Санкт-Петербургте көлік жарылып, Ресей армиясының полковнигі қаза тапты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі lenta.ru-ға сілтеме жасап.
Оқиға 12 қараша күні таңертең Шушары кентіндегі Славянка шағын ауданында болған. Сағат 07:00 шамасында Колпино тасжолында Ресей полковнигі басқарған автокөлік жарылған.
78.ru телеарнасының мәліметінше, қаза тапқан әскери қызметкер Әскери-әуе күштері мен әуе қорғанысы 6-армиясының бас штурманы қызметін атқарған. Оның аты-жөні әзірге жарияланған жоқ.
Алдын ала мәлімет бойынша, белгісіз біреулер көліктің астыңғы бөлігіне жарылғыш құрылғы бекіткен. Әскери қызметкер ауладан шығып бара жатқан кезде бомба қашықтан іске қосылған.
Жарылыс тұрғын үйлердің жанындағы автотұрақта, «Лента» дүкені мен жанармай құю бекетіне жақын жерде болған. Оқиға орнына өрт сөндірушілер жетіп, Колпино тасжолындағы көлік қозғалысы уақытша тоқтатылған.
Бастапқыда полковникпен бірге көлікте оның туысы болғаны хабарланған. Алайда кейін офицердің көлікте жалғыз отырғаны анықталды. Мұны бейнебақылау камераларының жазбалары растаған. Әскери қызметкерді өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Mash на Мойке» Telegram-арнасының хабарлауынша, қазіргі жарылыс болған жер 2026 жылғы 27 тамызда тағы бір көлік жарылған аумақтан шамамен 500 метр қашықтықта орналасқан. Сол кезде автокөлікте Ресей армиясының подполковнигі мен оның жұбайы болған. Әскери қызметкер оқиға орнында қаза тауып, әйелі жансақтау бөліміне жеткізілген.
БАҚ мәліметінше, қаза тапқан офицер де Әскери-әуе күштері мен әуе қорғанысы әскерлерінде қызмет еткен. Ол оқиға кезінде де қолдан жасалған жарылғыш құрылғы көлікке бекітіліп, қашықтан іске қосылған.
Славянка шағын ауданы 2010 жылдары салынған. Ресей Қорғаныс министрлігі мұнда келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметкерлер мен запасқа шығарылатын офицерлер үшін пәтерлер сатып алған. Тұрғын үй негізінен капитан, майор, подполковник және полковник секілді орта және жоғары буын командирлеріне, сондай-ақ прапорщиктер мен сержанттарға берілген.
