Бұл ретте ол маған төтеннен пайда болған, тіпті көктен түскендей әсер етеді. Жаратылысы да, жарасымы да бөлек… Оған айтарым, жаңа тұрпатты ақын жолы қашанда ауыр! Ауыр жолдан аман шық, Ақберен!” ​​​​Темірхан Медетбек Ақын екенімді жұрт ұмыта бастағанда мынау жақсы әңгіме болды. Ағама ұзақ ғұмыр тілеймін, аман болыңыз!” деген жазба қалдырыппыз. …Ал бүгін не деуге болады, жүрек сыздап тұр. Жақсы адамды, ұлы ақынды әлбетте қимайсың. Могикандардың қатары азайып жатыр. Жыл басталмай жатып ұлы жазушылар Мұхтар Мағауин ағамыздан, Дулат Исабеков ағамыздан, Әкім Тарази көкемізден, Мекемтас Мырзахметов, Сейіт Қасқабасовтай ғұламалардан айырылып қалдық. Енді бүгін Темірхан Медетбек ағамыз арамыздан кетті. Бұл кісілердің қайтқанын жалпы қазақ адамы ел үшін ауыр қаза, ұлт үшін ғаламат қайғы екенін толықтай сезінді ме екен деген ойға қалам кейде. Кейінгі жылдары ұлы кетсе де, басқа кетсе де бізде немқұрайлы қарайтын бір бөтен әдет қалыптасқан сияқты сезіледі маған. Мұның бәрі руханиятқа деген немқұрайлық, әдебиетке деген мемлекет пен қоғам тарапынан бір менсінбеушіліктің асқынғанын көрсетпей ме?! Ұлылардың өлімі де тәлім-тәрбиеге толы болып жатушы еді ғой, рухани қазынамызға тағы бір рет мұқият қарауымызға әсер етуші еді ғой… Қайран Темаға! Аса мейірімді Алла сізді Өз панасына алып, Өзінің шексіз рақымына бөлесін деп дұға етеміз. Қадіріңізді білмесек, бәрімізге өзіңізге тән кеңшілігіңізбен қарап, Аллаға разы боп аттаныңыз. Жаныңыз Бейіш бақтарында шалқысын”, - деп жазды ақын Facebook парақшасында.
Comments