Тынбай теңге жинайтын Әсет Тынымбай

359
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/HIYOlY8sEkzPJYQnhvF3rqOdDedrnimW6WxJrTbG.jpg

Теңге жинауды хоббиге айналдырған астаналық 26 жастағы Әсет Тынымбай 6 жылдан бері әуес болған ісінің қыр-сырымен таныстырды. Коллекциясында аз данамен шығарылған, ерекше дизайнымен көзге түсетін және тіпті өндірістік ақауы бар тиындар да кездеседі. 

Нумизматтың айтуынша, кейбір тиындардың құны уақыт өте келе бірнеше есе өсуі мүмкін. «Адырна» ұлттық порталы коллекционерден сирек ақшаларды қалай тануға болатынын, қазақстандық тиындардың қандай түрлері сұранысқа ие екенін және бұл хоббидің қыр-сырын сұрады.

Тиын жинауға қызығушылығы бала кезінен басталған Әсет Тынымбай алғашында қолына түскен шетелдік және Кеңес Одағы кезеңіндегі ақшаларды жинаған. Ал Қазақстан теңгелеріне қызығушылығы алты жыл бұрын оянған. Бүгінде оның коллекциясында Тәуелсіздік жылдарынан бері шығарылған түрлі тиындар бар. Нумизмат әсіресе аз данамен басылған және өндірістік ақауы бар ақшаларды жоғары бағалайды.

«200 ТЕҢГЕЛІК ҚАҒАЗ АҚША ТҮРТКІ БОЛДЫ»

Әсеттің айтуынша, тиын жинауға деген қызығушылығы бала кезінен бар. Бастапқыда ақшаның сыртқы көрінісі мен дизайнына қызығып, көзіне түскен әдемі тиындарды жинай берген.

«Тиын жинауға қызығушылығым бала кезден бар. Бастапқыда түрі әдемі екен деп жинайтынмын. Алғашқы тиындарым Кеңес Одағының және шетелдік ақшалар болды. Қазақстан нумизматикасына келгеніме алты жылдай уақыт өтті. Бұған қағаз 200 теңгелердің айналымнан сирей бастауы түрткі болды», – дейді коллекционер.

Қазір Әсет коллекциясындағы тиындардың нақты санын айта алмайды. Себебі барлығын санап шықпаған. Дегенмен жинаған дүниесі аз емес. Оның коллекциясында көне тиындар көп кездеспейді. Өйткені ол негізінен 1993 жылдан бастап, яғни Тәуелсіз Қазақстан кезеңінде шығарылған ақшаларды жинайды.

«Коллекциямдағы ең сирек тиындар – аз данамен шығарылғандары. Мысалы, 300 немесе 500 дана болып басылған тиындар бар. Солардың бірі – Байқоңырдың 70 жылдығына арналған тиын», – дейді ол.

100 ТЕҢГЕНІ НЕГЕ 20 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ САТЫП АЛМАҚ БОЛДЫ?

Бұған дейін Әсеттің әлеуметтік желіде 100 теңгелік тиынды 20 мың теңгеге сатып алатыны туралы видеосы қызу талқыға түскен еді. Жазба жарты миллионға жуық қаралым жинап, желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызды. Коллекционер бұл ұсынысты іздеген тиынын тезірек табу үшін жариялағанын айтады.

«Іздеген тиынымды жұртқа жарияласам, менің жинайтынымды көрген адамдар арасында ұсыныс жасайтындар болады деп ойладым. Осылайша қажетті тиынды табу оңайырақ болар еді. Сондықтан 100 теңгені 20 мың теңгеге сатып алатынымды айтып видео түсірдім», – дейді Әсет.


Оның сөзінше, коллекционерлер арасында сұранысқа ие тиындардың қатарына шектеулі таралыммен шығарылған үлгілер жатады. Мәселен, «Көкбөрі», «Алтын Дән даласы», «Тұмар», «Тасбақа» серияларындағы тиындар ерекше бағаланады.

Әсеттің өзі де осы уақытқа дейін бір тиынға қомақты қаражат жұмсаған. Оның айтуынша, коллекциясындағы ең қымбат үлгінің бірі – «Көкбөрі» күміс тиыны.

АҚАУЫ БАР ТИЫНДАР НЕГЕ ҚЫМБАТ БАҒАЛАНАДЫ?

Нумизматтың айтуынша, тиынның сирек кездесетінін сыртқы көрінісіне қарап бірден анықтау мүмкін емес. Ол үшін белгілі бір деңгейде білім мен тәжірибе қажет. Әсіресе, өндіріс кезінде кеткен қателіктер коллекционерлердің қызығушылығын тудырады.

