Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру өзге тілдерге қарсы шығу дегенді білдірмейді.
Керісінше, қазақ тілінің қоғамдық өмірдегі орнын нығайтып, басқа тілдерге құрметпен қарау – тіл саясатының негізгі ұстанымы болуы керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Х съезде айтқан осы және өзге де маңызды ойлары әлеуметтік желіде қызу талқыланып, бірқатар қазақстандықтың қолдауына ие болды. Әсіресе қазақ тілінің табиғи болмысын сақтау, ұлттық терминологияны жүйелеу және тілдік ортадағы араздыққа жол бермеу мәселелері көпшіліктің назарын аударды.
Мемлекеттік тілдің мәртебесі – қоғамның ортақ жауапкершілігі
Мемлекет басшысының Х съездегі сөзінде көтерілген маңызды мәселелердің бірі – қазақ тілін дамыту мен өзге тілдерге құрмет көрсету арасындағы тепе-теңдікті сақтау.
Бұл – қоғам үшін маңызды тақырып. Себебі мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселесі кейде басқа тілдерге қарсы көзқараспен шатастырылып жатады. Ал шын мәнінде, қазақ тілінің дамуы мен Қазақстандағы өзге тілдердің қолданылуы бір-біріне қайшы келмеуі керек.
Осы ұстанымды қолдаған пікірлердің бірі Qazaqstan Ұлттық телеарнасының Facebook желісіндегі жарияланымында көрініс тапқан.
Мемлекет басшысы айтқандай, ана тілімізді өзге тілдерге қарсы қоюға болмайды. Әр тіл өз алдына байлық. Дегенмен, мемлекеттік тілдің мәртебесі биік болуы тиіс. Өзге тілді құрметтей отырып, ана тілімізді ардақтау әрбір азаматтың парызы! – деп жазған желі қолданушысы.

Бұл пікірде тіл мәселесінің екі маңызды қыры қатар қамтылған. Біріншісі – мемлекеттік тілдің мәртебесін мойындау, екіншісі – тілдік әралуандылыққа құрметпен қарау.
Шын мәнінде, қазақ тілін дамыту тек белгілі бір мекеменің немесе мемлекеттік органның міндеті емес. Ол күнделікті қарым-қатынаста, қызмет көрсету саласында, білім беру жүйесінде, ақпарат кеңістігінде және цифрлық ортада жүзеге асуы қажет. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін оның қоғамдық өмірдегі қажеттілігін арттыру маңызды.
Тіл мәселесі – қоғамды біріктіретін фактор
Әлеуметтік желідегі пікірлерден байқалатын тағы бір маңызды бағыт – тіл мәселесінде араздық туғызбай, ортақ түсіністік қалыптастыру қажеттігі.
ARA-Media жарияланымында Мемлекет басшысының тілдік жанжалдарды қоздыруға жол бермеу, «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтау және қазақ тілі мен өзге тілдердің бейбіт қатар өмір сүруі туралы ұстанымдарына назар аударылған.
Желі қолданушыларының бірі: «Өте дұрыс айтты. Мемлекеттік тіл біреу ғана, сол тілде қызмет көрсетпегендер… Қазақ тіліне сөз тигізгендер түгел жазалануы керек», – деген пікір қалдырған.

Бұл пікірден мемлекеттік тілге деген қоғамдық талаптың жоғары екенін аңғаруға болады. Дегенмен тіл мәселесін талқылағанда заңдылық пен өзара құрмет қағидаттарын қатар ұстанудың маңызы зор. Мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғау азаматтардың құқықтарын құрметтеумен және қоғамдағы келісімді сақтаумен үйлесуі тиіс.
Өйткені тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, қоғамның мәдени және рухани тұтастығын қалыптастыратын маңызды фактор. Сондықтан оны дамытуға бағытталған бастамалар қоғамды бөлмей, керісінше, біріктіруге қызмет етуі керек.
Мемлекеттік тілді дамыту және тілдік араздыққа жол бермеу
«Ақпарат Атаманы» TikTok парақшасында блогер Айғали Тойжан да Мемлекет басшысының тіл саясатына қатысты ұстанымын қолдаған. Ол мемлекеттік тілдің басымдығын қамтамасыз ету, ұлтаралық араздықты қоздыруға жол бермеу және қазақ тілінің табиғи болмысына сай келмейтін арабтандыру үрдісіне қатысты мәселелерге назар аударған.

Бұл ұстаным мемлекеттік тілді дамыту ісінде қоғамдық келісім мен ұлттық құндылықтарды қатар ұстанудың маңызын көрсетеді. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру оның табиғи ерекшелігін сақтау, тілдік мәдениетті жетілдіру және қоғамда өзара құрмет қалыптастырумен тығыз байланысты.

