Президент Тоқаев қазақ тіліндегі кейбір сөздердің аудармасына күмән келтірді

177
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/1ejVWRlbtInPd575pFaLKeZ1tNM5mslWP4oNqc5n.jpg

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінде пайда болған кейбір жасанды сөздердің қолданысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Мемлекет басшысы олардың бірқатарының қажеттілігі күмән тудыратынын айтып, тілдік нормаларды реттеу мәселесіне назар аударды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының X съезінде сөйлеген сөзінде тілдік жаңашылдықта шектен шықпау керектігін атап өтті.

«Күйсандық» (пианино), «қылтима» (балкон), «субұрқақ» (фонтан), «себезгі» (душ), «қырыққабат» (капуста), «үнқағаз» (газет), «жеделсаты» (лифт), «желкөз» (форточка) сияқты жасанды сөздердің пайда болуы күмән тудырады. Барлық нәрседе шама болуы керек», – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары күнделікті қолданысқа кеңінен енген бірқатар қазақша сөзді атап өтті. Олардың қатарында «жанармай», «ғаламтор», «тікұшақ», «пайыз», «тұжырымдама», «қағидат», «жоспар» және «ғарыш» сөздері бар.

Президент діни ұғымдарға қатысты дәстүрлі қазақ сөздерін араб тілінен енген баламалармен алмастыру үрдісіне де тоқталды. Оның айтуынша, мұндай өзгерістердің қажеттілігіне қатысты сұрақтар бар. Осы мәселені жан-жақты зерделеу үшін тіл мамандары, сарапшылар мен қоғам өкілдерінен арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды. Оның жұмысын Мемлекет басшысының Әкімшілігі үйлестіреді.

Бұдан бөлек, Президент тіл білімі саласында бірыңғай әрі баршаға қолжетімді цифрлық жүйе әзірлеу және орфографиялық сөздікті қоса алғанда, барлық сөздікті жаңарту қажеттігін айтты.

Мемлекет басшысының сөзінше, қазақ тілінің орфографиялық нормаларын 2027 жылдың соңына дейін біріздендіру қажет. Ол ресми бекітілген орфографиялық сөздік 1983 жылы жарық көргенін, ал кейінгі нұсқалары мемлекеттік деңгейде мақұлданбағанын еске салды.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев тіл мәселесін қоғамда алауыздық туғызу үшін пайдалануға болмайтынын ескертті. Мемлекеттік тіл ел бірлігін нығайтудың негізгі факторларының бірі болуы керек. Алайда қазақ тілін дамыту өзге тілдердің дамуына кедергі келтірмеуге тиіс.

«Бір тілді екінші тілге қарсы қоюға болмайды. Бұл – үлкен күнә. Оның зардабын өз көзімізбен көріп отырмыз», – деп атап өтті Президент.

Comments