«Теңге сарайында тиындар соғылып жатқан кезде құрылғының қателігінен ақауы бар үлгілер шығып кетуі мүмкін. Коллекционерлер сондай тиындарды жинағанды ұнатады. Себебі мұндай ақауы бар ақшалар кез келген адамның қолына түсе бермейді. Мысалы, толық сары металдан немесе толық ақ металдан басылып шыққан 100 теңгелік тиындар бар. Негізінде, олардың құрамы басқа болуы керек. Осындай жағдай басқа номиналдағы тиындарда да кездеседі. Кейде металдары ауысып кетіп, тиын қате басылып шығады», – дейді ол.

Әсет сирек тиындарды іздеу үшін бірнеше жолды қолданады. Егер жаңа тиын айналымға шыққан кезде үлгерсе, банктен сатып алады. Ал банктегі қоры таусылса, алыпсатарлардан немесе арнайы коллекционерлер чаттарынан іздейді. Қазақстанда нумизматиканы серік еткен адамдар аз емес. Олардың өзара тәжірибе алмасып, тиын сатып алып, сататын арнайы ортасы қалыптасқан. Жабық чаттарда аукциондар мен сауда-саттықтар да ұйымдастырылады.

«ТЕҢГЕ – ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ НЫШАНЫ»

Әсет үшін Қазақстанның ұлттық валютасы – жай ғана төлем құралы емес, ел тарихы мен мәдениетін танытатын құндылық.

«Қазақстанның ұлттық валютасы – Тәуелсіздігіміздің нышаны. Себебі көптеген ел біз сияқты төл валютасымен мақтана алмайды. Қазақстан теңгелерінің дизайны ерекше, ұлттық нақышта жасалған. Ақшаларымыздан салт-дәстүріміз бен көшпенділік тарихымыздың ізін байқауға болады», – дейді ол.

Коллекционердің айтуынша, Қазақстанда шығарылған тиындардың арасында ұлттық құндылықтарды дәріптейтін сериялар ерекше орын алады. Соның бірі – «Салт-дәстүр, әдет-ғұрып және ұлттық ойындар» сериясы. Бұл топтамада тұсаукесер, бата, қырқынан шығару, сүндет той, тоғызқұмалақ, қыз қуу секілді қазақ халқының салт-дәстүрі мен ұлттық ойындары бейнеленген тиындар бар.

Әсеттің пікірінше, мұндай ақшалар – ұлттық мәдениетімізді насихаттаудың бір жолы. Қазақстан тиындарына шетелдік коллекционерлер де қызығушылық танытады. Мәселен, Ресейдегі нумизматтар арасында да қазақстандық ақшаларды жинайтындар бар.

ТИЫН ЖИНАУ – ХОББИ МЕ, ӘЛДЕ ТАБЫС КӨЗІ МЕ?

Әсет үшін нумизматика – ең алдымен сүйікті ісі. Ол коллекциясындағы артық тиындарын сатып, орнына өзінде жоқ үлгілерді алатын кездері болмаса, бұл істі тұрақты табыс көзіне айналдыруды мақсат етпейді. Коллекционердің айтуынша, тиынның құнына оның сиректігімен қатар сақталу жағдайы да әсер етеді. Уақыт өте келе бағасы өсуі үшін ақшаны бастапқы қалпында сақтау маңызды.

«Коллекциялық тиындардың құны артуы үшін оларды мінсіз күйінде сақтау қажет. Қолмен ұстамай, бетін сырып алмауға тырысып, ұқыпты қарау керек. Қысқасы, мәпелеп ұстаған жөн. Кез келген қағаз ақша мен тиын сақталу жағдайына қарай бағаланады. Егер тозып кетсе, құны да төмендейді», - дейді ол.

Ал тиын жинауды енді бастағысы келетін жандарға Әсет бірден қымбат үлгілерге қызықпай, қарапайым әрі қолжетімді тиындардан бастауды ұсынады.

«Ең алдымен арзандарынан бастаған жөн. Сонда қалтаға ауырлық түспейді. Кейін біртіндеп коллекцияны толықтыруға болады. Мысалы, менің алдағы жоспарым – жинағымды одан әрі көбейтіп, өзімде жоқ тиындарды табу», - деп түйіндеді коллекционер.

Гүлбаршын Нұрхан

«Адырна»

Comments
Other materials