Қазақ тілінің табиғи болмысын сақтау неге маңызды?
Президент сөзінде көтерілген тағы бір өзекті мәселе – қазақ тілінің өзіндік ерекшелігін сақтау, ұлттық лексиканы орынды пайдалану және тілдік нормаларды жүйелеу.
Бұл тақырып Zhaniya, qaramedia_kz, syrmedia.news және pikirmedia.kz платформаларындағы жарияланымдарда да кеңінен қозғалған.
Атап айтқанда, қазақ тіліндегі сөздерді негізсіз алмастыру, жасанды аудармалар жасау, тілдік дәстүрге сай келмейтін терминдерді енгізу мәселелеріне назар аударылған. Сондай-ақ ұлттық терминологияны біріздендіру, сөздердің жазылуы мен қолданылуындағы ала-құлалықты жою қажеттігі айтылған.
Желі қолданушыларының бірі: «Тоқаев дұрыс айтып жатыр – қылтима сөзіне деген қазақ тіліне жат сөздер. Қолдан жасалған ондай сөздер сөйлесуге келмейді. Шет тілден келген атаулар сол қалпында қала беру керек», – деп пікір білдірген.

Қазақ тілінің табиғи дамуы үшін оның сөздік қорын байыту ғана емес, қолданыстағы сөздердің мағынасын, шығу төркінін және тілдік нормаларға сәйкестігін ескеру де маңызды. Кез келген жаңа термин немесе аударма тілдің ішкі заңдылықтарына сай болуы керек.
Бұл ретте ұлттық терминологияны жүйелеу – тек филологтардың жұмысы емес. Оған журналистер, аудармашылар, редакторлар, ғалымдар мен цифрлық технология мамандары да атсалысуы қажет.
Өйткені сапасыз аударма мен бірізділігі жоқ терминдер ақпаратты қабылдауды қиындатып қана қоймай, тіл мәдениетіне де әсер етеді.
Қазақ тілін цифрлық дәуірге бейімдеу қажет
Тілдің болашағы оның күнделікті қолданысымен ғана емес, заманауи технологиялардағы мүмкіндіктерімен де өлшенеді.
Осы тұрғыдан алғанда, қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі әлеуетін арттыру мәселесі ерекше маңызға ие. Президент көтерген тілдік нормаларды жүйелеу және заманауи цифрлық құралдарды дамыту бастамалары қазақ тілінің жаңа технологиялармен қатар дамуына жол ашуы мүмкін.
Бүгінде тілдік қорды жүйелеу, сөздердің дұрыс жазылуы мен қолданылуын біріздендіру, сапалы аударма құралдарын жетілдіру – өзекті міндеттердің бірі.
Бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізілсе, қазақ тілінің білім беру, ғылым, медиа және технология салаларындағы мүмкіндігі де кеңейе түседі.
Әсіресе жасанды интеллект дамыған кезеңде қазақ тіліндегі сапалы деректер базасын қалыптастыру, ұлттық терминологияны реттеу және тілдік ресурстарды цифрландырудың маңызы арта береді.
Әлеуметтік желідегі қолдау нені аңғартады?
Президенттің Х съездегі сөзінен кейін жарияланған материалдар мен оларға жазылған пікірлерді шолу қоғамда мемлекеттік тілдің мәртебесі, тілдік мәдениет және ұлттық бірегейлік мәселелеріне қызығушылық бар екенін көрсетеді.
Мәселен, Zhaniya парақшасындағы жарияланымға желі қолданушыларының бірі «Ел басымыз дұрыс айтты» деп жазса, екіншісі «президент мырза дұрыс айтып жатыр» деген пікір қалдырған.

Ал syrmedia.news жарияланымындағы пікірлердің бірінде Саят Нұржауов есімді қолданушы Мемлекет басшысының сөзімен келісетінін атап өткен.
Президентіміз айтып отырған мәселе өте орынды, – деп жазды ол.
Тағы бір қолданушы: «ПРЕЗИДЕНТ МЫРЗАНЫ ҚОЛДАЙМЫЗ. ӨТЕ ДҰРЫС. МӘСЕЛЕ КӨТЕРІЛІП ОТЫР», – деп жазған.Бұл пікірлерде тіл мәселесінің қоғам үшін маңыздылығы мен мемлекеттік тілге деген құрмет айқын байқалады.

Дегенмен әлеуметтік желідегі жекелеген пікірлерді бүкіл қоғамның көзқарасы деп қабылдауға болмайды. Олар – жарияланымдарға үн қосқан қолданушылардың жеке ұстанымдары. Соған қарамастан, талқылауда қайталанған тақырыптар қазақ тілінің мәртебесі, оның табиғи болмысы мен тілдік мәдениетті сақтау мәселелерінің өзектілігін аңғартады.
Түйіндеп айтар болсақ, қазақ тілінің дамуы – бір күндік науқан немесе жекелеген бастамамен шектелетін міндет емес. Ол жүйелі саясатты, сапалы білімді, сауатты аударманы, бірізді терминологияны және қоғамның күнделікті қолданысын қажет етеді. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру өзге тілдерді кемсіту арқылы емес, қазақ тілінің мүмкіндігін кеңейту, оны өмірдің барлық саласында қажетті әрі қолайлы тілге айналдыру арқылы жүзеге асуы тиіс.
Президент көтерген мәселелердің маңызы да осында: қазақ тілін құрметтеу – ұлттық болмысты сақтау ғана емес, қоғамның ортақ жауапкершілігін қалыптастыру.
