Жамбыл облысында жылу апаты. Газ құбыры жарылып, мыңға жуық үй жылусыз қалды

3301
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2023/12/img_6483.jpeg
13-желтоқсанға қараған түні Жамбыл облысында магистральды газ құбыры жарылып, 5 елді мекендегі 980 үй жылусыз қалды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Нақтылар болсақ, Жамбыл облысындағы Қызылқайнар, Жасөркен, Жалпақтөбе, Қызылдихан, Гродеково ауылдарының тұрғындары газсыз қалды. Оған қоса осы елді мекендердегі 8 әлеуметтік нысан да жылудан ажырап қалды. Апат Гродеково ауылында түнгі 22:10 шамасында болған. Алдын ала болжам бойынша, жарылған құбырға қысым әсер етуі мүмкін. Қазір мамандар 20 метрден асатын құбыр бөлігін жалғауда. Апатқа байланысты аймақта арнайы штаб құрылды. «Жөндеу жұмыстары шамамен 4-5 сағат жүргізіледі деген ойдамыз. 10 жерден дәнекерлеу, жалғау жұмыстарын жүргізу керек. Әлеуметтік нысандардан 4 мектеп, 2 балабақша, 2 медициналық ғимарат жылусыз тұр. Оған байланысты жанар жағармаймен жұмыс істейтін арнайы құрылғы насостармен олардың жылу жүйесін айналдырып, қатып қалмау үшін әрекет жасалып жатыр», — дейді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібеков.
Comments