Алтыбакан – екі жақтан үш бақанды төбесінен байлап бір біріне арқанмен жалғастыратын әткеншек. Арқандар ұзындау жалпақ ағашпен жалғастырылады. Жастар арқаннан ұстап, ағашқа тұрып тербеледі. Әдетте қыз бен жігіт тербелетін болған. Алтыбақан кешке таман құрылатын, себебі күндіз ауыл түгелімен шаруашылықпен айналысады. Сырттан қараған адамға алтыбақан ойын болып көрінгенімен, бұл жастардың көңіл көтеру арқылы танысып, жақындасуына арналған өзіндік салт. Алтыбақан тебуге көрші ауылдарың жастары шақырылатын. Осындай кештер барысында жастар ән айтып, би билеп, түрлі ойындар ойнап көңіл көтеріп қана қоймайды, олар өз өнерлерін көрсету арқылы бір-бірімен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болады.
Алтыбақанды халқымыздың «махаббат бесігі» деп атауы да бекер емес. Қыздары бойжетіп отырған ата-аналар алтыбақанға қыздарына бас-көз болсын жеңгелерімен қосып жіберетін болған. Әдетте қыздың жақсы жігітпен достасуына жеңгесі дәнекер болатын. Себебі ол да балдызының өз бақытын табуына тілектес болады. Сондықтан екі жастың ауызша айтылған сәлемдерін, жазбаша жолдаған хаттарын да ешкімге білдірмей, көрсетпей жеткізіп отыру жеңгелердің міндеті еді. Жеңгелердің бұл әрекетін ешкім де жек көрмейтін. Себебі жастардың болашағының жақсы болуына мүдделі ата-аналары да туыстар да олардың жеңгетайлық жасау жолдарына ешкім кедергі келтіре қоймайтын болған. Көрсе де көрмегенситін. Жігіттер өз кезегінде қызбен жақын танысу үшін жеңгелерге білезік, жүзік силайтын. Әлі күнге дейін кеңінен айтылып келе жатқан «Жолы болар жігіттің жеңгесі алдынан шығады» деген мақалдың шығу себебі де осы.
Алтыбақан кештері әдетте жаздың ұзақ түндерінде ұйымдастырылатын. Ән айтып, би биленген соң кезек ойындарға берілетін. Алтыбақан кезіндегі ең танымал ойын «Ақсүйек» деп аталды. Біреу түн қараңғысына сүйек лақтырады, қалғандары топ-топ болып сүйекті іздейді. Тапқан адамға сыйлық беріледі. Бірақ ешкім де сүйекті тез тауып алуға асықпайтын. Қыздар мен жігіттер жұп-жұп болып ақсүйекті іздеуге шығатын. Осындай кездесулерде жастар бір-біріне деген сезімдерін жеткізетін. Жеңгелер болса жастарды тек алыстан бақылап жүретін.
Қазақтың белгілі ақын қызы Күләш Ахметқызының «Алтыбақан» атты өлеңінде қазақ мәдениетінің осы көрінісін керемет суреттеген:
Самалы сары жаздың есіп қырдан,
Адамды аңсарына асықтырған.
Бақанға жібек арқан керіп тастап,
Қазақпыз – махаббатқа бесік құрған.
Тамаша дәстүрімді халыққа тән,
Жоғалтпай, аялашы, алтын Отан.
Орны боп шын достықтың әуелесін
Үстінен жұлдыз жауған алтыбақан.
Осында қыз танысса жігітпенен,
Жас жүрек сезімдерін ірікпеген.
Жүректен жүректерге жетіп жатқан
Бір ғажап дүние ғой үміт деген!
Табылмас жан байлығы сатып алса,
Арулар сәнденеді тотыларша.
Басына алтыбақан жиналады,
Кім де кім жүрегінде оты болса.
Жұлдыздар, сонда айрықша жанушы еңдер,
Бұлбұлдар, үнсіз тыңдап қалушы еңдер.
Ән төккен кемпірқосақ сияқты боп,
Айналған алтыбақан – сыр шерулер.
Жайқалған жапырағы жанып тоғай,
Байқалса жалғыздықтан жабыққан Ай,
Мүмкін бе шын сезімді бастан кешу,
Биікте осылай бір қалықтамай?.
Жазушы Қабдеш Жұмаділ де «Соңғы көш» романында алтыбақан кешін әдемі баяндаған:
«Мал қораланып, ел орынға отырысымен, Естайлар Нұғыман ауылындағы «Алтыбақанға» баруға жиналды. Жігіттер кешкі астан кейін сырғақтап далаға шыққан.
...Естай осынау түнгі дала тынысын тұла боймен сезініп, алабұртқан көңілмен үнсіз келе жатқан-ды. ...Нүғыман ауылының тұсынан ән естілді.Шырқап салған қыздар әнін түнгі самал ала қашып, кейде дәл қасынан шыққандай зорайтып жібереді де, енді бірде жер түбіне әкетіп, талдырып жеткізеді. Бірте бірте ән әуені айқындалып:
Қос етек бұраң бел,
Қуалап соғар қоңыр жел... –
деген қайырмасын Естай ап-анық айырды. Ән ауылдан бір шақырымдай алыс, көк жыраның қабағынан шығады. Бұлар солай қарай бұрылды.
Алтыбақан маңында қыз-келіншек, жігіт-желең толып жүр, арасында асыр сап шуылдаған бала-шаға да жыртылып айрылады. Жаңағы ән салғандар Дүрия мен Сәлімнің келіншегі Торғын екен. Естайлар келгенде екеуі алтыбақаннан түсіп, бұларға қарсы жүрді.
...Бай ауылдың ерке қызы Дүрия әлдеқайда батыл, жігіттерден именбей еркін сөйлеседі:
- Ал, қонақтар, алтыбақанға отырыңыздар, кезек сіздердікі, - деді
Бердалы ОСПАН,
"АДЫРНА" ұлттық порталы